Аймақтар • 12 Ақпан, 2018

Сай-Өтес ауылындағы жылыжайда тропикалық жемістің 74 түрі өседі

907 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстаудың ойы мен қырындағы ауа райы екі түрлі, себебі айтпаса да түсінікті. Қазір ойдағы Ақтаудың тұрғындары қарсыз қысты бастан кешіп жатса, қырдағы халық, әсіресе мал ұстап, шаруашылық күйттегендер ақырған аяз, құрсанған қар, өкпек жел өтінде – қыстың қыспағында жүр. Бірақ айтпағымыз ол емес... 

Сай-Өтес ауылындағы жылыжайда тропикалық жемістің 74 түрі өседі

Қысы қатты Сай-Өтес ауылында қысы-жазы құлпырып тұратын жылыжай – ауыл мақтанышы, әйтпесе өздері «тропикалық джунгли» деп атамас еді. Жылыжай ауылдағы мектеп жанына орналасқан. 2007 жылы мектеп ғимаратымен бірге салынған жылыжай сан алуан гүлі қысы-жазы жайқалып тұратын баққа айналды.

Аяз қысып, қалың қар қымтаған қыста субұрқағы атқылап, түрлі гүл құлпыра жайнап тұрған мектеп жылыжайының жанға ерекше жылылық беретіні анық.

Тропикалық өсімдіктер мен жемістердің 74 түрі өсіп, әсемдік пен эстетика үйлесім тапқан жылы­жайдың таңғажайып өсімдіктер әлемін өз көзімен көруге ықыласы ауғандар қатары күн санап артып келеді. Әр өсімдікке күтіммен қарап, қалауына сай қамқорлық жасау – мұғалімдер мен оқушылардың қызғылықты жұмысы. Өйткені мейірімге бөленген өсімдіктердің жайнай өсіп, жемістердің өнімді көп беретіндігін біледі. Әрқайсысына ерекше күтім мен қамқорлық қажет.

– Жылыжай мектепке, ауыл­ға сән беріп қана қоймай, ұжым­ның гүл, өсімдік әлеміне деген қызы­ғушылығын оятты. Қазір мекте­бімізде «Гүл өсірушілер» үйірмесі жұмыс істейді, оған қатысуға ниет еткен оқушылар саны аз емес. Жы­лыжай күтуші мектеп қызмет­керлері Асылбек Қосбергенов пен Махамбет Жағалбаевтың еңбектері зор. Көпшілікті тәнті еткен тәтті бұ­рыштар мен қиярларды тамашалау үшін оқушылар келеді. Жанға ләззат сыйлар хош иіс, жылы леп, таза ауа, көз тартар гүлдер мен бағалы ағаштар жылдың төрт мезгілінде жайқалып тұрады. Бастысы, еселі еңбек жемісін беруде, – дейді мектеп директоры А.Назарова.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы