Қазақстан • 15 Ақпан, 2018

Жас патриоттар форумы өтеді

1403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығы 2018 жылдың 21-23 ақпан аралығында «Патриотизм – рухани жаңғырудың берік іргетасы»  тақырыбында II Республикалық жас патриоттар Форумын өткізеді.

Жас патриоттар форумы өтеді

Форумға Білім және ғылым министрлігі өкілдері, Академия мүшелері – қазақстандық жас патриоттар, бейбіт күннің батырлары атанған мектеп оқушылары, патриоттық тәрбие бойынша «Мен – өз елімнің азаматымын!» атты Республикалық байқаудың жеңімпаздары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, делегация жетекшілері, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақтардағы менеджерлері қатысады.

Ұйымдастырушылардың сөзінше шараның ашылу салтанатынан соң «Патриоттық тәрбие: Рухани жаңару аясында. Қазақстандық жас патриоттар Академиясының келешектегі жұмыс жоспары» тақырыбындағы баспасөз конференциясы болады.      

«Соңғы екі жыл ішінде «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында мектеп оқушыларына тиімді патриоттық тәрбие беруде қазақстандық жас патриоттар Академиясының жұмысын ұйымдастыруда мақсатты бағытталған жұмыстар атқарылуда.  Осы уақыт аралығында 1500 оқушы Академияның мүшелігіне қабылданды», -  деді Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті директорының орынбасары  Зейнеп Мақсұтова.

Республикалық патриоттар Форумы аясында пленаралық отырыстар, «Мағыналар алаңы» ұрпақтар жалғастығының ашық сұхбаты, патриоттық тәрбие бойынша «Инновациялық ойлар банкін» құру, «Бақытты болып жүргенім – сенің арқаң, Ұлы Отан!» атты топтық жұмыс түрлері, «Қазақстан халқының ұлттық ойындары» спорттық тренажер, «Біздің күшіміз – бірлікте!» музыкалық би бағдарламасы сияқты және тағы да басқа іс-шаралар ұйымдастырылады.

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан».