Қазақстан • 12 Ақпан, 2018

Домбыра үні һәм қазақтың ұяты

1571 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бұл мақала газеттің «Сөз төркіні» айдары аясында жыл басынан бері жарияланып келе жатқан қазақ классикалық әндерінің бүгінгі күнгі проблемалары жайлы мақаланың жалғасы іспетті. Анықтап айтсақ, онда негізінен мәтіннің жұмбақталуы жайында жазғанбыз. Ендігі сөз әуен, үннің жұмбақталуы жағына ойысты. 

Домбыра үні һәм қазақтың ұяты

Белгілі қоғам қайраткері әрі музыкатанушы, композитор Хасен Қожа-Ахмет өзінің «Қазақ әндері қалай космополиттенді?» деген еңбегінде: «Кезінде А.За­таевичтiң «Қазақ халқы­ның 1000 әнi» жинағымен таныс­қан Еуропа зиялылары (Луи Арагон): – «Осыншама музы­калық қазына Еуропадағы он халықты қосқанда да табылмайды!» – деп таңғалды емес пе?!» деп жазады. Расында солай. Ал, одан да ғажабы сол 1000 әнде 1000 тағдыр бар еді...

Иә, әрқайсысының тарихы, шынайы өмірде болған оқиғасы бар-тұғын. Әуен сол оқиға, сол тағ­дырдан туған. Бүгінгідей тү­ні­мен күйсандыққа отырып одан-бұдан жұлмалап, екі так­тының арасынан аспайтын ит ырғылжың ырғақ емес еді ол әуен! Ең алдымен жүрек тол­қытып, сезім тербеген, жалыны жанды қинаған әлдебір оқиға бастан өтіп, сол себепті жан мен үннің үйлесімінен әуен шы­ғып, оған көңілдегі сүбелі сөз қосы­лып, ол тоғыз перне қос ішек­пен әдіптеле әуелегенде жансусар жаңа ән келетін өмірге. Тағ­дырлы ән! Ал оның тарихын да, сөзін де, тағдырын да былай қайы­ра тұрып тек үні жайлы айтайықшы.

Біз жаңалық ашып отырған жоқпыз, үннің адамның жан дүниесінен, болмысынан хабар беріп тұратынын ғылым дәлелдеген. Тіпті, «үн – адамның жан дүниесінің айнасы» деп те жатады. Қазақ әнінің біз бойлай бер­мейтін иірімі, тамсандырып қана қоятын тәтті тұсының бір құпиясы осы үнде жатса керек.

«Ұйықтап жатқан жүректі

ән оятар,

Үннің тәтті оралған

мәні оятар»

деді Абай дана. Демек ойлы құлақ тыңдарман сөздің мәні былай тұрсын, үннің мәніне бой­лайды екен. Үннің мәнінен оянады екен көңілі! Бұл сірә, қан­дай үн? Мұны бір ауыз сөз­бен түсіндіру мүмкін емес, әри­не. Мы­надай бір оқиға еске түседі.

Бірде студенттермен шығар­машылық кездесу барысында кинорежиссер Дәрежан Өмір­баев «Кардиограмма» филь­мін­дегі Жасұланның анасы рөліндегі актрисаны қалай кез­дес­тіргенін баяндап бергені туралы белгілі кинотанушы Нәзира Рахманқызы жазып еді.

Баласын ұрып, ұрыспай-ақ, үнсіз қарым-қатынаспен үндестік тауып қолқанат қылып жұмсап, аз-кем мейірін төгіп еркелетіп те отыратын баяғы әжелердің болмысын көрсете алатын актриса іздеп жүрген ғой. Бір күні вокзалдың күту за­лында отырған режиссер кенет ту сыртынан естілген әйелдің даусына құлақ түреді. Жүзін, түр-тұлғасын көрмеген қалпы, әлгі рөлді осы адам алып шыға алады деп іштей қатты қуанып кеткен екен. «Бейтаныс әйелдің ерекше мейірімге толы үнінен әжемнің болмысы елестеп ерекше күй кештім» деген екен режиссер.

Сөйтіп, үнінен өзі көрініп тұрған әйелге бұрылады. Ба­сында орамалы бар, ауылдың қа­рапайым әйелі екен. Бей­таныс еркектің ки­но­ға түсу жайлы ұсы­нысын есті­генде «ойбай, он­дайым жоқ» деп ат-то­нын ала қа­шады. Режиссер ақы­ры түсіндіріп, сол әйел «Кар­диограмма» фильмінде ана­­ның рөлін сомдайды. Көрген адам білер, керемет сомдайды. Көп сөз де жоқ. Әшейін бар ма, жоқ­тың айналасында үш-төрт-ақ рет сөйлейді, болды. Бірақ болмысындағы ғажайып терең­дік экранда қапысыз көрініс тауып, көрерменін өзіне ерекше тартады. Бұл не сонда? Үн оның қандай адам екендігінің белгісі екен. Режиссер түсіремін деп армандаған адамның ішкі әлемін үнінен көріп тұр...

Ән туралы, Абай атамыз айтқан «үннің мәні» туралы ойланып жүргенімде осы оқи­ға ойыма қайта-қайта келе бе­реді. Кейін бір бағдарламада сөйлеген әйгілі диктор Сауық Жақанова апамыздың «мен кісінің кісілігін бір-екі ауыз сөй­легенде үнінен аңғара аламын» деген мазмұндағы сөзін естіп, бір-бірімен қабысып жататын үн мен болмыс туралы ойымды онан сайын нықтай түсіп едім. Радиода ұзақ жылдар дауыстап шығарма оқыған адам шығармадағы небір жағымды, жағымсыз кейіпкерлер образын үнмен бейнелеп, кейін түйсігі әр қандай үндерден адам мінезін тап басып танитын тереңдікке ұласып кете барса керек.

Ендеше шынайы өмір­де болған оқиғалар себебі­нен өмірге ән әкелген бабала­рымыздың болмысы сол клас­си­калық әндеріміздің сазы арқылы жетіпті-ау бізге! Ол үнде олардың жан дүниесі, кісі­лік болмысы жатыр екен ғой! Ғажайып күйші Секен Тұрыс­беков қайталап айта беретін Мұхтар Әуезов атамыздың «қа­зақтың ұяты күйінде ғана қалды» деген сөзінің астар-мәні енді енді түсінікті болғандай. Болмысындағы тереңдік – адамның ішкі үні. Ол тіпті денеден шықты не, домбырадан шықты не, бәрібір екен. Күй адамның ішкі үнін, болмысын домбыраның мүмкіндігі арқылы жеткізу екен ғой. Осы жерде Қадыр Мырза Әлінің бүкіл алаш жатқа айтатын «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра» деген сөзі ғұлама Әуезовтің ойымен дәлме-дәл түседі. Тіпті Қадыр ақынның тұсындағы қазақ сол домбыра үніндегі болмысы бойындағы қазақ болатын болса онда ақын бұлай айтпас па еді деп те ойлайды екенсің. Осы тұрғыдан түсінсең бұл шумақ нағыз қазақтың асыл болмысы мен биік парасаты домбырада ғана қалды дегенді айтып, ол аса бір мақтанатындай да жағдай емес болып шығады. Шындығында да солай емес пе?

