Қазақстан • 19 Ақпан, 2018

Айнұр Әбдірәсілқызы: Мемлекет үшін заңнама – қастерлінің қастерлісі

1419 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат.

Айнұр Әбдірәсілқызы: Мемлекет үшін заңнама – қастерлінің қастерлісі

− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Осы жобаны дайындау үдерісінің алғышарттарына тоқталып өтсеңіз. Онда Сіз басқаратын орталық тарапынан енген ұсыныстар бар ма? Әлемдік тәжірибе қаншалықты ескерілді?

– Заңгерлік қисын бойынша кез келген заң әдетте шамамен он жылға есептеліп жасалады. Яғни заңды әзірлеу кезінде ағымдағы ахуал, күн тәртібіндегі қажеттіліктер ғана емес, алдағы таяу онжылдықта орын алуы мүмкін үдерістерге де болжам жасалып, талданып, сарапталып, жеті рет өлшеп, бір рет кесілген ережелер жасақталады.

Дегенмен қоғам тіршілігі – жанды әрі аса белсенді үдеріс, жаңа қатынастар үздіксіз туындап жатады, ол өз кезегінде еңсерілмеген мәселелерді алға тосады. Ал құқықтық мемлекет құруға бет алған қоғамда барлық қатынас заңнамалық нормалармен реттеледі. Сондықтан әрбір саладағы заңнамаға қажеттілігіне орай кезең-кезеңімен өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыруы заңды. Экономика саласындағы кейбір заңнамаларға кейде жыл сайын өзгеріс енгізуге тура келетінін де жұртшылық жақсы біледі.

Әлемдік қоғамдастық назарында тұрған дін саласында да қазіргі кезеңде  тоқтаусыз құбылыстар орын алуда. Бұл ғаламдық интеграцияның, ақпарат ағымының, қозғалыс белсенділігінің ғана емес, саяси мүдделер қақтығысы мен рухани ізденістердің күшеюінің де заңды  салдары  болып табылады. Оның Қазақстандағы көріністері де көпшіліктің көз алдында.

2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғаннан бері діни қатынастар саласында да, діни сана дамуында да елеулі өзгерістер болды. Теріс пиғылды және деструктивті діни ағымдар белсенділігінің күшеюі жалпы қоғамда, әсіресе жастар және жасөспірімдер арасында дін атын жамылған залалды идеологияның таралуына заңмен тосқауыл қоюды күшейту қажеттілігін негіздеп отыр. Шет елдерде діни білім алу мәселесін реттеуді күшейту, діни ұрандар мен атрибутиканың орынсыз қолданылуын шектеу, мемлекеттік мекемелердің діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-әрекетінің тиімділігін арттыру, діни қатынастар субъектілеріне бақылауды күшейту, дін ұстану немесе ұстанбау секілді мәселелердің заң аясында реттелуін күшейтудің өзектілігі айқындала түсті.

Сондықтан діни қатынастар саласын реттейтін заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттілігі пісіп-жетілді деуге толық негіз бар.

Ал әлемдік тәжірибеге келсек, кез келген үдерісте әрине, бірінші кезекте отандық және әлемдік тәжірибе зерттеп-зерделенеді. Дегенмен әлемдік тәжірибені зерттегенде үнемі алдан шығатын ақиқат сол – барлық елдердің заңнамаларына өзгеріссіз енгізе беретін әмбебап норма деген болмайды. Әрбір мемлекеттік тарихи қалыптасқан саяси-құқықтық үлгісі, мәдениеті мен менталитеті, ішкі-сыртқы саяси ахуалы мен саясаты, өзіндік даму үрдістері бар. Заңнамалық нормалар көзсіз көшіруді көтермейді. Сондықтан әлемдік тәжірибе есепке алынады, бірақ негізге алынбайды.

Біздің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы дін саласындағы уәкілетті органның ведомостволық мекемесі болғандықтан, заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесіне 2017 жылдың басынан бері тұрақты түрде араласуда. Дін саласындағы басқа да құбылыстар секілді заң жобасына да Орталық өзінің нақты ұсыныстарын берді және барлық талқылау шараларына толығымен атсалысып келеді. Оның кейбір мысалдарына сұхбат барысында тоқталармыз.

– Қоғам тарапынан заң жобасының кейбір нормаларына қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Әсіресе, 16 жасқа дейінгі балаларды ересектерсіз діни рәсімдерге қатыстыруға қойылған тиымға қатысты алаңдатушылық айқын аңғарылып тұр. Сіздіңше осындай шешімнің қабылдануы қаншалықты дұрыс болды?

