Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

82 жастағы қарияның әңгімесі: Әдемі қартаюдың үш сыры

793 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

80 жасқа келгеніңізді қалай елестетер едіңіз? Ес-ақылыңыздан алжаспай, тың денсаулықпен қатар айналаңыздағылармен әңгімеңіз жарасып жүруді ойладыңыз ба? Айтқанға оңай, дегенмен сексеннің сеңгіріне шыққандарға ойнап-күлу былай тұрсын, қарға адым жер мұң болып жататыны рас. 

82 жастағы қарияның әңгімесі: Әдемі қартаюдың үш сыры

Соңғы жылдары әлемде кәрілікпен күресу үрдісі белең алып келеді. Осы ретте танымал суперэйджерлердің бірі Ирен Оберді жасы 84-тен асқан кейуана деп әсте айта алмайсыз. Әбжілдігімен көзге түскен спортшы зейнет жасындағы жеңілатлеттердің арасында қатарынан төрт жыл бойы рекорд орнатып, жүлденің алдын бермей келеді. Ирен тәрізді әдемі қартаюдың озық үлгісін көрсетіп жүргендерді бір сөзбен суперэйджер дейді, яғни мағынасы «кәріліктің дауасын тапқандар» дегенге саяды. Бұл қатарға жасы 82-ден асқан алматылық қария Виктор Андреевичті қосуға болады. Қимылы ширақ, денсаулығы тың.

Оның өмірлік ұстанымы өте қарапайым қисынға құрылған: «Қозғалыс – физикалық күш қана емес, ойдың қозғаушысы».

Көшесінен көктем аңқып тұратын Алматының әдеттегі бір күні Көк-төбенің басынан жаяулатып түсіп, Достық көшесінің бойымен аяңдап келе жатқанбыз. Кенет қасымызға қатарласа берген әлдебір қария өзін таныстырып, қолтығына қыстырған кітаптарын көрсете берді. Ашық-жарқын қариямен әңгімеміз бірден жараса кетті. Осы маңайда көңілі қалаған адамына өзінің авторлық кітаптарын көрсетіп, келіскен бағада ұсынып жүрген беті екен.

Виктор Андреевич жаттығуды күнде таңғы сағат 5-те бастайтынын айтады. Хамит Ерғали жағалауын бойлай отырып, трамплинге дейін жүгіріп барады. Таңғы жаттығуды орындағаннан соң, тура осы маршрутпен үйіне дейін 11,5 шақырымды артқа тастайды. «Қарттықтан өткен соң бақытты балалық шақ басталады дейді ғой. Мен өзімді өте жеңіл сезінемін. Күнделікті жаттығуға шамамен екі жарым сағаттай уақытым кетеді», дейді ол.

Өз өмірі мен 40 жылдық тәжірибесін арқау ете отырып салауатты өмір салты туралы жазып шыққан оқулығында жүгіру, су, дұрыс тамақтану үштігін ерекше атаған.

«Адам қозғалыста жанданады. Дәл осы себепті үнемі жүгіруді, жаттығуды тоқтатпау керек. Жастарға жүгіргенде таяқ ұстамаған дұрыс. Ол кәрілік әбден жеткендерге арналған. Жасым 82-ге келген менің өзім таяқты керек етпеймін. Жастарға тоқтамай жүгіріңдер деп айтқым келеді. Жүгіру – тамаша көңіл-күй, денсаулық, сарқылмас күш-қуат сыйлайды», дейді біздің суперэйджер.

Виктор 2000 жылы асқазан жарасы диагнозымен операция жасатуға мәжбүр болған. Операциядан соң дәрігер кеңесімен жаттығуды күшейте түскен. Бүгінде оның спортпен белсенді шұғылданып келе жатқанына қырық жылдан астам уақыт болған. Оның сөзінше, әдемі қартаю үшін дене саулығынан бөлек, ми қызметінің жаттығуы да өте маңызды. «Үнемі миды ойға дағдыландырып, оны дамытқан жөн. Әйтпесе ми солып қалады» деген Виктордың сөзінде үлкен шындық жатыр. Калифорниядағы қартаю мәселелерін зерттейтін институт ғалымдарының «адам өз өмірінде ми жаттықтыруды әдетке айналдырса, психиканың әлсіздігін (деменеция) болдырмауға септескен болар еді», деген мәлімдемесі біздің қарттың сөзін растай түседі.

Виктор үнемі күліп жүреді әрі жаңа мақсаттарды жүзеге асыруда шаршаған емес. Ол сөз арасында кезекті әңгімелер жинағын шығару үшін қамданып жүргенін айтып қалды. Жинаққа енген композитор Шәмшімен кездесуі туралы естелігі жайында да қуана әңгімелеп берді.

«Гвардия аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып тұрған тұста облыстық партия комитетінен қоңырау түсті. Алматы облысы, Қоғалы селосына Шәмші Қалдаяқов келе жатыр екен. Ол кезде Шәмшінің атағы аспандап тұрған кез. Мектеп оқушыларын дайындап, Шәмшінің әндерінен концерт қойып бердік. Концерттің жалғасы кешкі асқа ұласты. 60-шы жылдары «Московские окна» әнінің дүркіреп тұрған кезі-тұғын. Шәмшінің алдында орындап бергенімде, «жолдастар, осы бір тамаша ән үшін көтеріп қояйық!» деп Шәмші ерекше риза болғаны бар. Мен үшін Қалдаяқовтың әндері баға жетпес қазына іспетті, жаным сүйсінеді. Шығармада дәл осы Шәмші мінезі мен әндері жайында сөз қозғалады», дейді ол.

Зейнеткердің бүгінге дейін «Махаббат және жылан» атты романы мен салауатты өмір салты туралы оқулығы жарық көрген. Кітаптарды баспаға беру, оқырмандарға тарату ісіне дейін тікелей өзі атқарады.

«Соңғы жылдары әдебиетті кітап дүкендері арқылы тарату қиындап кетті. Әуелгіде дүкендерге беріп көрдім де. Пайдасыз аз әрі күрделі. Оның үстіне кітап дүкендеріне баратындар да азайды ғой. Менен кітаптарымды көшеде кездескен жастар мен студенттер көп сатып алады, жақсы пікірлерін білдіреді. «Кітап оқитындар аз» деген жаңсақ пікір. Мысалы, 390 беттік романымды жарыққа шығаруға қаладағы ірі компания демеу болды», дейді Виктор Андреевич.

Біз осылай аяңдап әңгімелесіп келе жатқанымызда діттеген межеге жетіп те қалған екенбіз. Қариямен жылы қоштасып, көзімізбен ұзатып салдық.

«Кәрілік – құтылмайтын бір қазған ор» демекші кәрілікпен күрес жаһандық мәселенің біріне айналып отыр. Сыпайылап «мәңгі жастықтың формуласы» деп жатамыз. 2017 жылғы ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда өмір сүрудің орташа ұзақтығы 72 жастан асқан. Ал 2050 жылы 65 жастан асқандардың саны ұлғайып, жер бетінде қарттар 1,5 млрд адамға артады деп отыр.

Ая Өміртай,

«Егемен Қазақстан»