Аймақтар • 09 Ақпан, 2018

Әулиеата өңірінің әлеуеті айтарлықтай

566 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыл аяқталып, он екі айдың соңғы күні тәмамдалған тұста өңірлердің көрсеткіші шығып, өзекті мәселелері сараланады. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштің маңызы зор. Ал оң нәтиженің қай кезде де өңір үшін өрге бастайтын жол екені белгілі.  

Әулиеата өңірінің әлеуеті айтарлықтай

Ілкімділік – ілгерілеу кепілі, дегенмен кейбір аудандарда оң нәтижелердің болмай жататыны бар. Аудан әкімдері есеп бергенде қағаз бойынша бәрі дұрыс, пайыз бойынша жоғары, бірақ расында да солай ма? Көп жағдайда сол жердегі шешілмей жатқан мәселені айтудан гөрі, құжат жү­зінде есеп бергенді дұрыс са­най­мыз. Елбасы өзінің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­­дауында әсіресе өнер­кәсіп са­­ласын дамытудың маңыз­ды­лы­ғын атап өткен болатын. Өнер­кә­сіп арқылы экономика дамыса, әлеу­еттің де арта түсетіні сөзсіз.
 Жамбыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қармасының мәліме­тін­ше, облыс­тың өткен жылғы әлеумет­тік-эко­номикалық дамуы нәтижелі. Тараз қаласы мен өзге 7 ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,8 пайызға артса, Жамбыл және Шу аудандарында көрсеткіш сол қалпы. Ал Меркі ауданында өндіріс көлемі төмендеген. Жалпы, аталған ауданның қант қызыл­шасын өңдеумен, сондай-ақ «Меркі Ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы Иран мемлекетіне, Бахрейн ко­ро­ль­дігіне тонналап экспортқа ет жіберумен аты шыққан. Бұл рет­­те ауданның көрсеткішін жо­­ға­ры деңгейде бағалауға да нег­із бар еді. Алайда осы аудан­да өндіріс көлемінің төмен­де­ге­нін аталған басқарма басшы­сы Гүлдана Жауынбекова «Орта­лық Азия Қант корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігінің Меркі филиалында пеш­­терді жөндеу жұмыстарының жүр­­гізілуімен түсіндіріп отыр. 

Ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы өсім көлемі Шу, Т.Рысқұлов және Қордай ауданда­рында бай­қалады. Мәселен, ет, сүт, жұ­мыртқа, жүн өндіру көлемі ұл­ғай­ған. Сонымен қатар масақты дән­ді дақылдардың да 2016 жылмен са­лыстырғанда 34 мың тоннаға ар­тық жиналғанын айта кету керек. 
 Соңғы жылдары өңірде құрылыс қарқын ала бастады. Мәселен, Астана күніне орай Тараз қаласындағы «Арай» ша­ғын ауданында бой көтерген пә­тер­лерден 800 отбасының, ал Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Қарасу» алқабында бой көтерген 80 пәтерлі үйдің берілуі де осыны көрсетеді. Сонымен қатар ау­дан­дарда да өткен жылы 33 бала­бақша мен 4 шағын орталық пай­далануға берілген. Алайда Т.Рысқұлов ауданында құрылыс қарқыны төмен болып тұр.

Әулиеатаның әлеуметтік те, экономикалық та әлеуеті жақсы. Өткен жылғы есепті кезеңде бюд­жеттің кіріс бөлігі 241 миллиард теңгені құраған. Солай болғанымен, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында әлі де 5 мектеп апатты жағдайда, ал 3 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп келеді. Бұл жерде балалардың дұрыс білім алуы да күмән тудырады. Себебі апатты жағдайдағы мектептің қай күні, қай сағатқа дейін шыдас беретіні беймәлім. Облысты өркендету үшін бюджеттен қыруар қаражат бөліп, құрылыс жүргізіп жатқанда білім ошақтарына да назар бұрғанымыз дұрыс шығар. 

Сондай-ақ өткен жылы облыс­та 14 ден­сау­лық сақтау ныса­ны­ның құрылысы жүр­гізілген. Бұл да елдің денсаулығының түзе­луіне, сырқаттың алдын алуға оң әсер етеді. Бүгінде халықтың ден­саулығы бір­қа­лыпты, өлім-жі­тім саны біршама төмендеді де­сек те, нашақорлық пен қан ай­на­лымы жүйесі ауруларына шал­дығу деңгейі өсіп тұр. Өткен жы­лы облыс көлемінде үш ана өлімі тіркелген. 

Былтырғымен салыстыру арқылы жа­сал­ған пайыздық өлшем бүгінде нақты атқарылған жұмыстардың есебіне кіріп бара жатқандай. Яғни 100 пайыздан асыра орындалған салада еш­қандай мәселе жоқ сияқты. Бірақ Жамбыл облысының әкі­мі Асқар Мырзахметов аудан әкім­дері мен басқарма басшыларын тыңдаған жиында өткен жыл­мен салыстырғанда жоғары көр­сет­кішке ие болғанды, 100 пайыздан асқанды жетістік деп қарауға бол­майтынын айтқан. Сөйтіп рес­публикалық көрсеткіштен бө­лек, облыстың көрсеткішін жасау­ды тапсырған. Бәлкім ал­да­ғы уақыттарда өнеркәсіп өн­дірісі төмендеген ауданда да, құ­ры­лы­сы қарқын ала алмай отырған ау­данда да, тіпті апатты мектептер орналасқан аудандарда да аталған мәселелер шешімін тауып, көрсеткішке ғана емес, нақты нәтижеге де жұмыс істейтін күн туар.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы