Қысқы спорт • 12 Ақпан, 2018

Әзірге жүлде алудың сәті түспей тұр

628 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласының маңайындағы Альпенсия тау курортының аймағында орналасқан Олимпиялық стадионында XXIII Қысқы Олимпия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті. Екі сағаттық рәсімді тамашалаған 35 мың көрерменнің ішінде спортшылар, жанкүйерлер мен мемлекет басшылары болды. Бұл Оңтүстік Корея үшін әлемдік деңгейдегі екінші Олимпиада. Бұған дейін Сеулде 1988 жылғы жазғы Олимпия ойындары өткен болатын.

Әзірге жүлде алудың сәті түспей тұр

Биылғы Олимпиаданың ашы­лу салтанатына аздаған өз­герістер енген. Мысалы, спорт­шы­лардың дәстүрлі шеруінде де­легациялар әдеттегідей грек әліп­биімен емес, корей әліпбиінің ре­тімен шықты. Сонымен қатар Олимпиада тарихында Оңтүстік пен Солтүстік Корея елінің спорт­шылары тұңғыш рет бір тудың астына бірігіп, ашылу салтанатында бірге сап түзеп жүріп өтті. Ал допинг дауына ілігіп, ережелерін бұзған Ресей құрамасы биылғы бәсекеде Ха­­­лық­аралық Олимпиада ко­ми­тетінің туы астында шық­ты. Ен­ді Ресейдің ұлттық Олим­­­­­пиа­да құрамасы «Ресейлік Олим­пиа­да спортшылары» деген топ ретінде Олимпиада жүл­де­сіне таласады.

Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатты шарасының шығармашылық директоры Сон Сын Хванның айтуынша, Олимпиаданың ашылу салтанатына 65 миллион АҚШ доллары жұм­салған. Бұл туралы ол шара ая­сында ұйымдастырылған бас­пасөз мәслихатында айт­қан. Сочиде өткен Қысқы Олим­пи­­­адамен салыстырғанда бұл әжеп­­тәуір төмен көрсеткіш.

Кейде мені қызығы көп қыс­қы спорттың төресі – Ақ Олимпия ойындарының нелік­тен ауа райы суық, климаты қолайсыз аймақтарда емес, кері­сі­нше жап-жасыл, жылы жерде өте­тіні таңғалдырады. Мәселен, Туринде де, Сочиде де ауа райы жиырма градусқа дейінгі жы­лы­лықты көрсетіп, жарыс­ты ұйымдастырушыларға да, спорт­шыларға да қолай­сыз­дық туғызған еді. Енді, міне дәл сол жағдай Пхенчханда да қайталанды. Бұ­дан екі-үш күн фристаил, шаң­ғы, сноуборд жарыстары өтетін биік тау беткейінде күн суытып, Олим­пиаданы ұйым­дас­ты­ру­шы­­ларды алаңдатқаны рас. Екі-үш күннен бері күн жылын­ды. Табиғаты тамаша, жасыл ағаш­тары жайқалып тұрған Кореяда Жазғы Олимпия ойындары өтіп жатыр деген ойда қалдық. Қар мүлдем жоқ. Алайда фристайл өтіп жатқан «Феникс сноу парк­те» қар жұқа болса да бар. Күн жылып кеткен соң тайғанаққа айналған.

Пхенчхан мен Каннын қа­ла­­ларының арасы алпыс ша­қырымдай. Астана мен Ал­ма­тыдан, еліміздің басқа облыс­­­­тарынан келген турис­тер­дің көбі екі қаладағы қонақүйлерде тұ­рып жатыр. Тіпті үш жүз ша­қырым жердегі ел астанасы Сеу­лдегі қонақүйге орналасқан шорт-трек сайысын тамашалауға кел­­ген шымкенттік жиырма жас­тағы студент Мақсат Бег­ма­новтың жанкештілігіне таң­­ғал­дық. Ол жарыс аяқталған соң Канныннан Сеулге оралды.

Осы екі қалада Олимпиада бағ­дарламасына енген жарыс­тар өтуде. Туристер мен жан­күйе­рлер бағаның шарықтап тұр­ғанын елеп-ескеріп жатқан жоқ. Әрлі-берлі қатынаған авто­бустар мен электр пойызы, қо­ғам­дық көліктер адамдарға лық толы.

