Қазақстан • 13 Ақпан, 2018

Астанада ауған соғысының ардагерлеріне арналған кеш өтті

2404 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 29 жыл толуына орай ардагерлермен кездесу кеші өтті. Жиынды қалалық Мемлекеттік мұрағат ұйымдастырды.

Астанада ауған соғысының ардагерлеріне арналған кеш өтті

Жиынға ауған соғысының ардагерлері, жауынгер-интернационалистердің аналары мен жұбайлары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, тарихшылар мен Қорғаныс министрлігінің өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты. Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – ауған соғысында мерт болған сарбаздар мен жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушылардың рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақты олардың есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу.

Кездесуде Ұлттық архивтің бас директоры, ауған соғысы ардагері Жангелді Махашов естеліктерімен бөлісіп, елімізде жақсылық пен бейбітшілік болуын тіледі. Сондай-ақ жиын барысында Елбасының биылғы Жолдауында айтылған он міндеттің маңыздылығы атап көрсетілді.

«Соғыстың зардабы қандай болатыны әлі күнге көз алдымда. Сол бір ауыр жылдарды есіме ала отырып, бүгінгі біздің бейбіт те тыныш қоғамымызға қарап шүкір деймін. Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясаты мен ел басқарудағы көрегендігінің арқасы. Сондықтан қазақстандық арманның орындалуы жолында аянбай еңбек етуге тиіспіз», деді Ж.Махашов.

Кеңес Одағының әскері 1979 жылғы 25 желтоқсанда ауған жеріне кіргізілген болатын. Он жылға созылған мерзім ішінде іс-қимылдарға 22269 қазақстандық қатысты. Солардың 924 қаза тапса, 1015 мүгедек болып оралды. Ал 21 жауынгер із-түссіз жоғалды. Жалпы, Ауғанстандағы соғысқа 620 мыңға жуық Кеңес әскері қатысты. Қазіргі таңда елімізде он мыңға жуық ауған ардагері бар. Солардың үш мыңнан астамы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына кіреді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар