Қысқы спорт • 19 Ақпан, 2018

Қысқы олимпиада: Үміт оты сөнер емес

319 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Пхенчхандағы 17 күнге созылатын байрақты бәсекенің он күні көрген түстей зу етіп өте шықты. Әзірше Қазақстанның қоржынында өскемендік өжет қыз Юлия Галышеваның қола медалі ғана. Үміт күткен Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд сын сәтте үмітті ақтай алмады. Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді мүлдем тани алмай қалдық. Ол іріктеу сынында небәрі 70.12 балмен келесі айналымға шыға алмай, жерлестерін жерге қаратты. Шаңғышы қыз-жігіттеріміз қою шаңның ішінен шыға алмадый, елу, алпысыншы орындарды місе тұтты. Шорт-трек шеберлерінің шамасы белгілі болып қалды, олар да іріктеу сынына аса алмады. 

Полтораниннен жүлде күтеміз

Алматыдағы «Комплит-Сер­вис» халықаралық туристік ком­паниясының президенті Әбіл­хан Сәрсенбаевпен, оның менеджерлері Асқар, Ера­лы, Абзалмен күн сайын дер­лік кездесіп қаламыз. Олар қазақ­стан­дық жанкүйерлердің бірі келіп, келесілері аттанып жат­қанын, олардың орнын басқан турис­тердің Пхенчхан мен Каннындағы қонақүйлерге орналасып жат­қа­нын, Олимпиадаға екі жүзге тар­та туристің келгенін тілге тиек етті. Тіпті күні кеше атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов қонақ ретінде Олимпиада қала­шығына келіп, қазақстандық саңлақтармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі. Лиллехаммер Олимпиадасының қаһарманы В.Смирнов ізбасары Алексей Полторанинге ыстық ықыласын білдіріп, қазақстандықтардың өзінен тек жеңіс күтетінін айтты.

Жанкүйерлердің есіне сала кетейік, 24 ақпанда Ас­та­на уақытымен 11.00-де 50 шақы­рым­дық марафон басталып, ол телеарналардан көрсетіледі. Классикалық әдіспен жүгірудің майталманы Алексейдің бағы қашанғы байлана бермек, өзінің төртінші Олимпиадасында намысты жанып, еліміздің көк туын желбіретеді деген үміттеміз. Марафонда Алексейдің басты қар­сыласы фин шаңғышысы Йиво Нисканен ғана болады деп бол­жанып отыр, қос саңлақтың жеңіс коэффициенті 4-ке тең.

Сонымен 16 және 17 ақ­панда жерлестеріміз қалай өнер көрсетті? Турасын айтайық, көңіл көншітпейді. Денис Тен туралы айттық, 27-орынмен жарыстан шығып қалды. Тау шаңғышысы Мария Григорова слаломда өнер көрсетіп, біріншісінде 54-ші, ал екінші жүгірісінде 54-орынды иеленді. Ал жасы келіп қалған Игорь Закурдаевтан медаль күтудің өзі күлкілі, супергигантта небәрі 41-орынды қанағат тұтты. 15 шақырымдық еркін әдіспен жүгіруде шаңғышыларымыз Виталий Пухкало, Евгений Величко, Денис Волотка 54, 61, 64-ші орындарға сырғыды. Шаңғымен тұғырдан секіруші Сергей Ткаченко да іріктеуден өткенімен, одан кейін жақсы нәтиже көрсете алмады.

Сенбіде, яғни 17 ақпанда да қазақстандықтарға сәттілік серік болмады. Бұл күні жерлестеріміз спорттың үш түрі бойынша өнер көрсетті. Шорт-тректен 1500 метрлік қашықтықта сынға түскен Анастасия Крестова пенальти алып, жарыстан шығып қалса, Оңтүстік Кореядан аттай қалап шақырып алған Ким Ионг А төртінші келіп, жартылай финалға өте алмады. Фрис­тайлдың акробатика түрінен бақ сынаған Ильдар Бадрутдинов та жарысты ерте аяқтады. Ал кеше Алексей Полторанин бастаған шаңғышылар Виталий Пухкало, Евгений Величко және Денис Волоткой эстафеталық жарыста сегізінші орын алды. Бәсекені Полторанин жақсы бастап берді. Өзінің айналымында мәреге бірінші келгенімен, оның жеңісті жолын құрамадағы әріптестері жалғай алмады. Сөйтіп біздің спортшылар эстафета жеңімпазы атанған Норвегия құрамасынан 3 жарым минут артта қалып қойды.

Моңғолия азаматтары – бізге жанкүйер

Олимпия ойындары ке­зінде жерлестерімізге жан­күйер болған Моңғолия аза­мат­тарын да кездестірдік. Со­ның бірі – Моңғолиядағы тау-кен ассо­циациясының президенті Дамба мырза. Кезінде Ресейде білім алған, қазақстандық әріптестерімен қарым-қатынастағы азамат жұбайы Батжарғал, жиені Моих Эр­денемен бірге Галышева қола медаль алған күні бізбен бірге тілеулес болды. Шын ықы­ла­сымен құттықтаған Дамба мырза:

– Бізде қысқы спорт дами бас­тады. Азия ойындары мен ха­лықаралық жарыстарда топ жар­масақ та, тәжірибе жинап жа­тырмыз. Осы жолы Олимпиа­даға екі спортшы келді. Моң­ғо­лияның туын алып шыққанын көр­ген шығарсыздар. Қазақстан­ның жетістігіне біз де қуанамыз. Екі ел арасында экономикалық сауда-саттық өркендеп келеді. Пре­зидентіміз спортты ерекше жақсы көреді, самбо күресінен әлем чемпионы атанған. Қазақстанға деген ыстық ықыласы да айтарлықтай. Ел басқаруға келген өткен жылы қазақ азаматтарына сенім білдіріп, лауазымды қызметтерге тағайындады, – деді.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

журналист, арнайы
«Егемен Қазақстан» үшін

Пхенчханнан (Оңтүстік Корея)

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше