Медицина • 16 Ақпан, 2018

Суицидті алдын алудың сәтті жобасы

821 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Шымкентте 16 жасар бала өз өмірін қиды. Дәл сол күні ол әпкесіне хабарласып, жоғары сынып оқушыларының маза бермеуіне сілтеп жеті мың теңге сұраған екен. Ал үйге келгенде қалтасында 500 теңге болмағаны үшін тест тапсыра алмағанын айтқан. Ұлының ашулы екенін байқағанымен, анасы оған аса қатты мән бере қоймайды. Нәтижесі – сұм ажал. Дәл осындай оқиғалар Қазақстанның әрбір түкпірінде қайталанып жатыр. Бұл дерт Қызылорда облысын да айналып өтпеді. Сол себепті біз облыстың түрлі мамандарымен бірнеше жылдан бері әлеуметтік зерттеу жүргізіп, әлемдік тәжірибені зерттедік. Түйгеніміз, суицид – жүйелі әрекетті талап ететін аса күрделі проблема. 

Суицидті алдын алудың сәтті жобасы

Мәселемен жоспарлы түрде күресу үшін 2015 жылы БҰҰ-ның Балалар қоры мен Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер министрліктері бірлесіп Қызылорда облысында «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» атты қанатқақты жобаны бастады. Негізгі идея – өзіне өзі қол жұмсауға бейім оқушыны алдын ала анықтап, оның өмірін сақтап қалу. Қазақстанда алғаш рет іске асып отырған бұл жоба каскадтық әдіс арқылы жүзеге асты. Алдымен, италиялық маман Мириам Йозу облыстағы орта мектептер мен колледждердің 120 мектеп психологы үшін семинар өткізді. Одан соң Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының мамандары арнайы іріктелген 22 адамды жаттықтырушы болуға дайындап, олар өз кезегінде 445 педагог-психологқа арнайы курс өткізді. Кәсіби шыңдалған жарты мыңға жуық педагог-психологтар 23 630 мұғалімді, техникалық және медициналық қызметкерді суицидтік белгілерді анықтауға үйретті. Осылайша, баламен тікелей жұмыс істейтін бұл мамандар «суицид сақшыларына» айналды. Оқу-жаттықтыру курстарында суицидтің теориялық тұстары, баланың өзіне қол жұмсауы мүмкін екендігін білдіретін тіке және жанама деректерді тану тәсілдері қамтылды.

Жобаның екінші негізгі компоненті – жасөспірімдерден алынатын сауалдама. БҰҰ-ның халықаралық сарапшыларымен әзірленген бұл сауалдамадағы кей сұрақтар бір қарағанға оғаш көрінуі мүмкін. Мысалы «Өміріңізді қиғыңыз келді ме? Ол туралы ойладыңыз ба?», «Өмі­ріңізді қиюға әрекет жасап көрдіңіз бе?» деген ашық сұрақтарға өзіміз де тосырқай қарағанымыз рас. Сол себепті, Білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық ор­та­лығы, Қазақ психология қоғамы және Республикалық психикалық ден­сау­лық ғылыми-практикалық орта­лығы мамандарынан арнайы комиссия құ­рып, сұрақтарды сараптады. Сарап­та­ма сұрақтардың жасөспірімдердің ден­сау­лығына кері әсер етпейтіндігін көр­сет­ті. Суицидтік ойы бар балалар, әдетте сырттан көмек күтеді, өзі сенетін адам болса, ашық әңгімеден қашпайды, олар өздерінің ойы туралы сөз арқылы немесе іс-қимыл арқылы белгі береді, демек тікелей сұрақтар қою арқылы суицидке бейім оқушыларды дер кезінде анықтап, оларға көмек көрсетуге болады. 

Сауалдама арқылы 1907 жасөс­пірім «қауіп» тобы ретінде анықталды. Сауал­да­мадағы жауаптың рас-өтірігін тексеру үшін бұл оқушылармен сұхбат жүргізілді. Нә­тижесінде, бастапқы тізімнен 1679 ба­ла «жоғары қауіп-қатер» тобына енгізілді. Ата-аналарына хабар беріліп, ке­лісімін алған соң топтағы 1494 балаға дәрі­гер­лік, 432 балаға психиатриялық көмек көр­сетілді. 185 бала дәрігерлік көмектен бас тартып, оқу орнындағы психологтың бақылауына алынды. 

 «Қауіп» тобы анықталғаннан кейін, барлық 8-10 сынып оқушыларына және колледждердің 1-курс студенттеріне пси­хо­логиялық сабақтар өткізілді. Сабақ барысында олар «Психикалық ден­саулық», «Өз-өзіне көмектесу бойынша кеңестер», «Депрессия және суицид туралы ойлар», «Досың қиын жағдайға тап болса, қалай көмектесуге болады?» тақырыптарында мағлұматтар алып, өз ойларымен бөлісті. 

Қанатқақты жобаның нәтижелері мен қорытындылары 2017 жылдың 6 сәуірін­д­е­гі өңір өкілдеруінің қатысуымен өткен кон­ференцияда жарияланды. Басты нәти­же­лерге келер болсақ, жоба барысында білім алушылар барлық мәліметтің құпия сақталынатындығын түсініп, ойын ашық айтып, мектеп психологымен өзара сенімді қарым-қатынас орната білді. Оқушылар беймезгіл уақытта да мектеп психологтарына әлеуметтік желі арқылы ақыл кеңестер сұрап, қиын жағдаяттары ту­ралы бөлісе бастады. Бұған тіпті ата-аналар да өз ризашылықтарын бі­л­діруде. Психолог пен оқушының ара­­сындағы сенімді қарым-қатынас – баланы аман алып қалудың негізгі шарты. Сондай-ақ «қауіп» тобына тү­сіп, мамандардың көмегіне жүгінген ба­ла­лардың психикалық денсаулық туралы білімі артып, жаңа ортадағы құрбы-құр­дас­тарының бойынан күйзеліс белгілерін аң­ғарып, қажетті амалдарды жасай алатын деңгейге жетті. Осылайша, кезінде өзіне қол жұмсауды ойластырған баланың өзі «суицид сақшысына» айнала білді. 

Сауалдаманың өзі де терапиялық әсер беретіндігі анықталды. Мұны педа­гог-психологтарға келетін балалар са­ны­ның 2 есе өсуінен байқауға бо­лады. Со­нымен қатар жоба аясында пси­хикалық ден­саулық проблемаларымен қатар, со­матикалық ауруларды да ем­деу қа­жет­ті­лігі туды. Мәселен, тән кем­ші­лді­гі­нен қы­сылып, көп жылдық күй­зелісте жүр­­ген бір оқушы мектеп пси­хологымен ашық сөй­лескен соң, хирург­ке жіберіліп, ұзақ жыл­дар мазалаған мәсе­ле­сінің ше­ші­мін тапты. 

Бір қызығы, қоғамда суицидке көбіне оқу үлгерімі нашар, тұрмыстық жағдайы тө­мен, көп балалы отбасылардың балалары бейім болады деген пікір қалыптасқан. Алай­да тәжірибе көрсеткендей, үздік ба­ғаға оқитын, тәртібі жақсы, бақуатты әрі зиялы отбасының балалары да «қауіп» то­бына кіріп отыр.

Облыста қанатқақты жоба енгізілгенге дей­інгі ең ауыр көрсеткіш 2013 жылы бол­ған еді. Дерттің бұл түрінен 18 бала көз жұмса, бұдан бөлек 13 жасөспірім өз өмі­рін қиюға талпыныс жасап, сәтін салып мақсатына жете алмаған. Жо­ба енгізілген алғашқы 2015-2016 оқу жылы 9 бала өзіне қол жұмсап қайтыс болып, 22 бала суицидтік әрекет жасаумен шек­телсе, 2016-2017 оқу жылы қай­тыс бол­ғаны 9, талпынғаны 12 болған. Үсті­міз­­дегі оқу жылы 6 оқушы көз жұмып, 5-еуі әре­­кет жа­сап, өлім аузынан қалған. Яғ­ни жо­­ба ба­рысында суицид деңгейі төмен­де­­ген. 

Сырым АСҚАРОВ
«Қызылорда облыстық оқу орталығы 
(әдістемелік кабинет)» КММ-нің директоры 

Қызылорда

Соңғы жаңалықтар