Әлем • 15 Ақпан, 2018

Ұзаққа созылған келіссөз

634 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Германия канцлері Ангела Меркель жетекшілік ететін Христиан демо­кра­­тиялық одағы және Христиан со­циа­лис­тік одағы Германия социал-демо­­кра­тиялық партиясымен ұзақ­қа созылған келіссөздерден соң, коали­ция­лық үкімет құру бойынша мәмілеге келді. Келіссөздер барысында, сондай-ақ ортақ бағдарлама да бекітілді. Ал Бундестаг (парламент) сайлауы 2017 жылдың 24 қыркүйегінде өткен болатын.

Ұзаққа созылған келіссөз

Парламент сайлауында Христиан со­циа­­листік одағы мен Христиан демо­кра­тия­лық одағы блогы 32,9 пайыз, Гер­­ма­ния­ның социал-демократиялық пар­тия­сы 20,5 па­йыз дауыс алған еді. Ан­гела Мер­кель­дің блогы көп дауыс жина­ғаны­мен, ол көр­сеткіш ел үкіметін құруға жет­­кі­­лік­сіз болғандықтан, канцлер алды­мен сай­лауда 10,7 пайыз дауыс алған Ер­кін демо­кра­тиялық партиясымен және сай­лау­­шылар­дың 8,9 дауысына ие болған «Жа­сыл­дар» партиясымен коалиция құруға әрекет жасап көрді. Бірақ екі партия да олармен «бірігуден» бас тартты. Алған бетінен қайтуы қиын әрі бір тыным таппайтын Меркель енді кезекті рет «үлкен коалиция» құру мақсатында Мартин Шульц жетек­шілік ететін Германия социал-демо­кратиялық партиясына өтінішпен шықты.

Екі іргелі ұйымды біріктірген А.Мер­кельдің саяси блогы аталған партиялармен және Германия социал-демократиялық пар­­­­тиясы арасындағы келіссөздердің ұзақ­­­­қа созылғаны соншалық, ол төрт ай­дан ас­там уақытты қамтыды. Осы ара­лық­та та­рап­тар келіссөздің бірнеше раун­дын өт­кіз­ді. Ал Германия социал-демо­кратия­лық партиясымен өзара мәмілеге келген соң­ғы келіссөз 26 қаңтар күні басталған еді. Әсіресе олар босқындар, денсаулық сақ­тау саясаты, сондай-ақ еңбек рыногы мәсе­ле­леріне байланысты әрең дегенде ке­лі­с­імге келді. Өйткені социал-демо­крат­тар өздерінің съезінде келіссөзге қаты­су­шы делегация мүшелеріне осы үш мәсе­ле бо­­йынша А.Меркельді «көндіруді» тап­сыр­­ған болатын. Мысалы, жұмысшы мен жұ­мыс беруші арасында тұрақты еңбек шар­тын жасау жайын алайық. Социал-демо­краттардың пікірінше, уақытша ең­бек шарты азаматтардың ертеңгі күнге де­ген сенімін жоғалтады әрі адамдарды кемсіту­шілік болып саналады.

 Канцлер социал-демократтардың осы үш талабымен және басқа да бірқатар ұсыныстарымен келісуге мәжбүр болды. Келіспеген жағдайда А.Меркельдің ал­дында екі түрлі таңдау бар еді. Оның бірін­шісі – ГФР тарихында тұңғыш рет азшылық жағдайында үкімет құру, екіншісі – қайтадан Бундестаг сайлауын өткізу. Бұл екі нұсқа да Меркельді қанағаттандырмады. Сарапшылардың пікірі бойынша, егер ол қайтадан сайлау өтуіне «тәуекел» етсе, оның саяси блогы Бундестагтан соңғы сайлауда қол жеткізген көрсеткішіне де жете алмаған болар еді. Себебі канцлердің рейтингі Еуропада миграциялық дағдарыс басталғаннан бері едәуір төмендеп кеткен.

Сұрау салу нәтижесі көрсеткендей, Германия тұрғындарының 40 пайызы ел босқындарды шақтап қабылдағаны жөн деген пікірде. Рас Еуропада белең алған миграциялық дағдарыс Германияның экономикасына айтарлықтай салмақ түсірді. Дегенмен А.Меркель басшылық жасай­тын үкімет қанша қиын болса да, мүм­кін­дігіне қарай тасқын судай ағылған бос­қын­дарды баспанамен, азық-түлікпен қам­­та­масыз ете білді. Ресми мәліметтерге қара­ған­да, 2016 жылы осы елде 800 мыңға жуық босқын тіркелген. Ал өткен жылы Еуро­­одақ елдеріне бір миллионнан астам бос­қын келіпті. Босқындардың анау-мынау емес, эко­но­микасы дамыған, халқы ауқат­ты тұ­ратын мемлекетке қарай ауатыны шындық.

Үкіметті құру келіссөздеріне қатысу­шылар коалициялық шартқа байланысты Германияның болашақ үкіметінің министр­ліктерін бөлу мәселесін де қарастырып, уағдаластыққа қол жеткізді. Алғашында елдің сыртқы істер министрлігін Германия социал-демократиялық партиясының көшбасшысы Мартин Шульц басқарады, соған байланысты ол партия төрағалығын өзге әріптесіне тапсырады деген ақпарат тараған еді. Соңғы деректерге қарағанда, М. Шульц партия жетекшілігінде қала беретін сияқты. Сыртқы істер министрі лауазымын оның партияласының бірі атқаратын болады. Қаржы министрлігінің тізгінін Гамбург қаласының бургомистрі Олаф Шольц ұстауы мүмкін. Сондай-ақ Христиан социалистік одағына ішкі істер министрлігіне және экономикалық даму министрлігіне басшылық жасау бұйырмақ. Ал экономика, қорғаныс, білім, ауыл шаруа­шылығы және денсаулық сақтау ми­нистрліктеріне Христиан демокра­тия­лық одағының өкілдері жетекшілік етеді.

«Біздің екі мақсатымыз болды, – деді Германияның федералды канцлері А.Меркель журналистерге берген сұх­батында. – Біріншісі – үкіметті құрып, оны тұрақты ету. Екіншісі – келіссөздер кезінде еліміздің игілігіне баса мән беру. Менің ойымша, біздің бірігіп қабылдаған шешіміміз барлық тараптың көңілінен шықты. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетті болып қалуы үшін және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін аса қажет».

Германия тарихында ең ұзаққа созылған келіссөздердің қорытындысында тараптар коа­ли­циялық уағдаластыққа келді. Енді осы­ған қатысты құжатты Германия социал-де­мо­кратиялық партиясының өкілдері мақұл­дауы тиіс. Ол 463 адамнан тұрады, дауыс беру жазбаша түрде өтеді. Мақұл­да­ған­­н­ан кейін ғана елді басқару коалициясы құ­ры­лады. Ал құрылған жағдайда Анге­ла Мер­кель осымен қатарынан төртінші мер­зім­ге сай­­ланған канцлер ретінде тарихта қалады.