Тарих • 11 Ақпан, 2018

Чернобыль жарасы жазылған жоқ

765 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1986 жылы Чернобыль атом электр стансасында апатты жарылыс болып, мұқым адамзатқа қауіп төндіретін экологиялық қатер орын алған еді. Бұрынғы Кеңес одағы тарихында қаралы күн болып қалған осы оқиғаның салдары көптеген адамның тағдырына тегеурінді із тастап кетті.

Чернобыль жарасы жазылған жоқ

Сол тұста атом электр стансасындағы апатты жоюға алып державаның түкпір-түкпірінен еріктілер мен жұмысшы жасақтар легі ағылып келіп жатты. Ал қуатты изотоптардан бөлінген қатерлі сәуле ауаға жылдам тарап, қоршаған ортаны улап, тұрғындар мен құтқарушылардың денсаулығына орасан зиян тигізді. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, Чернобыль апатының жүректерге салған жарасы жазылған жоқ. Әсіресе, апатты аймақта болған адамдардың саны жыл сайын азайып бар жатқаны қасіретті шындық...

Чернобыль атом электр стансасындағы құтқару жұмыстарына Қазақстаннан 32 мыңнан астам адам қатысқан екен. Ал олардың арасында Алматы облысынан 2 мыңнан астам азамат болған. Өкініштісі, бүгінде сол тізімдегі адамдардың дені түрлі сырқаттан көз жұмған, қазір облыста 602 азамат тұрып жатыр.

Жақында Талдықорған қаласында Чернобыль апаты құрбандарын еске алуға және Алматы облыстық «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 25 жыл толуына орай «Ерлікке тағзым» атты салтанатты жиын өтті. Жиналғандар құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, орасан апаттың салдарын жоюға қатысқандарға тағзым етті. Осы шарада сөз алған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов:

- Чернобыль апаты бүкіл әлемге атом энергиясының бақылаудан шығып кетсе қандай күйге ұшыратынын көрсетіп берді. Сонымен қатар бұл қайғылы оқиға өз өмірлерін аямастан апаттың зардабын жоюға атсалысқан адамдардың ерік-жігері мен батырлық үлгісін де таныта алды, -деді.

Салтанатты шара марапаттау рәсімімен жалғасып, тиісті марапаттар табысталды.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы