Отты жігері мен орасан күрескерлігінің арқасында тақыр жерде театр тұрғызған талантты режиссер Ж.Омаров, оның орнын жоқтатпаған көрнекті қайраткер Қ.Жетпісбаев, олардан кейін Арқадағы жас сахнаға айбын берген Халық Қаһарманы Ә.Мәмбетов бұл ұжымға таланттар шоғырын топтастыра алды. Осы шоғыр тәуелсіздікпен бірге тәй басқан театрдың негізін салып, қабырғасын қалады, мектебін түзіп, дәстүрін қалыптастырды, ертеңдері аңыз болатын тарихты өз қолдарымен жазып, аядай сахнада асқақ өнер жасады. Жасап та келеді. Олар – Қазақстанның халық әртістері Г.Әспетова, Т.Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Р.Омарханова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері К.Нұрланов, Т.Атымтаева, Б.Ыбыраев, Л.Ханинга-Бекназар, А.Омар бастаған аға буын, аузымен құс тістеген талантты орта буын: С.Қашқабаев, Е.Нұрымбет, Ж.Төленбаев, А.Қапаев, А.Бермұхамедова, А.Нөгербекова, т.б. Бүгінде жоғары сахналық мәдениетімен бүкіл республикаға танылып қалған сол беделді буынның бел ортасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов жүреді.
Өтеуілов сахнаға бір сәтке шықса да шындықпен шығатын өткірлігімен дараланады. Бұл қайдан келген тереңдік дегенде, Нүркен Тәңіртаудың баурайында, атасы Өтеуілдің бауырында дала философиясына қанып өсті. Талантты ағасы Бекжан Тұрысқа қарап бой түзеп, өнерге деген талабы оянды. Жүргенов атындағы Өнер академиясында Е.Сегізбаев, К.Кенжетаев, М.Әбзелбаев бастаған тектілерден кәсіби білім сімірді. Павароттидің өзін тамсандырған А.Сембиннен даусын меңгерудің сырына қанықты. Аты аңызға айналған Ә.Мәмбетовтің жанында жүріп биік өнерге деген бөлекше талғамы қалыптасты. Міне, оны өсірген мектептер.
Әр комедиялық рөл ол үшін қуаныш, бар ынтасымен кірісер кішігірім мейрам. Мұндайда ол табанасты тапқырлығымен көрерменін таңғалдырады, сахналас серіктесін састырады. Және содан ләззат алады. Мұндай қойылымда оның «жеңілдігі көбіктей». Әр драмалық, трагедиялық бейне ол үшін байыпты ізденіс. Мұндайда ол мағыналы ойынымен әріптесін тартысқа, өнер бәсекесіне шақырады. Мұндай қойылымда ол қорғасындай салмақты. Қараңыз: «Ғасырдан да ұзақ күнде» (Ш.Айтматов, реж.Ә.Мәмбетов) аз уақытқа шықса да азап арқалап шығатын Әбутәліп, «Дон Жуанда» (М.Фриш, реж.А.Әшімов) жалынды да жеңіл Дон Жуан, «Қымбатты Памелада» (Дж.Патрик, реж.Ю.Ханинга-Бекназар) сынаптай сырғыған Сол Бозо, «Жанна Д’Арктағы» (Ж.Ануй, реж.Ә.Оразбеков) сайқымазақ король, «Күн сәулесі түспегендегі» (А.Вальехо, реж.Н.Жұманиязов) қайшылықты Марио, «Тыраулап ұшқан тырналардағы» (В.Ежов, реж.Т.Теменов) жымысқы Федоровский, «Шиедегі» (А.Чехов, реж.С.Потапов) мың құбылатын, махаббатсыз Балташ…
Бірақ бәрінен де ол ақылды адамның азабын кейіптегенде өз болмысымен үндестік табатындай көрінеді. Оның Гамлеті де сондай, Абайы да сондай, Жарасбайы да сондай, кемел адамдар. Е.Вахтангов айтпап па еді, «актер үшін образды еркін меңгере отырып, сол арқылы өзіне ғана, актер-тұлғаға ғана тән шындығын айту – театр мұраты» деп. Көп актерлердің тынысы жетпейтін тұста оның көсіле шабатыны да, Нүркен – ойдың Гамлет – ойға, Абай – ойға, Жарасбай – ойға үндестігінен бе дейміз. «Гамлетте» де (У.Шекспир, реж.Б.Ұзақов), «Абайда» да (М.Әуезов, реж.Ә.Оразбеков), Жарасбайда да («Қараш-Қараш», Қ.Ысқақ, реж. Ә.Оразбеков) ол позаға тұрып ақыл айтудан аулақ, бірақ жанының жегі құртын қолқадан суырғандай. Содан да бұл рөлдердің ішкі жарығы мол оның сөзі жай сөз емес, ой адамының сөзі. Тарихтың, тағдырдың, ақиқаттың үні. Ол идеалдың қандай болатынын біледі және соған жетелейді. Сіз оған сенесіз және ересіз.