Мұнда баға аспандап тұр. Пхенчхандағы Алпенсия тау кластерінде шаңғы, биатлон, сноуборд, фристайл ойындары өтуде. Ал оған жету үшін электр пойызына, сосын арнайы қатынайтын автобустарға отырасыз. Алматыдағы дүниежүзілік Қысқы Универсиадада, Сочи Олимпиадасы кезінде жүздеген мың жанкүйерлерді көліктер тегін тасыған. Пойыздың баға­сы бір адамға сегіз мың вон. Біз­діңше екі жарым, үш мың тең­ге. Ал такси әкеңнің құнын сұрайды. Бір шақырымға бір АҚШ долларын сұрайды. Дәм­хана, мейрамханаларда баға аспандап тұр. Қазақстаннан кел­ген Серік екеуміз Жапон те­ңі­зінің жағалауында орналас­қан бір дәмханадан ірі қара етінен әзірленген қуырдақ пен ащы тағамдарға алпыс мың вон төледік. Бұл теңгеге шаққанда жиырма мың теңге шамасында. Мұның барлығын неге қазбалап тізіп жатырмыз? Спорт жарыстарын қазір телеэкраннан сол сәтте тамашалай алатындықтан, оқырмандарға корей жеріндегі көрген-білге­ні­мізді айта кеткен артық болмас, құрметті оқырман.

Енді мына қызықты қараңыз. Келген қонақтар мен туристерге, спортшыларға тегін қызмет көрсететін еріктілерді негізінде сайыстар өтетін жерде, кешендер мен адамдар көп жиналатын жерден кездестіресіз. Алайда орыс тілді еріктілерді бес күнде кездестіре алмай дал болдық. Тіпті солардың дені ағылшын тілінен де мақрұм екенін байқап қалдық. Хош, соны­мен шалғайдан келген ту­рис­тердің еркін жүріп-тұруы қи­ынға соғып тұр. Тіпті сауда дү­кен­дерінде болғанымызда өзі­міз­ге қажетті нан, шұжық, басқа тағамдарды таба алмадық.

Сенбі күні кешкілік елден келген бір топ жанкүйер Каннын қа­ла­сындағы зәулім спорт са­рай­ындағы шорт-трек сайысын тамашалауға бардық. Он екі мың адам сыятын Алматы мен Астанадағы атшаптырым Арена сияқты кешен адамдарға лық толды. Өкінішке қарай, Мәдіғали Қарсыбековтің шәкірттері үшін бұл күн сәтсіз болды. Үміт күт­кен Нұрберген Жұмағазиев құ­лап, жарыстан шығып қалды. Де­нис Никиша топ бастап келе жат­қанымен төртінші орынға сыр­ғыды. «Мен негізінде қысқа қашықтыққа жүгіруім керек болатын. Бірақ мұздың сапасын әрі өзімді тексерейін деп шеш­тім. Намысты қолдан бермеуге тырысамын», дейді Денис. Тағы бір қызымыз А.Крестова да тәжі­рибенің аздығынан сын сәтте өз мүмкіндігін пайдала­на алмады. Енді біздің конь­кишілеріміз төрт рет бағын сынап көреді.

Олимпиаданың алғашқы кү­ні немістер, нидерландтар мен корей­лер үшін сәтті бастал­ды. Биатлоннан спринтерлер жа­ры­­сында немістің Лаура Даль­­майер атты сайыпқыраны ал­тын­­нан алқа тақты. Өкінішке қарай біздің қыздар Галина Виш­­невская, Дарья Климина, Ольга Полторанина және Алина Рай­кова көштің соңында қалды. Жеті жарым шақырымдық скиат­лон сайысында да қыздарымыз жер­ге қаратты.

Жүлдеден үмітті болған Виш­­невская спринттік жарыс­тың бірінші оқ ату кезеңінде бес нысананың екеуін көздей алмай, айып айналымын екі рет жүгіріп өтіп, біраз уақыт жо­­ғал­тып алды. Ал екінші ату ке­зеңінде бес нысананың бар­лы­ғына дәл тигізді. Бірақ алғаш­қы екі қателіктің кесірінен ол спринт­тік жарысты тек 30-шы нәтижемен аяқтады. Виш­нев­ская осы қашықтықта чемпи­он болған германиялық Лаура Дал­май­ерден 1 минут 46 секундқа қалып қойды.

Дәл 10 ақпан күні 24 жасқа толған Галина Вишневская сол күнгі сәтсіздігі үшін қазақ­стан­дық жанкүйерлерден кешірім сұ­рап, алдағы уақытта үздік нәти­же көрсетуге тырысатынын айтты. «Бүгінгі сәтсіздік үшін жанкүйерлерден кешірім сұрай­мын. Барымды салдым. Ая­ғым, шаңғым жақсы жүрді. Бірақ ату кезеңіндегі екі қателік көп нәрсені шешті. Жел қатты болды әрі қатты толқып, жинала алмадым. Алдағы жарыс­та толғанысымды жеңіп, үздік нә­ти­же көрсетуге тырыса­мын», деді Вишневская жарыстан кейін еліміздің БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Ол спринтте 30-орын алған спортшы ретінде алдағы із қуу жарысында сөреден кешігіп, 30-болып шығады.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист, арнайы

«Егемен Қазақстан» үшін Пхенчханнан

(Оңтүстік Корея)