Қазақстан • 16 Ақпан, 2018

Кенжеғали Сағадиев - абыздардың тұяғы

1546 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығынан асырып ештеңе айта алмасымыз хақ. Дегенмен ел игілігі үшін маңдай терін төгіп, көз майын тауысып, еліміздің білім-ғылым саласын дамытуға зор үлес қосқан, белгілі мемлекет және көрнекті қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар азаматы, білгір басшы, ғұлама ғалым, кемел азамат, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев сексеннің сеңгіріне шыққанда үндемей қалуға болмас.

Кенжеғали Сағадиев - абыздардың тұяғы

Кенжекең ауыл баласы бол­ды, оның балалық шағы тау­қыметі көп соғыс жылдарына тура келгендіктен, өз қатар­лары секілді ерте есейіп, оқу-білімге талпыныс жасап, бұл оның кейін өмірінің өзегіне айналды. Алты балалы (үш ұл, үш қыз) отбасында өсіп, жас­тықтың буымен, заманның таланттыға жолбасшы болар жақсылығымен мектепті медальмен үздік бітірген соң сол кездегі ең шоқ­­­тықты, әрі жалғыз университет – ҚазМУ-ге түсті. Оны қы­­зыл дип­­лом­мен бітірген соң Кен­же­кең­­­ді бойындағы табиғи та­ланты тоқ­татпай Мәскеуге аттандырды. Ондағы әлемге әйгілі Плеханов атындағы инс­ти­туттың аспирантурасына түсіп, сол ғылым орда­сында шың­­далды. Ол өте кө­реген, бi­лiктi, бiлiмдi, экономи­ка саласындағы жетекші ғалым­дарының бiрі – профессор Н.Д.Фасоляктың шәкiртi болды. Мiне, осылай қазақша, орыс­ша тәрбие алды, екi тiлде бiрдей  және оған шет тілін қоса оқыды. Ана тiлiнiң мәдениетi, өз халқының менталитетi мен Мәскеудің озық мәдениетiн бойына ciңipдi. Осылай жас Кенжекең ел ағасы дәрежесiне жеттi. Жоғары оқу орнындағы шеберден республика, одақ көлемiнде жақсы аты жайылды, ал қайта жаңару, түлеу, егемендiк жылдары әлемдiк ғылыми ортаға eciмi танылды.

К.Сағадиевтің ірі эко­но­мист-ғалым ретіндегі ғы­лыми шығармашылығы алға­шында материалдық-тех­никалық жаб­дықтау мәсе­лелерін зерттеуден көрініп, ол оның талдамалары негізінде экономика ғылымының жа­ңа бағытына айналды. Кен­жеғали Әбенұлы осы бағыт­тың көшбасшысы бол­ды. Ол бірнеше рет Мәскеу, Ленин­град, Киев, Минск, Тбилиси және басқа қалаларда баяндама жасап, көптеген ғалымдар мен мамандардың назарын өзіне аудартты.

Академик Сағадиев еш уа­қытта ешкімге ұқсамайтын өзі­не ғана тән ерекше болмыс-бітімі мен тұлғасы ірі, ұлт­тық рухы биік, ғылымның аума­лы-төкпелі, қызығы мен қиын­­дығы мол, соқтықпалы да соқпақсыз жолында талмас­тан өзіндік сара жолын таңбалап келе жатқан біртуар тұлға. Кен­же­кеңнің маңдайына ағар­ту саласында реформатор болуды әу бастан жазып қой­ғандай. Жоғары білім беру жүйе­сіндегі ұйымдастыру ісін ілкімділікпен ілгерілете жү­­ріп, өзінің мектебін қа­лып­тас­тырған ғұлама ғалым­дардың бірі. Биліктің биігіне де сәтті көтеріліп, саналы ғұмы­рының сара жолын айқындады. Айтқа­нымыздың айғағы ретін­де түйіндері түйіліп, шиеленген бес институтта ректор болып, түбегейлі өзгерістер жасап, өз беделін мойындатқанын ал­ға тартуға болады. Ол бү­гінгі таңда атқарған қызмет ті­­зімі жағынан жоғары мектеп жүйесін ұйымдастыру сала­сында аты елге мәшһүр бол­ғандардың ішіндегі ең танымалы.

Кенжекеңнің ғұмыр жолын көктей шолып отырсаңыз, оның негізгі бөлігі ғылыми-педа­гогикалық, ағартушылық саламен тікелей байланыс­ты екеніне көз жеткізесіз. Сон­дық­тан да болар, өз замандас­тары оны жаңашыл ректор, ре­форматор ректор болғанын мақ­танышпен ауызға алады. 

