Медицина • 09 Ақпан, 2018

Азық-түлік қауіпсіздігі қаншалықты ескеріледі?

727 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күнделікті тұтынып жүрген тағамы­мыз қаншалықты қауіпсіз? Қазір бұл сауалға жауап берерде қай-қай­сы­мыз да күмілжіп, кі­бір­тіктеп қала­ты­ны­мыз белгілі. Өйткені шынайы та­биғи өнім­дер­дің бағасы өте қымбат, сон­дық­тан да баламасы нарықта кеңі­нен та­ралады. Яғни, бірінші кезекте адам денсаулығы емес, қал­та қампайтар табыс жағы қаралатыны белгілі. Сон­дық­тан нарықтағы тағам өнім­де­рі­нің қауіпсіздігін тексеру өте ма­­ңызды.

Азық-түлік қауіпсіздігі қаншалықты ескеріледі?

Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жақында ет және сүт өнімдерін тексеруден өткізген болатын. Басқарманың тексеріс нәтижелері туралы баяндамасына зер салсақ, іріктеліп алынған 3237 азық-түлік өніміне зерттеу жұмыстары жүр­гізілген екен. Соның нәтижесінде 670 сынама, яғни 17 пайызы Еуразиялық эконо­ми­к­алық одақтың техникалық талаптарына сәй­кес келмегені анықталды. Өйткені өнімнің негізгі бөлігін құрайтын 299 сынамада (45 пайызы) таңбалау бойынша белгіленген регламенттер сақталмаған. Атап айтқанда, өнімдердің шығу күні, сақтау мерзімі, сақталу жағдайы туралы ақпараттар мемлекеттік тілге аударылмаған және Кеден одағына мүше мемлекеттер нарығындағы бірыңғай белгі хабарламасы мүлде болмаған. Сонымен қатар микробиологиялық көрсеткіштер бойынша ішек таяқшасы бактериялар тобының болуы, яғни бактериялық жалпы таралымның жоғарылығы 37 пайызды (251сынама) құраса, санитарлық химиялық көрсеткіштер бойынша 5 пайызды (33 сынама) құраған. Сондай-ақ тұтынушыны алдау факторы кездеспей қалмады. Мәселен, шошқа ДНК-сы немесе соя, ГМО белгілері бар өнімдер 13 пайызды (87 сынама) құрады. Бұл көбінесе шұжық тағамдары мен консервіленген өнімдерден анық­талған. Аталған өнімдердің анық­та­масын дұрыс көрсетпеу де тұтынушы нарық үшін қандай келеңсіздіктердің орын алғанын көрсетеді. Осыған орай 66 жоспардан тыс және 8 кезекті тексеру өткізілгенін айта кету керек. Зертханалық жұмыс нәтижелері не­гізінде сәйкес келмеген деректер бойынша барлығы 76 ұйғарым беріліп, 62 айыппұл са­лынды. 

Талапқа сай келмейтін өнім­дер сауда орталықтарынан тыс қоғамдық тамақтану орын­да­рында да байқалды. Мәсе­лен, қаладағы үш жерде орналасқан «Қағанат» асханалар желісі қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын санитарлық-гигиеналық және эпидемиологиялық талаптарға сай болмай шықты. Әрине, белгілі уақыт аралығында қоғамдық асхана бұл кемшілікті түзеді.

«2017 жылдың қазан айында «Қағанат» асханасынан 15 сынама алынды. Соның ішінде 6 сынама санитарлық-эпидемиологиялық та­лапқа сай болмай шықты. Бұл тағам дайын­дайтын өнімдер мен ыдыстардан табыл­ған болатын. Сондықтан асханаларымыз бұл кемшіліктерді жойып, 2018 жылғы 15 қаң­тардан бастап қайта жұмыс істей бас­тады. Қазір барлығы санитарлық-гигие­на­лық талаптарға сай. Біз үшін халықтың ден­саулығы басты орында», дейді «Қағанат» асхана желісінің басқарушы директоры Ләйла Қозыбаева.

Мемлекеттің басты байлығы – адам. Халық денсаулығын сақтау және дұрыс өнім ұсына білу – әр кәсіпкердің жеке жауапкершілігі. Бұл ретте қоғамдық тамақтану орындары мен азық-түлік өнім­дері нарығын мемлекеттік тұрғы­дан қадағалау мен реттеуге әр азамат сергек көзқарас таныта білсе, жауапкершілік те жоғарылай бермек.

Айжамал КӨПЕЕВА