Әлем • 19 Ақпан, 2018

Олимпиада корейлерді татуластыра ма?

384 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шартараптың Корей түбегіне телміргеніне бірнеше күнге жуықтады. Пхенчханда төрт жылдықтың байрақты бә­се­кесі Олимпия ойындары өтіп жатыр. Сондай-ақ аймақта дүб­ір­лі додадан бөлек, саяси мәселелердің де көрігі қызып тұр. 

Олимпиада корейлерді татуластыра ма?

Олимпиада алдында Сол­түстік Кореяның прези­денті Ким Чен Ын ел спортшыларын бәсекеге жіберуге және оңтүс­тіктегі көршілерімен бір­­ге сынға түсіруге әзір еке­нін мә­лім­деген-ді. Оның нәти­же­сін ойындардың ашылу сал­­та­натында тамашаладық. Тұң­ғыш рет КХДР мен Оңтүстік Корея спортшылары бір ту астында алаңға шы­ғып, хоккейден са­йысқа түсті. Бұдан бөлек, сал­танатты шараға Солтүстік Кореяның білдей екі лауазымды дипломаты – бұрынғы сыртқы істер министрі Ким Ён Нам мен ел басшысы Ким Чен Ынның қа­рын­дасы Ким Йо-Йонг қатысты. Екі ел арасындағы мұндай дип­ло­матиялық бай­ла­ныстың орнауы Олимпиа­даның адамзатқа әкел­ген жақсылығы мен бейбіт­шілікті нығайтудағы рөлін айқын­дай түседі.

Корей түбегіндегі шиеле­ністің кейінгі кезде күшейіп кеткені белгілі. КХДР тарапы 2017 жылы 70-ке жуық бал­листикалық зымыран ұшырды. Соның екеуі – құрлықаралық баллистикалық зымыран. Был­тыр­ғы қыркүйекте бұл ел термо­ядролық қаруды сынақ­тан сәтті өткізді. Солтүс­тік ­Ко­­­рея­­ның бұл қадамына ха­лық­аралық қо­ғам­дастық на­разылық танытып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі елге санкция салу жөнінде қарар қабылдаған-ды.

Мәселенің бұлай бағыт алуы Солтүстік Кореяны тара­зы­ның бір басына, халық­аралық қоғамдастықты екінші басына шығарып отыр. Алайда кейінгі оқиғалар Пхеньян билігінің келіссөздерге әзір екенін көрсет­ті. Мысалы, Ким Йо-Йонг баста­ған делегация Сеулдегі Көк үйде Оңтүстік Корея пре­зиденті Мун Чжэ Инмен кез­десіп, бірқатар мәселелерді тал­қылады. Әңгі­ме барысында К.Йонг оңтүс­тіктегі көршілерін өз елі­не ша­қырды.

Әйтсе де, Олимпиада ба­­ры­­­сын­дағы келіссөздер тү­бек­­тегі геосаяси жағдайды тұ­рақ­­тандыруға әсерін тигізеді де­генге сену қиын. Оңтүстік Корея мәселені диалог арқылы ше­шуден үміттенеді. Бірақ мұның қаншалықты тиімді болаты­ны алдағы уақытта анық­тал­мақ. Кейбір сарапшылар КХДР-дың бұл қадамын Олим­­пиаданы пайдаланып уақыт ұтып, елге салынған санкция­ны жұмсартуға талпыныс деп бағалап отыр.

Солтүстік Кореяға кү­дік­­­пен қа­раудың себебі же­тер­лік. Бірін­шіден, Ким Чен Ын режімінің Мун Чжэ Ин әкім­­­­шілігімен ашық диалог орнатуға талпынысы олар­дың ядролық қаруды игеру ниетінен бас тартты дегенді біл­дірмейді. КХДР тарапы атом бомбасына қатысты жобасын жалғастыра беретінін талай мәрте мәлімдеген-ді. Оның үстіне Олимпиада алдында Пхеньянда кең көлемде әскери парад өткізіп, әскери күшінің қарымын паш етті.

Қазіргі таңда БҰҰ Сол­түстік Кореяға қатысты санкция салу жөніндегі қарар қа­был­­даған. Соған сәйкес он­да та­уар экспорттауға жә­не импорт­тауға тыйым са­лы­н­­ған. Қысқа мер­зімде сан­­кция КХДР-дың сағын сын­дырмағанымен, уақыт өткен сайын елдегі ахуалдың қиын­дай беретіні айтпаса да түсі­нікті. Мәселен, Рейтер агент­тігі­не сұхбат берген Пхе­ньян­да тұ­ратын шетелдік азамат халық­­тың жағдайы қиын екенін жеткіз­ген. Оның айтуынша, мейрам­ха­наларға баратындар мен баға­лы тауарлар сатып ала­тын­­дар саны күрт азайған. Жа­нар-жағармай құны аспандап, көліктер тоқтап қалған көрінеді.