– Мемлекеттік мекеме қызметіндегі ешбір мәселе жеке тұлғаның қалауына орай шешілмейді. Ал заңнама – мемлекет үшін қастерлінің қастерлісі. Сондықтан кәмелетке толмаған балалардың діни бірлестікке ата-анасының бірінің қатысуынсыз жіберілмеуі мәселесі де әбден екшеліп, назардан тыс қалдыру мүмкін болмағандықтан заңнамаға енгізіліп отыр.

Мемлекеттік мекеме қызметіндегі барлық түйткілдерді қоғамдық ортаға шығара беру мүмкін де, міндетті де емес. Тұрғын халықты орынды-орынсыз алаңдатпау үшін барлық жайттың жариялана бермеуі де заңды. Дін саласындағы уәкілетті органға кәмелетке толмаған балаларының дінге шектен тыс қызығушылық білдіруіне алаңдаушылық танытқан ата-ананың, ортақ перзентін бөгде бір діни бірлестікке жетелеп жүрген жарының әрекетіне тоқтау салуды сұраған азаматтардың, ішінара діни бірлестік өкілі уағыз-насихатының қалыптаспаған балаң тұлғаға кері әсер етуінен қауіптенген жеке тұлғалардың жанайқайы хат түрінде қаптап болмаса да, жеткілікті дәрежеде жетіп жатады. 

Бұған қоса елімізде мектеп жасындағы балалардың мемлекет алдындағы міндеттерінен дінге қатысты қызығушылықтарын жоғары қойып, дін ұсынған жеңілдіктерді де ескермей, сабақ уақытында діни ғибадат жасауға кетіп қалуы, жекелеген жағдайларда шектен тыс қызығушылықтың дәстүрлі емес ағымдар жетегіне ілесуіне соқтыруы, ақ пен қараны ажырата алмай, экстремистік мазмұндағы материалды таратуға әуестенуі де кездесе бастады.

Ішінара діни бірлестік қызметкерлері тарапынан кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты келеңсіз қатынастардың орын алуы да шаң беріп отыр. Осының бәрін ескерусіз қалдыру халық қауіпсіздігін ойлаған мемлекеттің елдігіне сын болар еді.

Айтпақшы, шетелдік ащы тәжірибені осы тұста ескеру орайлы. Дәл осы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни бірлестікке бару мәселесін заңнамалық тұрғыдан зерделеу барысында біз жан түршігерлік фактілерге тап болдық. Діни бірлестік өкілдері тарапынан жасөспірімдерге қатысты жасалған зорлық-зомбылық әрекеттер соңғы онжылдықта шектен шыға бастаған.

Англия, Америка, Германия, Бельгия, Ирландия, Жапония, Пакистан, Ауғанстан, т.б. дамыған және дамымаған елдердің мұндай қылмыстан аман қалған бірі жоқ. Өкінішке орай, өзге әлемдік, дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің қызметкерлерімен қатар исламды ұстанушылар да жасөспірімдерге қиянат жасамай қала алмапты. Ғаламтордағы қолжетімді ақпаратты көктей шолып шыққанның өзінде біздің назарымызға осындай 2000-ға жуық қылмыс ілікті.

Жалпы жұртшылықтың мұндай шетін мәселелердің шет-жағасын білетіні айқын, дегенмен дәл осы деңгейдегі әлеуметтік дертке айналып үлгерді деп ешкім күтпеген болса керек (өзіміз де күткен жоқпыз).

Кез келген қылмысқа оны жасаған тұлға жауапты, дегенмен алғышарт жасаушы факторларды да ескермеуге болмайды. Аталған қылмыстардың барлығы бірінші кезекте жасөспірімдердің едәуір уақыт бойы ата-анасының бақылауынсыз, діни бірлестік өкілімен оңаша қалуының салдарынан туындаған.

Сондықтан кәмелетке толмаған балалардың діни бірлестікке ата-анасының бірінің қатысуынсыз жіберілмеуін заң нормасына жүгіндірудегі мақсаттың бір ұшығы «сақтансаң, сақтаймын» деген ұстанымға ұюда жатыр. Әрине, діни бірлестік өкілдеріне сенімсіздік танытудан аулақпыз, бірақ, дін қызметкері де – періште емес, пенде. Сондықтан мұндайда ең дұрысы, қазақ айтқан «Өзіңе өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген нақылды ұстану болмақ. Қойымызды алдырмай тұрып, қорамызды бекіткеніміз дұрыс. Құқықтық мемлекет болуға бет алған қоғам осы тектес қатынастардың барлығын тиісті құқықтық нормалармен реттейді.