Ал, кеңес өкіметі кезінде қазақ­тың әсіресе шертпе күй­лерін бай-манаптың күй­лері деп қатты шектеуге ұшы­рат­қаны, домбырада саусақ басу­дың қазақы үлгісін өзгертіп жібергені туралы шертпе күйдің саңлағы Жанғали Жүзбай қолмен қойғандай жазып еді. Анығында бұл саусақ басудың өзгеруі күйдің болмысының өзгеруі еді. Онда жоғарыдағы қисынға салсақ бүгінгі домбы­раңыздың өзі нағыз қазақ болмай қалады. Шындығында бү­гінде күйдің ойы, философия­сы, қуаныш-қайғы, өкініш-мұңы секілді негізгі мәйегін ысыра тұрып қанша жылдам тартса сонша өтімді болады, танымал боламыз деген әуесқой күй­­шілердің әрекетінен-ақ көңілің құлазып сала береді. Сон­дықтан да «қазір күйді көз­бен тыңдайтын болдық» деп күйі­неді шын күйшілер. Иә, жылдам тартылатын күйлер бар, бұл жердегі әңгіме басқа. Жас музыкатанушы Рүстем Нұркен бүй дейді: «Музыка ғылы­мында «дыбыс идеалы» деген термин бар. Яғни, белгілі бір үнді ұлттық деп қабылдау. Қазақта ол – домбыраның қо­ңыр үні еді. Уақыт өте келе домбыраның ішегі балық аулайтын лескаға ауыстырылса да байырғы үнді сақтап қалғандай болдық. Жиырмасыншы ғасыр­дың аяғына дейін сақта­лып келгенімен, жаңа заманмен өзге мәдениеттің ықпалымен жаңа дыбыс та пайда болды. Бүгінгі қазақ ескіше тартатын күйшіні қабылдай алмайды. Өйткені жоғарыда айтылған «дыбыс идеалы» өзгерген. Эстраданың салдыр-гүрсіліне және күй өзінің негізгі мақсатынан айы­рылғаннан кейін осындай халге түстік. Ал, дыбыс идеалының өз­ге­руі – тұтас бір ұлттың өзін­дік болмысынан айырылу деген сөз». Міне, мә­селе қайда жа­тыр?

Тағы да Хасен Қожа-Ахмет­тің сөзіне жүгінсек: «Отар­шылдар қазақ әуенін бірте-бірте ассимиляциялап жоюды бөтен халықтар (не­гізі­нен, еуропалық) музыкасын шексіз мөлшерде насихаттап, қазақ санасына сіңдіру арқылы-ақ жүзеге асыру тәсілін таңдаған. Өкінішке қарай, сол мақсаттарына жетті де» деп жазған болатын.

Біз осылай өзіміздің асылымызды өзгенің жасығына айыр­бастадық. Керісінше дәл қа­зіргі уақытта біз беріле тың­дап, құты­рына билеп жүр­ген жасанды музыкадан жалыққан Еуро­па елдері өзде­рінің бұрынғы табиғи музыкасын қайта іздеп, соның сорабын сақтауға тырысып жатыр. Мұны музыка маманы, мәдениеттанушылар індете зерттесе талай дүниенің сыры ашылады. Кейінгі кезде небір шетелдік, әсіресе жапондық қыз-жігіттердің қазақ музыкасына қызығып, әнін айтып, күйін шертуге құмартқаны жөнінде көптеген ақпараттар шыға бастады. Ол баланың қарны ашқанда ойыншығынан жалыққаны секілді шын мәніндегі рухани азыққа ашыққаны. Ұлы даланың, көшпенді халықтың мирасқоры ретінде біздің табиғи музыкамызға табиғи азық-түлікке ұмтылғандай ұмты­латын күн келеді әлі. Талауға, ұрлауға көшеді. Мұндай ұят сіңген, ар мен сүйіспеншілік қатар өрілген, намыс пен рух қайнап жатқан табиғи «өнімді» Ұлы даланы ат тұяғымен кешіп, аң мен құстың, табиғаттың тілін білген даладай халық қана тудыра алады. Ал, біз шетелден қонақтар келсе, өзінің операсын көрсетіп, екі-үш классикалық әндердің жылдамырақ айтатын орындаушысын шақырып әннің бір-бір шумағын айтқызып бет сипаймыз, болды. Егер Еуропаға қонаққа барсақ, олар Ақанның «Маңмаңгерін» айтса көңілге демесең, оны Ерлан Рысқалидың айтқанының жанында күлкілі болып шықпай ма? Сондықтан оларға өз дүние­мізді деңгейінде көрсете білсек сол таңсық еді-ау. Баяғы сол қу құлдық сана...

