Медицина • 15 Ақпан, 2018

Дәстүрлі қазақ медицинасы орталығы құрылады

1064 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылы Семейде жаңа политравма және ортопедия, гематологиялық орталықтары ашылмақ. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облыстық дәстүрлі қазақ медицинасы орталығы құрылады. Бірегей орталықтардың іске қосылуы, мамандарды қайта даяр­лау және заманауи жабдықтармен қамтуға бағытталған іс-шаралар легі аймақтағы медицина саласына тың серпін берері сөзсіз.

Дәстүрлі қазақ медицинасы орталығы құрылады

Облыста Азия кеңістігінде баламасы жоқ бірегей, үздік тех­нологиялар қатары шоғыр­ланған гематологиялық орталық­тың жобалау жұмысы аяқталу үстінде. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен алдағы таңда Семейде де алғашқы политравма және ортопедия орталығы ашылатын болды.

– Семейде медициналық жедел жәрдем ауруханасының негі­зінде ашылатын жаңа политравма және ортопедия орталығы республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының жетекші мамандарымен бірге ішкі протездеу және күрделі жа­рақаттарды емдеу үшін ең озық технология­ларды енгізуге мүмкіндік бере­ді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов, – Бұл жерде Се­мей­дегі жедел медициналық жәр­дем ауруханасының рөлі өте ма­ңыз­ды, себебі бұл аурухана Шы­ғыс Қазақстан облысының 9 ауда­нына қызмет етеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, меди­­циналық жедел жәрдем ауру­­ханасында қазіргі таңда муль­­тимедиалық құралдармен жаб­дықталған ота жасау бөлімі, ин­сульт орталығы, науқастарды ерте қалпына келтіру залы қызмет етеді. Бұдан бөлек физиотерапия бөлімі, жаңа құралдармен жабдықталған екі бірдей гимнастика бөлмесі де бар. Мұнда сондай-ақ халықаралық стандарт­тарға сәйкес науқастардың өз сырқаттарын басқаруға үйрететін түрлі мектептер жұмыс жасайды. Ал аурухана мамандары жыл сайын шетелде біліктіліктерін көтеріп, арнайы курстардан өтеді. Бұл ретте аймақ басшысы ар­найы облыстық бағдарламаның ар­қа­сында өңірдің денсаулық сақтау саласы толық жетілдіріліп, жаңа­рудан өтетінін айтады.

– Денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі элементтері медицина қызметкерлерін үне­мі дайындау, әлемдік меди­ци­­на­лық стандарттарды қа­таң сақ­­­тау болып табылады. Ке­ле­сі жылы облыстың барлық ме­­ди­­­циналық мекемелері орта дең­­­­гейдегі әлемдік жабдық­тар­­­мен қамтылатын болады. Осы­­лай­ша, бес жылдың ішінде өңір меди­цинасының бәсекеге қабі­леттілігі бірнеше есе артаты­нына толық сенімдімін. Бұдан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында дәстүрлі қазақ медицинасы орталығын ашамыз. Мен халық медицинасы жақ­сы дамыған Қытайда болып қайт­тым. Өткенді ұмытпауымыз керек. Бабалар мұ­расын, олардың тәжірибелерін ке­ңінен қолдансақ, ұта­рымыз көп болмақ, – деді Д.Ахметов.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

журналист

Семей