Әрине актердің ойлау жүйесі, жүйкесі, бүкіл дене-ағзасы, бүтін болмысы – оның инструменті. Ал Нүркеннің бір қаруы – қоңыр үні. Оның үні кейіпкерінің жан дүниесін аялап әкеліп алақаныңызға қондырады. Сахнаның киесі – сөз десек, дауыс пластикасын мінсіз меңгерген Нүркен Өтеуілов сөзді сазбалшықша илейді, қырлайды, сырлайды, мың құбылтып әкеліп жүрегіңізге бір-ақ қадайды. Ол мағыналы паузалардың актері. Жартытондар мен құбылмалы интонациялардың, күшті екпіндер мен рәуішті ритмдердің зергері. Сырлы сөз, сымбатты ойдың әртісі. Сұңғыла сараптамасы тағы бар. Мұның бәрі оны, қазақ театрының ең үздік өкілдерінің ізбасары қылады. Сондықтан ол Шекспир мен Чеховқа шақырсаң да, Әуезов пен Мүсіреповке салсаң да сүрінбейтін сирек қатардан.
Н.Өтеуілов, әр актер сияқты кейде образының кілтін күтпеген жерден табады. Мысалы, Шекспирдің «Гамлетінің» шешімін ол… Абайдан аршыды. Бұл рөл актерлік өрнек тұрғысынан тосын асулар мен күрт бәсеңдеулерден тұрады. Образдың орындалуына күліп тұрып жылайтын, жылап тұрып күлетін, күрт бұрылыс, өткір контрастілер тән. Осы толассыз құбылу дат ханзадасының күйзелген жүйкесі мен азалы жанының – Гамлет тозағының басты белгісіне айналады.
Әлімбек Оразбеков қойған М.Әуезовтің әйгілі «Абай» трагедиясы бұрынғы «Абайлардан» өзгерек. Сахнада бір емес, екі Абай. Біреуі Әуезов жазған орта жастағы Абай да (Н.Өтеуілов), екіншісі еске түсіруші, әрекетке өлеңмен араласатын қарт Абай (Т.Мейрамов). Режиссер Абайды өз өлеңімен қамшылап, оған өз өлеңімен тоқтау айтады, өз өлеңімен жылатып, өз өлеңімен жұбатады. Режиссердің әр көрініске Абайдан жауап тапқаны – қарт Абайдың соны бағалауына айналып, оқиғаны қоюлата түскен. Ол екі міндетті қатар атқарып отыр. Абайдың өлеңін жалғау арқылы Әуезовтің пьесасын түсіндіреді, Әуезовтің пьесасы арқылы Абайды аршиды.
«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла»... дейді Тілектес-Абай. Дөңгелек шар-жарықтың ар жағынан Нүркен-Абай шығады. Жарықты аялай, аспанға жібереді. Сосын авансценаға қарай адымдап, көк майсадан иіскейді. Жаңалыққа, келер күнге деген құштарлығы. Туған жерге деген өлшеусіз махаббаты. Нүркеннің бұл әрекеті кездейсоқ емес, оған келесі пердеде көз жеткіземіз. Ал әзір ол шатқаяқтап жүрген шәкірттерінің көзін ашады. Бір-бірлеп, қараңғылық, надандық байлауын шешеді. Өз әрекетіне шаттанып, әрқайсысын ерекше қуанышпен босатады.
Бұл көріністе ол өмірдің жақсылығын ғана көреді. «Абай ағалап» қаумалаған шәкірттерінің ортасында бақытты. Бұл көріністегі Абай, көңілі кірбіңсіз, мамыражай адам ғана. Шәкірт-
терімен болашақтың моделін жасап жатқан ұстаз. Оның көңілі кірлемеген, өзі әлі жауыздықпен бетпе-бет келмеген, қоғамынан түңілмеген. Бұл оның өлеңдері салтанат құрған идиллия, тамаша өмір болатын. О баста пьесада жоқ бұл көріністі, бәлкім пролог деуге келер, режиссер әдейі қосқан. Абайдың алаңсыз шағы мен Абайдың қасіретті шағын салыстыру үшін, текетірестіру үшін, Абайдың өсуін, өзгеруін көрсету үшін. Нүркен осы даму процесін жіліктеп, кейіпкердің әр қадамын табиғи, заңды өрбитін құбылыс ретінде кейіптей алды.
Екінші көрініс. Әуезовтің пьесасы енді басталды. Абай сахнаға дегбірі қашып шықты. Тез сөйлеп, жедел қимылдайды. Айдар мен Ажарға төнген қауіп, ол сенген дүниенің жақсылығына төнген. Бұл енді мамырлаған мамыражай емес, қиқулаған ұрысқа кірісіп кететін батыл Абай. Күрескер Абай. «Жақсылықпен кімді сүйсіндірдіңдер, ендеше жамандықпен кімді таңғалдырам дейсің?». Оразбайлар тобын сөзбен ықтырып, қасқайып тұрады. Ол – ауылдың айбары. Әлсіздігін көрсетуге құқы жоқ. Қандықол топ сахнаны босатып бола бергенде Нүркен – Абайға қараңыз. Тізесі сылқ етіп барып қалпына келеді. Болмашы ғана әрекет. Абайдың ішкі күйін сөз айтпай-ақ жеткізеді. Абайда ойын стилистикасын тізесінің сылқ етіп барып бойын тіктеуі, шалынып барып тұруы, қысқасы, биік парасат иесінің соққы қабылдау сәті шешеді. Шынында да, Әуезов кейіпкерін аямайды ғой. Сынақтан кейін сынақ. Соққыдан кейін соққы. Бұл пьесаңыз, Абайдың ғана трагедиясы емес, тартыстан, қайғы мен қуаныш, үміт пен түңілістің кезегінен тұратын, барша адамға ортақ өмір. Ақ пен қара айқасып алған. Қос бояуды Н.Өтеуілов теңдей меңгеріпті. Қайсысы басым түседі?..
