Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Ғылымға қиянат емес пе?

440 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаңтар айының соңғы күндерінің бірінде еліміздің ауылшаруашылық ғылымдарының бір топ ғалымдарының Бас прокурор мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының атына жазылған ашық хаты жарияланды. Олар осы саланың 2018-2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулеріне грант бөлу бойынша өткізілген конкурстардағы бұра тартушылықтарға наразылықтарын жеткізген болатын. Соның ішінде ғалымдар Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен сарапшылардың біліктілігіне шүбә келтіреді. 

Ғылымға қиянат емес пе?

bilim-all.kz

Конкурс бірнеше кезеңмен жүргізі­ле­ді. Бірінші кезеңде халықара­лық және отандық тәуелсіз, арнаулы сарап­шылар өз қорытындыларын береді. Екінші кезеңде Ұлттық ғылыми кеңес­тің мүшелері таңдаулы жобаларды қолдауға тиісті-тін...

Осы соңғы кезеңдегі конкурстың қорытындысы биыл жұрттың бәрін таң қалдырып, бірінші кезеңде 16-19 ұпайдан жинағандар жеңімпаз деп танылып, 30 ұпай алғандар қалыс қалған. Мәселен, кеңес басшыларының бірі қатысқан 20 ұпай алған жоба 582 үміткердің ішінен 450-ші орын алғанына қарамастан жеңімпаз болып, бюджеттен бөлінетін қыруар қаражатқа қол жеткізді. Осы мәселеге байланысты БАҚ-қа берген түсінігінде ғылыми кеңестің төрағасы алғашқы кезеңде берілген ұпайдың шешім шығаруға негіз бола алмайтынын айтты. Сонда мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөліп, жалданған комиссия мүшелерінің пікірінің ешкімге керегі жоқ па? Бір сараптамаға 250 АҚШ доллары бөлінгенде, барлық 4500 сараптамаға шығындалған бір млрд-тан артық теңге желге ұшқан деген сөз емес пе, бұл!?

Сайып келгенде шетелдік білікті мамандардың жоғары бағасын алған озық жобалар айдалада қалып, пайдасы аз жобаларға қыруар қаражат бөлінген. Сол озық жобалардың ішінде Ел­басының АӨК-ті цифрландыру жөнін­дегі тапсырмасын іске асыруды көздеген жобалар да бар.

Кейбір ғалымдардың айтуына қара­ғанда, Кеңестің мұндайға жол беруі­нің себебі – оның мүшелерін таға­йындау­да біржақтылықтың болуы. Мәселен, барлық 17 мүшенің 3-уі бір ЖОО-дан тартылған. Ал көптеген белгілі ЖОО мен ҒЗИ-лардан бір мүше де алынбаған. Шетелдік озық мамандарды Кеңеске тарту керек деген өтініш те ескерілмеген. Бұра тартушылықтың тағы бір себебі Кеңес құрамына өз жобаларын ұсын­ған ғалымдар да енгізілгені деп ойлай­­мыз. Өйткені, әркімнің өз жобасын өткізуге ұмтылатыны белгілі.

Ұлттық кеңестің шешім қабыл­дау жылдамдығы да күмәнді ойларға жетелейді. 580-нен артық жобаны қарауға бар-жоғы 3 күн ғана жұмсалған, ал кейбір бағыттар бойынша осынша жоба 2 аптадан артық уақыт қаралған.

Осындай факті 2015 жылы 2015-2017 жылдарда іске асырылатын жобаларды қарағанда да кездескен еді. Онда да Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы дабыл көтерген. Біздің дабылымызды Есеп комитеті дұрыс деп санап, 10 млрд теңгеден артық сома ешқандай нәтиже бермегенін анықтаған. Сонымен бірге 41 жобаның жетекшісі Ұлттық кеңеске мүше болғаны белгілі болған еді. Міне, осындай жағдайдың бұдан бұрын болғаны ескерілмей, «баяғы жартас – бір жартас» қалпында қалып отыр.

Осының бәрі мемлекеттің ешқан­дай нәтиже бермейтін жобаларды қар­жыландыруына соқтырып отыр. Мұн­дай келеңсіздіктер нағыз ғалым­дар­дың ізденіп, жаңа, нәтижелі жобалар дайындауға ынтасын жойып отырғаны да жасырын емес.

Мәжілістегі «Ақ жол» демо­кратия­лық партиясының фракциясы осы мәселелердің бәрін депутаттық сауал арқылы Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевқа жеткізіп, осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.

Меруерт ҚАЗБЕКОВА,

Мәжіліс депутаты