Медицина • 21 Ақпан, 2018

Спортшының ағза алмасқаннан кейінгі өмірі

500 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

XXI Дүниежүзілік спорт­тық трансплант-ойын­дарының чемпионы Жәнібек Оспановтан ағзадағы орган алмасқаннан кейінгі өмірі жай­ында сұрап, әңгімеге тарттық.

Спортшының ағза алмасқаннан кейінгі өмірі

Былтыр тамыз айында Орталық коммуника­ция­лар қызметінде өткен кезекті бір брифинг біз­ді елең еткізді. Бұл – 26 маусым мен 2 шілде ара­лы­ғында Испанияның Ма­лага қаласында XXI Дүниежүзілік спорт­тық трансплант-ойын­дарына қа­тысқан қазақ­стан­дық­тар­дың алтын медаль ал­ғаны жайындағы жаңа­лық еді.

22 жасында ауыр халде Шымкент қаласынан Астанадағы Ұлт­тық кардиохирургия орта­лы­­ғына санитарлық авиация­мен жет­кізілген Гүлмира Смайыло­ва­­ның жақындары сол бір үміт пен үрейге толы күндерде донор бер­ген жүрекпен Гүлмираның бо­ла­шақта чемпион болатынынан хабарсыз еді. Оны дәрігерлер де, Гүлмираның өзі де білген жоқ. 

Бұл ойындарға Қазақстаннан тұтас команда барыпты. Түрлі органдарын ауыстырған 6 адамнан тұратын спортшылар тек ел спортының ғана емес, медицинасының да намысын қорғады деуге саятындай. Донордан үшеуі – жүрек, үшеуі – бүйрек алмасқан Жәнібек Оспанов, Гүлмира Смайылова, Асхат Қаликешов, Ержан Мұхамадиев, Жеткіншек Нұров, Апресхан Ховдахан Малагада Қазақ­станның атынан шығып, Гүл­мира алтыннан алқа тағып, Әнұранды ойнатып, Туымызды көкке көтерді. 

Рас, отандық медицинаның әлеуеті нығая түсуде, донордан орган алып салу бұрын шетелдік дәрігерлердің ғана еншісіндей, ақ желеңді қазақтың маңдайына бұйырмағандай көрінетін еді. Қазір трансплантациялау жолға қойылды, бір проблема шешілді, алайда орган алмасқаннан кейінгі өмір қандай? Трансплантанттың да, реципиенттің де алдында ден­саулығына қатысты мәсе­ле­лер­мен бірге қандай әлеуметтік проб­лемалар туады, оларды сан­сы­ратып сан ойға жетелеп, ұй­қы­сын бұзатын қандай шешіл­мей жат­қан қиын түйіндер бар екен? Бір өкініштісі, бұл қазақ қоғамын тол­ғандыра қоймаған немесе әлі мән бере алмай жатқан бағыт еке­нін айтқан жөн. 

2012 жылдың 6 тамызында Қазақстан медицинасында алғаш рет миы жұмысын тоқтатқан адамның жүрегі басқа біреуге донор болғаны есте. Миына қан құйы­лып, ауруханаға түскен 46 жастағы әйелдің жүрегі ба­ла­­сы Игорь Воротниковтың ке­­­лі­сім беруімен Қостанай об­лы­­сы Рудный қаласының 38 жастағы тұрғыны Жәнібек Оспановқа салынғанынан барша қазақстандық хабардар болды. Енді сол Жәнібек трансплант-ойын­ға қатысып жүр. Нәтижесіз де емес, 2017 жылы Польшаның Замосць қаласында жеңіл атлетика, суда жүзу, үстел теннисі, дартс бойынша халықаралық тур­нирге қатысып 50 метрге жү­зу­­ден күміс жүлде және үстел тен­нисінен үшін­ші орын иеленді.

Жәнібектен ағзадағы орган алмасқаннан кейінгі өмірі жай­ында сұрап, әңгімеге тарттық. Бірін­­шіден, орган ауыстыруды қажет ететін адам өзінің күн­делік­ті жүрісінен жаңылады, қоғам тынысынан ысырылуға мәж­­бүр, дейді Жәнібек. Ол осы­ған дейін атқарып келген істе­рін, дип­­лом алған мамандығы бой­ын­ша жұмысын да атқара алмай қа­лады. Әуелі қажетті орган үшін кезекке тұрып, екі көзі төрт болып күтеді. Бірнеше рет табылды деп тексергеннің өзінде сәйкес келмей қалып, тауы шағылады. Донор табылмай о дүниеге ке­тіп жатқандар қаншама?!

Екін­ші­ден, құдай жарылқап ағза ал­мас­қаннан кейін де толып жатқан медициналық және әлеуметтік мәселелер алдыңнан шығады. Бойыңа дәрігер салып берген жүрек, бүйрек, бауыр қанша сәй­­кессе де, Құдай о баста басқа адам­ға бергендіктен ол сенің ағ­заң үшін бөтен. Ал жаратылыс­ты алдау қиын. Сондықтан жаңа салған органды бөтенсіп, итеріп тастамас үшін иммундық жүйені әлсірететін препараттар қабылдауға мәжбүр­сің. Имму­ндық жүйенің әлсіреуі де­­ген сөз – жаңа туған жас сә­би­­ден әрі не болса сонымен тіп­ті ел шетіндегі бір аурудың ви­ру­сы­ның жолында кездейсоқ жү­ріп өтсең, оған қарсы тұратын қа­бі­ле­тің жоқтығынан ауырып қала­сын. Үшіншіден, жаңағы имму­нодепрессивті дәрілерді дә­рі­гер белгілеген уақытында бұл­­жытпай қабылдап отыру керек. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында тегін берілетін осы препараттармен қамтамасыз етуде кестеден бір ауытқу болса, өміріңіз қайтадан қыл үстінде. Өкініштісі, мұндай жағдайлар жиі кездеседі.

Жәнібектің әңгімесі үстінде ойыма бір оқиға түскен. Ана­сына бауыр трансплантациясы жасалған әріптесімнің бірде «апам­ның «селлсепт» аталатын иммундық жүйені әлсірететін дәрі­сі таусылуға таяу» деп жан­ұшы­рып, қала кезіп кеткенін көр­генмін. Тәртіп бойынша дә­рі таусылардан 10 күн бұрын дәрі­ха­намен хабарласқанмен қажет препарат түсер емес. 6 күн, 5 күн... 2 күн қалды. Қысылған әріп­тесім енді қайтемін деп, анасына операция жасаған аурухананың бөлімшесіне хабарласты. Осылай да осылай, ертең ішер дәрі жоқ, сіздер маған сеніп қарызға бере тұрыңыздар, ал мен дәріні алғанда санап тұрып әкеліп өткіземін, деп. Амал жоқ, дәрі болмаса не күтетінін анық білетін дәрігерлер өздері бір рет өмір сыйлаған жанның қайта демін үзсін бе, қолхатпен дәрі берген.

– Төртіншіден, дейді әңгіме­сін жалғаған Жәнібек – үлкен проб­лема біз тәрізді жандарды қайтадан әлеуметтендіру мәсе­ле­сі. Жоғарыда айтқандай, ол бұ­рын­ғы кәсібін жалғастыра ал­майды. Мамандық ауыстыруы қажет. Бұл жерде мемлекет тарапынан оларды қайта ма­мандандандыруға көмек қа­жет. Бесіншіден, біздер шын мә­нінде мемлекетке қарыз­дар жанбыз. Жерді басып жүргенімізге, бала-шаға, туған-туыс, жора-жолдас арасында жүруіміз бірінші Алланың, екінші квота беру арқылы операция шығынын толық көтерген, күнделікті қажетті дәрімізді берген мемлекеттің арқасы. Біздің де Отанымызға бір пайдамыз, жақсылығымыз тисе дейміз.

Мысалы, мен төрағалық ететін «Өмір тынысы» атты трансплан­та­ция жасалған адамдарды оңал­ту жөніндегі қоғамдық ұйым ай­на­лысатын жұмыстың бірі – спортты насихаттау. Өміріміздің дәріге байланғаны болмаса, біз қалыптағы адамбыз, өмір бойы дәрі ішіп, өзін қалыпты жағ­дай­да ұстайтын созылмалы нау­қас­тар көп қой, біз де сондаймы­з. Енді үйленіп, отбасылы болып, бала сүйіп жатқандары да, бұрыннан үйлі-барандылары да бар. Айтайын дегенім, елімізде Ұлттық паралимпиада, сурдлимпиада комитеттері бар да, бізде мұндай ұйым жоқ. Алайда біз Дүниежүзілік трансплант ойынына қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Испаниядағы ойынға 3 мыңнан астам адам қатысты. Соның арасынан қызымыз алтын жүлдемен қайтты. Жалпы, трансплантация жасалған пациенттерге спорттың пайдалы болатыны дәлелденген дәрігерлердің нақты ғылыми еңбекте рі, зерттеулері бар. Біз спорттық ойындарға қатысу арқылы бір жағынан елі­міздегі медицина қауқарын көр­сетеміз, жетістігін жария етеміз, сонымен бірге трансплантацияны халыққа түсінікті етуді насихаттаймыз.

Осы жерде Жәнібектен «Сіз­дер жылда үкіметтік емес ұйым­­дар тапсырыс алатын грант­тар­ға қатысасыздар ма? Малагаға қандай қаражатпен қатысып жүрсіздер? – деп сұрадым. – Малагаға дейсіз бе деп күлген Жәнібек әңгімесін жалғады. – ҚХА-ның XXIV сессиясында «Соңғы 4 жылда Қазақстанда мұндай 847 ота жасалса, оның 33-і – жүрек алмастыру. Бүгінде мен сияқты адамдар «Өмір тынысы» деп аталатын қоғамдық ұйымға топтастық. Біз толыққанды адамбыз, оқимыз, жұмыс істейміз, бала тәрбиелейміз, спортпен айланысамыз. Тіпті Дүниежүзілік спорттық трансплант ойындарға да қатысқымыз келеді. Бұл біз сияқты адамдарға арналған олимпиадалық ойындар. Біздің арманымыз – «Мәңгілік ел» патриоттық актісі­нің қабылдану құрметіне орай, Қазақстанның көк байрағын осы ойындарда желбірету» деп сөз сөйледім. Сөйтіп Елбасының тікелей қол­дау­ымен, тапсырма беруінің ар­қасында жарысқа барып, жеңіспен оралдық.

Бұл 2 жылда бір өткізілетін ойын, ал алда қай ақшаға барамыз, ол жағы белгісіз. Өйткені министрлікте арнайы лот та жоқ қой. Денсаулық сақтау министрлігінде «Донорлықты насихаттау» деген бір ғана лот бар. Оған қатыспаймыз, ал арнайы біздің топтағы адамдар үшін спортты дамыту, насихаттау еш қа­рас­тырылмаған. Трансплант ойын­дар өткізетін федерацияға әлемнің озық деген 60 елі мүше. Өйткені трансплантация жасап, пациенттердің одан кейінгі қалыпты өмірін қамтамасыз етіп, реабилитациясымен айналысу оңай емес. Көп елдің қалтасы кө­тере алмайды. Кеңестік кеңіс­тік­тен шыққан мемлекеттер іші­нен тек Қазақстанның ғана мү­ше болып, біздің жарысқа қаты­суы­мыздың өзі біраз жайтты аң­ғар­та­ды. Қазақстан медицинасында әлі де толғақты мәселелер көп шығар, ал біз соның бірінің нақ­ты шешімін тапқанының жемі­сі­міз, дәлеліміз десек болады, дей­ді ол.

Ендігі бір күрделі мәсе­ле­де ойымен бөліскен «Бүй­рек ал­мас­тыр­ған және гемо­ди­али­з­дегі пациенттер» қоғамының тө­рағасы Ерлан Мұхамадиев елімізде мәйіттен орган алуға қоғам­ның көзқарасы дұрыс емес­тігін жеткізді. Соның салдарынан Қазақстан болашақта бір бүйректі ел атануы мүмкін. Сосын органды сатуға заң бойын­ша тыйым салынған, тек туыс­қандары ғана беруі тиіс. Ал бұл заңнама бір отбасынан немесе әулеттен бір бүйректі екі немесе одан да көп адамдар болуы қаупін туды­рады. Бұл – елдік проблема. Тағы бір маңызды дүние, орган ал­мастырған адамның қалыпты өмірге кірісуіндегі қиындық – мамандық, кәсіп өзгертумен бірге тұр­ғылықты жерден көшудің қа­жеттілігі. Бұл әсіресе ауыл, ау­дан тұрғындарына қатысты мә­селе. Өйткені ауыл фельдшері тү­гілі аудан дәрігерлеріне мұн­дай пациенттермен жұмыс жүр­гізу қиын. Себебі пациенттің қа­­ны­ның құрамына жасалатын са­­рап­таманы кез келген облыс ор­та­лығындағы аурухана жасай алмайды. Сондықтан Астана, Алматы сынды толымды зертхана­лары бар үлкен клиникаларға жі­беріледі. Ауыл тұрғыны бұл рет­­т­е қалаға қоныс аударуға мәж­бүр. Ал бас-
пана қайда? «Қыс­қа­сы бас қа­ты­ра­тын мәселе көп, мүмкін біз тә­різ­ділерге ар­­найы статус бе­ріп, тұр­ғын үй, пәтерлермен қам­тамасыз еті­­­луде бір же­ңіл­діктер қарас­ты­рылуы тиіс шығар», дейді Е.Мұхамадиев.

Газетіміздің 16 қаңтар күнгі са­нында Батыс Қазақстан облы­сын­дағы тілшіміз Қазыбек Құт­ты­мұратұлының «Самұрық құс, қай­дасың?! немесе бүйрегін баласына берген ата-ана ахуалы» деген толғақты мақаласы жарық көрді. Тілші елімізде өз еркімен до­нор болып, бір бүйрегінен айы­рылған адамдардың мүге­дек­тік бойынша жәрдемақы ала алмайтынын, оның үстіне өзгеге көмектесіп, өз ағзасын трансплантация жасауға келіскен жан ол үшін қаржы алатын болса, қылмыстық жазаға тартылатынын жазады.

Не керек, орган алмасты, өмір жал­ғасты, алайда трансплантат пен реципиент үшін өздері ше­ше алмайтын түрлі мәселелер тіз­бегі шықты. Шешімі қайдан табылар? Қазақстан Үкіметінің назарын осы мәселелерге аудара отыра, қоғам мүшелерінің де бұл проблемалардан тыс қалмауын сұрар едік. 

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»