Аймақтар • 12 Ақпан, 2018

Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Ізгі істер» акциясын өткізді

1100 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Бірінші – қайырымды ісі, екінші  – мейірімге толы сөзі», дейді дана бабаларымыздың бірі Жүсіп Баласағұн. Адамдардың ауызбір­шілікте, ынтымақта өмір сүруі өз қолында. Ең игі іс – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау.

Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Ізгі істер» акциясын өткізді

Жуырда С.Жиенбаев атын­дағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Ізгі істер» атты акцияға қолдау көрсетіп, сауап­ты істі қолға алды. Яғни аз қамтылған, көп балалы от­басыларға және мұқтаж жан­дарға көмек көрсету мақ­сатында кітапхана директоры Гүлжайнар Калдина және кітапхана қызметкерлері Ал­тынгүл Ермекбаева, Бақтыгүл Хамидуллина, Ләззат Бөлтекова, Бибігүл Шамеденова, Гүлдана Нұғманова қысқы жылы киімдерді жинады. Осылайша балаларға арналған аяқ киім, пальто және басқа да жылы киімдерді кітапхана директорының орынбасары Үржан Құдасова мен кәсіподақ төрайымы Шынар Қошанова «Шығыс» сауда үйінде орналасқан «Игі іс» дүкеніне тап­сырды. Мұқтаж жандар үшін қат заттарды кітапхана қыз­мет­керлері қаңтар айында «Ал­тай» сауда үйінде орналасқан «Игі іс» дүкеніне де тапсырған болатын.

«Қайырымды болсаң өзгеге, шапағаты тиер өзіңе» дегендей, кітапхана ұжымы осы іспетті игі шараларға жиі атсалысып тұрады. «Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады» дегендей, бұл да ұрпаққа ұлағатты ұлы істерде ұсақ-түйек болмайтынын білдірсе керек.

Гүлжан ӨТЕГЕНОВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы

АҚТӨБЕ