Сонау 50-жылдардың со­ңын­­да, студент кезінің өзінде-ақ ол: «Экономикасы өркендеп отырған елдердегі сияқты өнді­рістік қатынастарымызды на­рық жағдайында құрсақ болмай ма?», «Өндірушілердің ер­кіндігін тежеп, істің бәрін міндетті түрде жоспарға телу­дің қажеті не?» деген сияқ­ты батыл, саналы, сәулелі сұрақ­тарды алға тарта білді. Бү­гінде экономист ғалымдар оның шаруашылық тетігін бас­қару мен пайдаланудың өзектілігі туралы жасаған бол­­­­жамдары нарық экономика­сына әлеуметтік тұрғыда ба­ғыт­­талған буынның өзі екен­дігін айтып жүр. Оның зерт­теулерінде көтерілген мәсе­лелер соңғы жылдардағы ұлт­тық экономиканың бәсе­ке­ге қабілеттілігі және Қазақ­стан­ның Бүкілдүние­жүзілік сауда ұйымына кіруіне келешек көкжиегімізде өзінің логикалық шешімін тапқаны мәлім. 

1982-1990 жылдары, ол кезде Одаққа бағынатын Целино­град ауылшаруашылық инс­ти­тутының ректоры болып жүргенінде білім берудің мо­­дуль­­дік жүйесін енгізіп, бү­­кіл оқу үдерісін өзгертіп, жо­­ғары білім беруді ғылым мен өндіріске байланыстырып, олардың өзара кірігіп ке­туін ұйымдастыра отырып, оқыту әдістерін ең озық деген шетелдік стандарттарға жа­қындатты. Осы институтты бас­­қарған жылдар ішінде бүкіл әлеу­меттік ортаны, жоғары оқу орнын адам танымастай етіп өзгертіп, материалдық-тех­никалық базасын екі есе нығайтты. Осы жылдары мен Кенжекеңмен алғаш рет таныс­тым. Ғылым докторы, профессор атақтарын алған соң 1982 жылы мені сол кездегі Жоғары және арнайы орта білім ми­нистрі Т.Қатаев Қарағанды уни­­­вер­ситетіне проректор етіп жіберген еді. Сол жердегі бір ғылыми конференцияда кезде­сіп, сұхбаттасқан едік. Содан былай сыйласып жүрдік.

1993 жылы Қазақ экономика университетіне қызметке келе салысымен оның атын Қазақ басқару академиясы деп өзгертуден бастап, қыз­мет­кер­леріне екі еселенген ең­бек­ақы бергізіп, оқу үдерісін бас­қарудағы ет үйренген ескі­ден бас тартып, бұрынғы фа­куль­­теттерді жауып, жаңа оқу-­ғылыми кешендерін, жа­ңа кафедралар ашып, маман­дық­тардың номенклатурасын өзгертіп, жаңа институттар құрды. Мұнда да жаңа рек­тордың реформаторлық қа­сиеті даралана түсті. 

Сарабдал ойлы академик­ К.Сағадиевтің осынау­ жа­ңа­­шылдық таланты 1996-­2001 жылдары Қазақ мем­­лекет­тік аграрлық универ­ситетін басқарған жылда­ры да жарқырай көрінді. Бұл университет кезінде ауыл ша­руа­шылығы саласына маман­дар даярлайтын жоға­ры оқу орны саналып келген. Мен ол кезде Тәуелсіз Қазақ­станның Білім министрі қызметінде едім. Жоғары оқу орында­рын «оптимизация»­ жасап, оңтайландырып – Ауыл ша­руа­шы­лығы институты мен Зооветеринарлық мал­дәрі­герлік институтын бірік­тіріп, Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін құр­дық. Осы екі жоғары оқу ор­нының базасында нарық заманының биік талаптарына сәйкес әлемдік стандарттарға жауап беретін университет жасақтау оңай шаруа емес еді. Сондықтан бірауыздан Кенжекеңді ректор етіп таға­йын­дадық. Бұл саланың да­му, өркендеу мә­се­лелерін ке­шен­ді түрде ше­шу академик Кенжеғали Саға­диев сынды марғасқаның ғана қолынан келетін шаруа еді. Аталған қыз­меттерде К.Са­ғадиев бар­лық күш-жігері­мен аянбай еңбек етті. 

Еліміздің тарихында рес­пуб­ликаның 5 бірдей жоғары оқу орнын басқарған басшылар сирек кездеседі. Целиноград ауылшаруашылық институты, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, Халық­аралық бизнес университеті, Халықаралық ақпараттық тех­нологиялар университеті сынды айтулы оқу орындарын басқарып, өзін білікті ғалымдығымен қатар іскер басшы ретінде де таныта білген Кенжекең Қазақстанның Ұлт­тық ғылым академиясын бас­қарып, еліміздің жоғары заң шығарушы органы – Пар­ламентке депутат болып екі рет сайланды. Мұндай сирек талант пен таудай талап ұштасқан тұлғаның бойында іскерлік те, азаматтық та болуы заңды құбылыс сияқты.

Кенжекеңнің өсу жолы – табиғи өсу, оның мансабы­на талабы мен таланты сай.­­ Ұлттық ғылым акаде­мия­­­сы­­ның президент­тігіне ба­лама­л­ық жабық дауыспен ака­­демиктердің көпшілік дауыстарын жинап сайлануы – осының дәлелi. Ол акаде­мияның ғылыми құрылы­мы мен қызметкерлерін бұрыннан жақсы білетін. Оған осы үлкен ғылыми мекеменің ұйым­дастыру мен басқаруға байланысты проблемалары да бел­гілі болатын. 
Осындай жағдайда академик К.Сағадиев өз қызме­тінде негізгі мақсат етіп Қазақ­станның ғылыми-техникалық егемендігі мәселесін қойып, осы мақсатқа қол жеткізу ба­ғы­тындағы Ұлттық ғылым ака­­­­демиясының таяудағы мін­деттерін белгіледі. Нарықтық эко­номиканың қиындығы жан-жақтан анталап, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан тұс­тарда Кенжекең байырғы ғылым ордасының президенті ретінде елеулі мәселелердің ше­шімін табуға тұтқа болды. Осы орайда «Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым ака­демиясының мәртебесі және ғалымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Республика Президентінің Жарлығы шы­ғуы көп нәрсені аңғартса керек. Бұл Жарлықтың дүниеге ке­луіне сай республиканың ғы­лыми әлеуетін жаңа биіктерге бастайтын жол ашылды. Жас ғалымдарды қолдаудың жос­пары жасалды. Ғылымды дамытудың үздік бағыттары бойынша жаңадан төрт Ғы­лыми-зерттеу институты ашылды (Алматы қ., Жалпы генетика және цитология инс­титуты мен Әлеуметтану және саясаттану институты, Қа­рағанды қ., Фитохимия инс­титуты және Шымкент қ., Аймақтық экономика институты). 

К.Сағадиевтің жетек­ш­і­лік етуімен ғылыми кадрлар­дың басқа салаларға кетуін қысқартуға, диссертациялар қорғауды ынталандыруға, ҚР ҰҒА, ҒЗИ және ғылыми қыз­меткерлердің мәртебесі туралы заңдар мен қаулы жобаларын дайындауға, ғылыми қызметкерлердің зияткерлік меншігі мен әлеуметтік қорғау­ға байланысты салмақты ша­­­ра­лар қабылданды. К.Саға­диев ҰҒА жүйесіндегі қызмет­керлердің жалақысын екі есе көбейтуге қол жеткізді. Ол кі­­­сі­нің өтініш етуі бойынша Үкі­­мет көрнекті ғалымдар мен ғы­лым жолындағы талантты жас­­тарға мемлекеттік сыйақы тағайындау туралы шешім қа­былдағаны игі істердің бірі бол­ды.

Еліміздегі өткір эконо­ми­калық мәселелердің шешімін табуға ғылыми қызметкерлерді жұмылдыру мақсатында рес­публикалық ашық конкурс жа­рияланып, жеңімпаздарды марапаттауға ақшалай сыйлық тағайындалды. Ғалымдарды өз еңбегінің нәтижесін шығаруға қызықтыру үшін келісімшарт жағдайында жұмыс істеу кең түрде қолға алынды.

Дегенмен республикамыз­дың әлеуметтік-экономикалық өмі­ріндегі дағдарыстар ірге­лі ғылымның жай-күйіне әсе­рін мықтап тигізді. Сол се­беп­ті К.Сағадиевтің ҰҒА президенті қызметіндегі 2 жыл ішінде ғылыми-техника­лық қызметкерлерге үш рет қысқарту жүргізуге тура кел­­ді, осыған байланыс­ты­ зерт­­теу ауқымы азайып,­ кәсіп­орындарда ғылыми нәтиже­лерге сұраныс айтарлықтай төмендеді. К.Сағадиев ғы­­лы­­ми құрылымдар мен ізденіс­терді қаржыландырудың көп төмендегеніне қарамастан, осындай күрделі мәселелерді тиімді жолдармен шеше білді. 

К.Сағадиев осындай ке­мел­дікке тынбай еңбек етуі, жүйелі ізденіс пен сирек табиғи талантының арқасында жетті. Оның ұйымдастырушылық және жұмылдырушылық қабі­леті өте күшті. Осы қабілет­тері оның барлық еңбек орында­рында басшылық қызмет ат­қарған кездерде айқын көрінді. 
Қазақта «Текті туған жігіт­тің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзі­не лайық» деген сөз бар. Аб­зал азаматтың осындай құт-бере­кесін, ырыс-шапағатын шал­қытып отырғаны өзіне лайық жары – парасатты әрі мейірімді жеңгеміз Нағытай Әбітайқызының еңбегі деу керек. Ол кісінің «Жер бетінде қалған із» деген кітабы жарық көрді. Жеңгеміз кітабын «Бұл кітабымды жүрегіме гүл сыйлап, өмірімді нұрландырған Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев­ке арнаймын» деген сөзінен бастапты. Өзінің ауыр бала­лық шағын баяндағандағы мақсаты қазіргі бақытының шын бағасын көрсету сияқты. Нағытай жеңгемізден ердің басын төрге шығаратын нағыз қазақ әйелінің бейнесін көруге болады. Аталған кітабында: «Шоқтығын жауыр етіп алмас үшін хас тұлпарын қара шаруаға салмайтын дана хал­қымыздың түйсігімен күні бүгінге дейін Кенжекеңді күй­бең тіршіліктің шаруасына ара­лас­тырмау қаракетінен танбай келемін. …Азаматыңның бағы жанып, жолы ашылсын десе­ңіз, оны тұлпарды баптап мәпе­легендей күтіп, сыйлау керек» деп жазады. Қанша тума талант, хас шебер болса да, отбасының берекесі болмаса жүзі төмендеп, жігері мұқалатыны хақ.
Нағытай жеңгеміздің кіта­бынан келіндеріміз бен қызда­рымыз ұстазының сөзіндей жат­тап жүретін жолдарды кел­тіргім келеді: «Төзген әйел – озған әйел». Қарапайым, бұйы­ғы тіршілік кешетін адамның бабын табудың өзі қиын, ал ел ал­дындағы азаматтың жары болу нағыз сынақтың өзі ме деймін. Нағытай жеңгеміздің сөзімен айтсақ, «бұл митың жү­ріс, бұл күйбең тіршілік Кен­же­кең­нің тұла бойына жарас­пайды» деп  бүкіл тұрмыс күй­белеңін өзінің қолына алған жеңгеміз Жаратқанның нәзік жаратылысын да жоғалтқан жоқ. Ағамызбен бірге өткізіп жатқан өмірін барынша баянды қылып келе жатыр. Бір-біріне серік қана емес, қолдаушы дос бола білген осы екі сыйлы жанды Жаратқан адастырмай қосқандай.

«Тектіден текті туады, тек­ті­лік тұқым қуады» деген баба­ларымыз айтқандай, бүгінде Кен­­жеғали ағамыз бен Нағытай жең­геміздің осындай адал сезімі мен өнегелі тәрбиесін көр­ген Нұрлан, Ерлан, Ербол ұл­дары бүгінде әулет атын жақ­сы істерімен өз еліне де, шетелге де танытып жүр. Сол тәр­бие мен тектіліктің жемісі деп ойлаймын. Бүгінде Ерлан Кенжеғалиұлы еліміздің білімі мен ғылымының өрістеп, биік­теуіне бар жағдайды жасап, Ұлттық ғылым академиясына қол­дау көрсетіп келеді. 

Академик Кенжеғали Са­ға­диевтің басшылығымен 50-ден аса докторлық және кан­дидаттық диссертация қор­ғалды. Үздіксіз ізденіс пен ұдайы ұмтылыс өзінің зей­нетін де беріп келе жатқаны сөз­сіз. Айталық ол 1992-1993 жыл­дардың қорытындысы бо­йынша Кембридждегі халық­аралық өмірбаян орталығының ұсынуымен «Жыл адамы» атан­­ды. Бүгінде оның омыра­уында Еңбек Қызыл Ту (1980), «Халықтар достығы» (1986), «Парасат» (2003), «Ба­рыс» (2008), «Отан» ор­ден­­дері жарқырайды. Соны­мен қатар Пәкістан ұлттық академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің 3-4-ші шақырылымының депутаты болып сайланғаны және көптеген халықаралық, отандық университеттердің құрметті профессоры атағын алуы – қазақ ғылымы үшін үл­кен мәртебе.

