Әлем • 13 Ақпан, 2018

Жазда Ресейде қазақстандықтарды тіркеу ережесі өзгереді

425 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2018 жылдың 25 мамырынан 25 шілдесіне дейін, Ресейде футболдан Әлем чемпионаты өтуіне байланысты, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Сочи, Волгоград, Екатеринбург, Калининград, Нижний Новгород, Дондағы Ростов, Самара және Саранск қалаларында шетел азаматтарын тіркеудің ерекше ережелері қолданылады.

Жазда Ресейде қазақстандықтарды тіркеу ережесі өзгереді

25 мамырдан бастап жоғарыда аталған қалаларға баратын Қазақстан азаматтары бір тәулік ішінде көші-қон жөніндегі жергілікті органда тіркеледі, көші-қон органдары 25 мамырдан 25 шілдеге дейін күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Осы ережелер Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Сочи, Волгоград, Екатеринбург, Калининград, Нижний Новгород, Дондағы Ростов, Самара және Саранск қалаларына барған шетел азаматтарына ғана жүреді, ал елдің басқа өңірлерінде бұрынғы тәртіп сақталады. Яғни РФ-ға 30 күннен аз уақытқа барған Қазақстан азаматтары тіркелуге міндетті емес.

Қонақүйлерде, санаторийлерде, демалыс үйлері немесе басқа да уақытша орналасу орындарында уақытша тұратын Қазақстан азаматтарының тіркелуіне қабылдаушы тарап (қонақүй, санаторий, т.б. әкімшілігі) жауапты.

Консулдық округтерге сәйкес, РФ қалаларының аумағындағы ҚР азаматтары мына мекемелерге хабарласуына болады:

– Мәскеу, Сочи және Дондағы Ростов – Мәскеудегі ҚР Елшілігінің консулдық бөліміне;

– Санкт-Петербург және Калининград – Санкт-Петербургтегі ҚР Бас консулдығына;

– Қазан, Екатеринбург, Нижний Новгород және Саранск – Қазандағы ҚР Бас консулдығына;

– Волгоград және Самара – Астраханьдағы ҚР Консулдығына.