Оңтүстік Кореяның бірі­гу жөніндегі министрлігі сол­түстіктегі көршілерінің деле­­гациясын әкелген кеме қай­тар жолға жанармай құйып беруді өтінгенін хабарлады. Білдей бір елдің өкілдерін әкелген паромның мұндай сұранысы елдегі жағдайдың мүшкілдігін көрсететіні анық. Былтыр КХДР-дан қашқан сарбаздың әрекеті де шартарапты шулат­қаны есімізде. Жарақат алған жауынгерге операция жасаған хирургтер оның ішегінен ұзындығы 27 сантиметрге жуық құрт тапқан. Кейінірек дәрігерлер мұның себебін дұрыс тамақтанбау мен сани­тарлық талаптың нашар болуымен түсіндірген еді.

Ендеше Пхеньян билігі Олим­пиаданы сылтауратып, өздеріне салынған санкцияны жұмсартуға және халықаралық қоғамдастық пікірін өзгертуге талпынатыны анық. Әзірге КХДР байрақты бәсекеге Оң­түс­тік Кореямен бірге қа­тыс­са да, ядролық қарудан бас тарт­қан жоқ. Сондықтан тү­бектегі түйт­кілдің түбегейлі шешілуіне әлі ерте секілді.

Аймақтағы қазіргі саяси ахуал Оңтүстік Кореяны екі оттың ортасында қалдырып отыр. Ел президенті КХДР-ға шақырту алды. Сеул билігі ресми сапар кей мәселелер сақталғанда ғана болатынын тұспалдап жеткізген. Тіпті кездесу егжей-тегжейлі ұйым­­дастырылса да, Ким Чен Ын көрші елдегі әріптесінің жап­пай қырып-жоятын қарудан бас тарту жөніндегі ұсынысына ке­­лісе қоюы екіталай. Алда-жал­­да екіжақты әңгімеде ортақ мә­­­мі­леге қол жетпесе, екі ел ара­сын­дағы қарым-қатынас құл­­дырай түсетіні бесенеден белгілі.

Олимпиада алдында­ Мун­ Чжэ Ин Ақ үй басшысы До­нальд Трамптан жыл сайын өт­кі­зі­летін АҚШ пен Оң­түстік Кореяның біріккен әс­кери жаттығу жиынын кейінге шегеруді сұрады. Сеул билі­гінің пікірінше, ақпан мен наурыз аралығында өтетін бұл шара татулыққа бастар жолға кедергі келтіруі ықтимал. Алайда мұндай өтініш Ақ үйге ұнаған жоқ. Мәселен, Al Jazeera арнасы Олимпиаданың ашылу салтанатындағы АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс­тің көңілсіз келбетін Вашинг­тонның ұстанымы өзгеше еке­нін көрсетеді деп есеп­тей­ді. «Рейтер» агенттігі Сол­түстік Кореяның делегаты сал­танатты шара өткен ке­­шенге кіргенде, басқа дип­ломат­тар­дың тұрып қошемет көр­сетке­ні­не, М.Пенстің ғана орнынан тұр­мағанына ерекше назар ау­дар­ған. Агенттіктің пайым­дауынша, бұл АҚШ өкі­лінің Солтүстік Кореядан келген делегацияға оң қабақ танытпағанын білдіреді.

Сонымен қатар КХДР мен Оңтүстік Кореяның ортақ келі­сімге ұмтылуы Жапония­ның да қитығына тиген сы­ңайлы. «Күншығыс елінің» премьер-министрі Синдзо Абе Сеул би­лігін Олимпиада аяқ­тала салысымен әскери жат­тығуды жал­ғастыруға ша­қырды. «АҚШ – Оңтүстік Корея арасындағы ортақ жат­тығуды кейінге шегеруге бол­майды», деген еді С.Абе Көк үйде Оңтүстік Корея президентімен кездесуде. Алайда Мун Чжэ Ин мұның ішкі мәселе екенін айтып, сыпайы түрде әріптесінің ұсынысынан бас тартты. Жалпы, Жапония бі­ріккен әскери жаттығуға қа­тыспайды. Алайда самурай­лар елі үшін оның маңызы зор. Өйткені КХДР өздерінің бал­­листикалық зымырандарын Жапония аспанынан бірнеше мәрте ұшырып, бүкіл елді әбігерге түсірген болатын. Алда-жалда Солтүстік Кореямен кикілжің туа қалса, Жапония АҚШ-тың көмегіне жүгінетіні белгілі. Ендеше Токио үшін америкалық қа­рулы күштердің сақадай сай бол­ғаны керек.

Алдағы уақыт Оңтүстік Корея үшін маңызды болмақ. Біріншіден, Сеул тарапы «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» АҚШ-тың да, Жапонияның да көңілін табуы тиіс. Екіншіден, екі аптадан кейін Олимпиада аяқталады. Одан кейін түбектегі түйткіл қалай болмақ? Солтүстік Корея келіссөздерді одан әрі жал­ғастыруға әзір ме? Бұған халық­аралық қоғамдастық қа­лай қарайды? Бұл жағы әзірге жұм­бақ.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»