− Заңға енгізілетін өзгерістер бірқатар орталарда таныстырылып, талқылаудан өтіп жатқанынан хабардармыз. Қандай жаңа нормалар көпшіліктің назарын көбірек аударуда?

− Бірінші кезекте бет-жүзді жасыратын, заң тілімен айтқанда тұлғаның келбетін тануға кедергі келтіретін киім түрлерін қоғамдық орындарда қолдануға және таратуға тыйым салу жөніндегі норма көбірек назарға ілігуде. Бұл орайдағы жекелеген үстірт пікірлер көпшіліктің аталған норманы бастапқыда дұрыс түсінбей қалуынан туындап отыр. Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі басшылығының сұхбаттарында, жарияланымдарында бірнеше рет атап көрсетілгендей, бұл орамал тағуға тыйым салынады деген сөз емес. Бет-жүзді жасыру – бұл ниқаб, чадра, балаклава секілді киімдер кию мен бетперде (маска) тағуды білдіреді.

Қоғамдық орында бет-жүзді жасыратын киімге тыйым салу толығымен заңға сыйымды және халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын іс-әрекет. Өйткені кез келген адамға, азаматқа қандай да бір іс-әрекеті үшін жауапкершілік жүктеу оның тұлғасы толық танылғанда ғана жүзеге асады. Ал қоғамдық орын жоғарыда атап көрсеткеніміздей – тежеусіз қарым-қатынас кеңістігі, оның ішінде мәміле мен қақтығыс қатар жүріп жатады. Сондықтан кез келген жағдайда тұлғаның толық танылуының мәні ғана емес, қажеттілігі де зор.

Ал қауіпсіздік тұрғысынан алғанда бет-жүздің ашық болуының қаншалықты маңызды екенін қазір бесіктегі балаға дейін біледі – өкінішке орай көптеген қылмыстар – ұрлау, тонау, кісі өлтіру, тіпті террористік актілерге дейін бет-жүзді жасыру арқылы жасалады. Яғни бет-жүзді жасыру жазадан жалтарудың ең тиімді құралы ретінде қолданылуда.

Сонымен қатар бет-жүзді жасырудың өзге тұлғалар тарапынан қорқыныш, қауіптену, тартыну сезімдерін туғызатыны айқын. Бұл азаматтардың қоғамда еркін, қауіпсіз өмір сүруіне лайықты жағдай жасалмағанының көрсеткішіне айналуы мүмкін, яғни бұл орайда жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіріледі.

Осындай көптеген залалды себептер мен салдарларды ескере отырып, Франция, Нидерланды, Испания, Болгария, Бельгия секілді бірқатар елдерде бет-жүзді жасыратын киімге тыйым салу туралы заң шығарылған. Бұл тәжірибені қазір көптеген елдер өз заңнамасына енгізу тетіктерін қарастыруда. Қазақстан заңнамасына мұндай ереженің енгізілуі оның уақыты жеткендігінің айқын дәлелі болып табылады.

Әрине, бұл орайда мәдени, спорттық, кәсіби шаралар кезінде және медициналық себептермен бет-жүзді толық танытпайтын киімдерді киюге тыйым салынбайтынын да ескеру қажет.

− Шет елдерде діни білім алу мәселесі заңнамада қалай реттелмек?

− Баршаға белгілі, бұл мәселе мемлекет пен қоғам назарына бүгін ғана алынып отырған жоқ. 2011 жылғы заңнаманы жасақтау кезінде де шет елдерде діни білім алуға шектеу шараларын қою мәселесі алға тартылған болатын. Дегенмен заң шығару тәжірибесіндегі қағидаттарға сәйкес заңнама қатаңдандырылуға емес, ізгілендірілуге бейімделеді. Мемлекет өз азаматтарына шектеулер мен тыйымдардан гөрі құқықтар мен бостандықтардың көбірек берілуін қалайды әрі қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл мәселе еркіндік нормалары аясында көбірек қарастырылды және соның негізінде шет елдерде діни білім алудың қауіпті тұстары жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көбірек назар аударылып келді.

Ал қазіргі жағдайда бұл мәселе де тиісті шектеулерді енгізуді талап ететін жағдайға жетті. Өйткені көптеген дәстүрлі емес діни ағымдар идеологиялық бастауын шет елдік діни оқу орындарынан алатыны белгілі, әсіресе мұсылман елдеріндегі мемлекеттік емес кіші-гірім оқу орындары мен білім орталықтары осы тұрғыдан қауіпті болып табылады. Осындай оқу орындарында білім алып, елімізге дәстүрлі емес ағым уағызшылары болып оралғандардың мысалы да соңғы кезеңде көбейе түсті, ағымдағы түсіндіру жұмыстары ендігі кезекте бұл мәселені еңсеруге өз деңгейінде септесуі қиын.