Әбішпен шешуші диалогын алыңыз. «Қуатым-ай, не дейсің?!» дегенде сүрініп, қайта тұрып, ұлын бауырына басып, қайта сүрініп, кейіпкердің дәлме-дәл психофизикалық күйін табады. Ол Айдар мен Әбішті жарық деп, елді ертеңге бастайтын сәуле деп қабылдап еді. Оның әкелік қасіреті мен азаматтық қасіреті бірге келіпті. Актер Нүркеннің болмысында осы, қазақ театры үшін дәстүрлі, елдік мотивтері, жасандылықтан аулақ, табиғи, шынайы, дұрыс порциясында бар.
Абайды сабайтын сахнада екі Абай кезек-кезек сөз алды. Жедел жүріп, жедел декламациялап, Тілектес – Абай сахнаға динамика қосты. Ортадағы қос құрықтан ұстап тұрып, Нүркен – Абай ширықты. Сабаушы топ шығып кеткенде ғана, етпеттеп жатып, «Кімнен көрем, Тәкежан, кеттім міне біржола...» дейді. Бебеулеп, байыз таппай кетеді. «Туған жерім, менің саған кінәм жоқ, Өлер сағатымда да сенің тілеуіңді тілеп өтемін». Қойылым басында өз қолымен ұшырған, қазір жер бауырлап қалған жарықтың соңына сіңіп жоғалады. Дәл осы көріністе режиссердің өзіне дейінгі қоюшылардан даусы бөлекше шықты. Бұған дейін «Дән итерген құмырсқаға тимесеңші», болмаса «Бәсеке неге оздың деп ...» деген акценттер жиі еді. Мұнда режиссердің негізгі ұстыны, туған жер мотиві. Қойылым басында Абай иіскейтін көк майса, туған топырақ оны ешқайда жібермейді. Өзі шағынатын надан қоғам қанша таяққа жықса да, Абай оны тастап кетпейді. Талантты адам, данышпан адам ортасынан биік болуы мүмкін, бірақ оны тәрк ете алмайды. Бұл осы қойылымның жалғыз Абай фигурасы емес, барша зиялылар туралы қорытынды ойы. Америка аңсағыш, Еуропаға кеткіш естілерге ескерту.
Әбішсіз, Айдарсыз соңғы пердеде Абайдың паузалары ұзағырақ, толқыныстары тереңірек. Бұл – ұлғайған, қоғам қартайтқан, тартыс шаршатқан Абай. Бәсеңдейді, ақырын сөйлейді. Осы нүктеге дейін кейіпкерін Нүркен актер қалай өрбітті, санамызда сайрап тұр. Актер рөлдің мас-
штабын түсінгенде ғана осындай әсер болуы мүмкін. Әр сөзді жанынан суырғандай қылып айтады. Бәрі табиғи. Тек эпилогта ғана күйреген Нүркен – Абайды Тілектес – Абай жұбатып тұрып, қойылымның кенет оптимистік көңіл-күйге ауысатын тұсы тым жедел, күрт шешілгендей.
«Мені «Абай» өсірді» дейді Нүркен. Нүркенді өсірген «Абай» көрерменді де өсіреді. Қызыл тартыстың ортасындағы Нүркен – Абайдың, кешегі күнге ойша сапар шеккен қарт Абай – Тілектес Мейрамовтың дархан көмегімен осындай тұтас образ жасай алғанын мойындау керек те, қас шеберге қол соғу керек.
Қуанышбаев театрының талантты труппасында өзіндік өрнек салып жүрген Нүркен Өтеуіловтің актерлік табыстары бұл ғана емес. Өшкенді жаққан Жарасбайды («Қараш-Қараш») да, сипаты бөлек қойылымда («Шие») шешуші кейіпкердің біріне айналған Балташты да, мұқият психоанализдің жемісі («Күн сәулесі түспеген») Марионы да, басқаларды да тереңнен талдауға болады. Оны тек басылым беті көтермейді. Айтпағымыз, қазір Нүркен бабында. Көрерменімен кедергісіз тілдеседі. Осы ізденіс жалғасын тапса, алда Лир патшалар (Нүркен бұл рөлге екінші мәрте айналып соғатындай көрінеді де тұрады) мен Ваня ағайлардың, Едігелердің дәуірі бар...
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
өнертанушы