К.Сағадиевтің ел Пар­ламен­тіндегі үш жылдық (2008-2010 жж.) қызметі рес­пуб­ликаның бар күші мен мүмкіндіктерін жұмылдыруды қажет еткен әлемдік эконо­ми­калық дағда­рыс пен оның жағымсыз сал­­д­ары кезеңіне тап келді. Бұл жағдайда академик К.Ә. Сағадиев тәжірибелі экономист ғалым және еліміздің де­путаттық корпусының аға буынының өкілі ретінде талай рет дағдарыс зардабын бәсең­детуге байланысты ұсыныстар жасап, одан арғы құлдырау салдарын төмендету жолдарын көрсете білді. Атап айтқанда, дағ­дарыс жылдары ол биік Пар­ламент мінбесінен орта және шағын кәсіпкерлікке Үкімет белгілеген шараларда көбірек қолдау көрсетуді ұсынды. 

Сол кезде ол ел Прези­ден­­тіне арнайы хат жолдап, онда елімізде стратегиялық жоспарлаудың жаңа, неғұрлым тиімді жүйесін құру қажеттілігі жөнінде баяндап, мемлекеттік ұйымдар жұмысында бірін- бірі қайталаушылықтың кез­­де­сетінін, ал мұның өзі жауап­­сыздыққа әкелетінін тура айтты. Ауылда көптеген фер­мерлер мен шаруа қожалық­тарының әлі де өндірістік коопе­ративтер­ге біріге алмай отыр­­ғаны, сондықтан жекелеген қожалықтар өздері үшін де, мемлекет үшін де пайда келтіре алмайтыны да осы хатта сөз болған еді.    

Академик К.Сағадиев ғы­­­лыми жұмыстарын жа­ңа­ биік­терге көтеріп, халық­­­ара­­­лық аренада өте жоға­ры­ бе­делге ие болуда Оның жа­­­қын­да ағылшын ті­лін­­­­де шыққан «Reforms in Kazakh­stan: Analytical view» («Қазақ­стандағы рефор­ма­лар: Анали­тикалық көз­қарас») атты монографиясы дүние жүзінің маң­дай алды, жетекші ғалым­дарының оң­ бағасын алды. Кем­бридж­­ университетінің про­­фессорла­ры С.Саксен, Ш.Фен­­­нел, Мәскеудің Ло­моно­сов атындағы әйгілі уни­верситетінің (ММУ) профессоры А.Бузгалин және т.б. ға­лымдардың берген баға­сын бір ауыз сөзбен топтайтын болсақ, академик К.Са­ғадиевтің бұл кітабында алғаш жарияланған, басқа басылымдарда қаралмаған тың идея­лар мен посткеңестік дәуірде экономикалық дағда­рыс­тан шығудың оңтай­лы әдістері, тәуелсіздік тұғы­рын қалай мықтап бекітіп, жаһан­­дық нарық экономикасына ену үдерістері түбегейлі қарас­тырылған. 
К.Сағадиев кейінгі жас­тар түгіл, біздің қатарымызға да үлгі боларлық тағылымы мол азамат, биік тұлға, ғұлама ғалым, сөйлесе шешен, бас­таса көсемдігі де кем емес ше­­бер ұйымдастырушы. Бұл жай мерейтойға ғана айтыла салатын жел сөз емес. Мен Кен­жекеңнің осы ерекшелік­терін, жоғарыда айтылғандай, жақыннан байқаған, көрген адаммын.

Бүгінде Кенжеғали Әбен­ұлы кемеліне келiп, болашақ­қа деген үміт-мақсатына шың­далып жетіп отыр. Алда талай асулар бар. Ол – ғылым, бiлiм асулары. Тәуелсiз еліміздің керегесі қатайып, терезесі алпауыт елдермен теңесіп келе жатқан даму, өркендеу жолының алғы шебіндегі нар азамат Кенжеғали Әбенұлына, зор денсаулық, ұзақ өмір, баянды бақыт тілейміз!

Мұрат ЖҰРЫНОВ, 
Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты