Әдебиет • 12 Ақпан, 2018

Оралхан Бөкейдің «Кісі киік» атты кітабы ағылшын тілінде жарық көр­ді

1189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Оралхан Бөкейдің «Кісі киік» атты кітабы ағылшын тілінде жарық көр­ді. 

Оралхан Бөкейдің «Кісі киік» атты кітабы ағылшын тілінде жарық көр­ді

Жинақтың тұсаукесері жа­қын күндері Лондонда өтпек. «Қазақпарат» агенттігі хабарлаған­дай, Ха­лықаралық Қазақ ПЕН-клу­бының президенті, белгілі публицист Бигелді Ғабдуллиннің бастамасымен соңғы бірнеше жылда «Біз – қазақпыз...» атты жоба басталып, жоба аясында қазақ классиктерінің туындыларын АҚШ пен Ұлыбританияда ағыл­шын тілінде шығару жұмысы қол­ға алын­ған.

«Осы уақытқа дейін Қазақ ПЕН-клубы демеушілердің кө­ме­гімен ағыл­шын тіліне Мұ­қағали Мақа­таевтың «Таң­дамалы өлеңдері», Бердібек Соқ­пақбаевтың «Ме­нің атым Қожа», Олжас Сүлейме­новтің «Код слова», Әбіш Кекіл­баев­тың «Аңыздың ақыры», Герольд Бель­гер мен Смағұл Елу­байдың кітап­тарын жоғарыда атал­ған ел­дерде басып шығарған. Жуық­та Алматыдағы «Идан» бас­пасы қазақтың біртуар қаламгері Орал­хан Бөкейдің «Кісі киік» кітабын («The man-dear and other stories») ағылшын тіліне аударып басып шығарды. Туындыны белгілі ағылшын аудармашысы Саймон Холлингсворт аударды», дейді Бигелді Ғабдуллин.

1000 данамен жарық көрген аталмыш кітапқа жазушының бірқатар повестері мен әңгімелері кіріп отыр. ПЕН-клуб алдағы уақытта да қазақ қаламгерлерінің кітаптарын ағылшын тіліне аударуды жалғастыра бермек.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»