Осыған орай әзірлену үстіндегі заңда Қазақстан Республикасының азаматтарына діни білімді шет елдерде алуға тек жоғарғы діни білімді елімізде алғаннан кейін ғана жол берілетіні жайында норма енгізілуде. Дәстүрлі негіздегі жоғары діни білім мен қалыптасқан азаматтық тұрғыға ие болғаннан кейін отандастарымыздың білімін әрі қарай жетілдіруі үшін шет елдерге баруы қауіпті салдарларға соқтырмайды деп сенуге негіз бар. Сонымен қатар жаңа заңнама ережелеріне сәйкес Қазақстанда заңды түрде тіркеліп, жұмыс жүргізіп отырған діни бірлестіктің елімізде діни білім беру ұйымы жоқ болған жағдайда халықаралық келісім негізінде ғана шетелде діни білім алуға мүмкіндік берілмек. Айта кету керек, мұндай заңнамалық ережелер Түркия, Малайзия, Тәжікстан секілді елдердің тәжірибесінде бар.

− Байқауымызша, дін саласындағы заңнамалық өзгерістер қоса қамтитын басқа да салалық заңдар аз емес сияқты...

− «Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы кейбір заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы негізінде 12 заңнамаға 53 өзгеріс енгізу көзделген. Оның ішінде Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне, Қылмыстық кодекске, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жарнама туралы» заңдарға өзгерістер енгізу ұсынылуда.

Ал ең негізгі өзгерістер мен толықтырулар, әрине, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына енгізілмек. Бұл өзгерістер бірқатар салалық терминдерге заң мәтінінде түсінік беруден бастап, жоғарыда аталған көптеген ережелердің қолданысын нақтылай түсетін нормаларды қамтиды.

− Осы жерде деструктивті ағым өкілдеріне қатысты ұстанымға тоқтала кетсеңіз. БАҚ құралдары сақал мәселесіне қатысты шуды біраз жерге жеткізіп тастады. Бұған не дейсіз?

− «Білмеген у ішеді» дейді қазақ. Бұл шу да сол удан, яғни білместіктен туындап отыр. Дін мәселесінде тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айту үнемі мүмкін бола бермейді. Дін – шаршылап өлшейтін мата, шоуға айналдыратын шатақ емес, «бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайтын» түмен түйткілдің ордасы.

Діннің формаға емес, мазмұнға қатысты ұғым екенін жылдар бойы жалықпай жырлап келе жатқанымызды көзі қарақты оқырман қауым жақсы біледі. Шын мәнінде көшедегі көрінген сақалдыны тергеуге алып, тұтамдап өлшегелі жатқан ешкім жоқ. Заң аясындағы кез келген әрекет құқықтық салдарлар туындауы мүмкін жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Яғни қандай да бір тұлға діни көзқарасын желеу етіп, заң бұзушылық әрекеттер жасаса, көзқарасын өзгелерге таңып, заңсыз миссионерлік әрекетті жүзеге асырса немесе отбасы мен қоғамда өзгелердің құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін әрекеттер жасаса, міне, сол кезде оған қатысты  тиісті тексеру шаралары басталады. Оның өзінде мәселені сақалдан бастауды негіздейтін норма заң жобасында жоқ. Бірінші кезекте заң бұзушы тұлғаның сенімдік көзқарасы, ұстанған бағыты, іс-әрекеттері, зайырлы мемлекет пен заңнамаға қатынасы, араласатын ортасы (жамағаты), отбасындағы қарым-қатынасы, психологиялық келбеті, белсенді сөздік қоры секілді оның болмысын айқындайтын ерекшеліктерге талдау жасалады. Осыдан кейін ғана деструктивті ағым өкілдері өздерін мақсатты түрде ерекшелеу үшін пайдаланатын формаға да мән беріліп, оның сыртқы көрінісіне назар аударылып жатса, оны ешкім ерсі дей алмаса керек. Кешенді көзқарас дегеннің өзі осылай жүзеге асады.

Заң нормалары қабылданғаннан кейін оны жүзеге асырудың барлық сатыларын қамтитын және талдап-түсіндіретін тиянақты тетіктер толығымен жасақталады. Көпшіліктің қазіргі көз жеткізбеуден туған күмәнін сейілтуге сол кезде жол ашылмақ.

− Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Абай Асанкелдіұлы