Иә, бүгін бізде елді қалай еліктіреміз деген бір ғана мақ­сатқа ұлттық музыканы құр­бандыққа шалу науқаны жаппай жүруде. «Бір халықты жаулау үшін бірінші музыкасына қара. Құтырынып, билетуге ғана бейім болып тұрса ол халықты жау­лау қиын емес, тыңдаған жұрт жыламсырап тұрса, ол елді де жаулау қиын емес, егер музыкасы тыңдағанда ойға жетелейтін ел болса, оны жаулау өте қиын» деген Конфуций қағидасы музыкасы арқылы ұлтын танудың формуласы секілді. Ал, енді ұлы даланы қорғап келген бабаларымыздың бол­мысын танытар осынау ғажайып құндылығымыздың бүгінгі күйін жан күйдірер күйік­ті халге түсірдік. Бұл әри­не, Конфуций айтқан халдегі өзіміздің де күйіміз. Экрандағы эстрадашылардың сайранынан ел классикалық әндерімізді жет­­кізіп кеткен небір дүлдүл саң­лақ­тарымыздың есімін, тірі­ле­рінің түрін ұмытуға айналды. Сөйтіп эстраданың ерке­леріне хат жазып қайраткер бол дейтін халге де жеткен сияқтымыз...

Затаевич жинаған 1000 әннің 34-нің ғана сөзі болған екен. Қалғандарының бәрінің айыл-тұрманын түгендеуге қаншама қайраткер еңбек етті. Соның ішінде қазақ әндерінің текс­тологиясын зерттеген, соған бү­кіл ғұмырын арнаған бір адам болса, ол – Зейнелғабиден Қос­пақов. Үлкен музыкатанушы, үлкен ғалым. Ол кісі сол әндердің денінің сөзін орнына қойып шыққан. Одағай сөздерге дейін қойған. Бүкіл ғұмырын осыған арнаған. «Қазір дүниеден өтіп кеткен сол кісінің кітабы баспада жатқанына 10 жылға жуықтап, жақында ғана туған қызының демеуші тауып қузау салуымен енді баспадан шықпақшы», дейді Қоспақов туралы көл-көсір мәліметтер айтқан әнші, зерттеуші Еркін Шүкіман. Мұны біздің ұлттық өнерге, классикалық әндерге деген қазіргі көзқарасымыздың бір ғана көрінісі ретінде алға тартып отырмыз.

Осылайша, қазақтың клас­си­калық әндерін тыңдауға қауқарымыз жетпей қалды. Мә­тіндегі қаншама сыр, са­зындағы қаншама иірімге ілесе алмай адасып қалдық. Тіпті, соны жеткізушілердің өзінде кемшіліктер жетерлік. Ол да көңіл бөлмеуден шығатын дүние. Әннің қағаздағы мәтіні қалай болады, айтылғанда қалай айтылуы керек екендігі туралы әйгілі ғалым, сөз білгірі Рә­биға Сыздықованың жазған мақаласындағы талаптар туралы кей дәстүрлі әншімін деген жігіттер де біле бермейді. Ғалым Мекемтас Мырзахметтің орыс қарпіне көшкеннен кейінгі қазақтың сөйлеу мәнері қалай өзгеріп кеткені, оны кемшілік деп біліп жүрген қазақтың кем­де-кем екендігі туралы айт­қаны ұлттық өнерпаздарды да меңдеткен дерт ретінде бөлек айтар әңгіменің арқауы. Үндестік заңдылықтарын ғана сақтап қалмай, ән тарихы мен мазмұнына өзінің жанын сіңдіре жеткізген кешегі Жүсіпбек,  Жәнібектердің терең жан әлеміне қарап отырып, әнді шығаруға ғана емес, айтуға да кемел кісілік, алапат адамгершілік, ұлттың жанымен біте қайнаған орасан рух керек екенін аңғарасың. Оны келесі сөздің орайына қалдырайық.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»