Медицина • 21 Ақпан, 2018

Үйін жекешелендіре алмай отырған ауыл тұрғыны араша сұрайды

278 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенім мен ізгілікті жоғары қойып, адал өмір сүріп жатқан адамдар көп. Және олардың дені заңға да, билікке де бек сенеді. Сол сенімдерінің адастырмасына иланғандықтан да адамдар алдымен биліктің дегеніне ден қояды. Мұны қарапайым адамдар заңдылық деп ұғады. 

Үйін жекешелендіре алмай отырған ауыл тұрғыны араша сұрайды

Алайда қоғамдағы кейбір келеңсіз­дік­тер азаматтардың сеніміне селкеу түсіреді. Мәселен, қазір жасы жетпіс беске келген Тілеулес Әубәкіров 2000 жылы Ақмола облысы Аршалы аудан­ы­ның Жібек жолы ауылы­на осын­дағы ақсақалдар алқасы келі­сім­і­мен және ауылдық округ әкімдігінің шақыруымен молла болып, отбасымен көшіп келеді. Оған иесіз қалған Мал шаруашылығы үйі мен жері пайдалануға беріледі. Үйдің жартысын намазханаға қалдырып, шағын бөлігіне отбасымен (алты адам) қоныстанады.

Әрі молла, әрі күзетші болып жұмыс істей бастайды. Кейін әлгі ешкімге керексіз болып қалған үйдің іші-сыртын қалпына келтіріп жөндеп алады. Сосын оны заңдастырмақ болады. Мал шаруашылығы үйі ешкімге керегі жоқ қирап қалған иесіз болса да, «Ново-Александровский» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында тіркеулі екен. Олар Т.Әубәкіровке осы үй түбегейлі берілді деп шешім шығарып, қолына әлгі құжаттың түпнұсқасын ұстатқан. Сол анықтама негізінде үйін заңдастырмақ болып қария әкімдікке барса, олар «үйді жекешелендіру туралы қажетті құжатты өзіміз жасаймыз, заңдастырамыз, сіз алаңсыз моллалық қызметіңізді жүргізе беріңіз», дейді. Әлгі анықтаманы да өздеріне алып қалады. Жергілікті биліктің айтқанына иланған қария молла болып жүре береді. 

Содан Т.Әубәкіров биыл әкімдікке үйді заңдастырмақ болып тағы барады. Барса, әлгі өзі тұрып жатқан үй «онда көптен бері ешкім тұрмағандықтан және бірнеше жылдан бері қараусыз қалғандықтан» Аршалы аудандық сотының 2013 жылғы шешіміне сай коммуналдық меншікке өтіп кеткенін естиді. Тілеулес ақсақал бұл хабарды естігенде жүрегі сыр беріп, құлап қала жаздаған. Өйткені ол бұл шешім мүлде шындыққа жанаспайды деп есептейді. «Осы үйде сонау 2000 жылдан бері отбасымызбен тұрып келеміз» дейді кемсеңдеген қария. Оны дәлелдейтін қағаздары да бар екен. Мәселен, 17.26.01 жылы Жібек жолы ауылдық округінің бас маманы А.Еңсебаева «Анықтама Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылдық округі әкімінің аппаратынан 1943 жылы туған Аубакиров Тлеулес Тлеубергеновичке берілді. Ол осы округке қарасты Жібек жолы ауылындағы Қазыбек би көшесіндегі №3 үйде тұрады» деп қолын қойған. Сол сияқты осы ауылдық округтің әкімі К.Ахмадияров та «Аубакиров Тлеулес Тлеубергенович Жібек жолы ауылындағы Қазыбек би көшесіндегі №3 үйде 2000 жылдан бері тұрып келеді» деп анықтама жазып берген. Үйдің ай сайынғы коммуналдық шығындарын төлеп тұрған түбіртектері де бар. Және бұларды ауылдағы көршілерінің бәрі біледі. 

Ал аудандық әкімдік сотқа бұл үйде ешкім тұрмайды, қараусыз қалған, сондықтан 2013 жылы Аршалы аудандық әділет басқармасының анықтамасымен Мал шаруашылығы ғимараты иесіз деп тіркелген деп, соны бекітуге ұсыныс түсірген. Оған дәлел 2012 жылы 4 ақпанда Аршалы аудандық «Вперед» газетінде аталған ғимараттың иесіне іздеу жарияланыпты. Содан бір жыл бойы күткен сыңайлы. Ал бұл жайдан ақсақал мүлде хабарсыз көрінеді. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, жергілікті билікке сеніп жүрген.

Өйткені мұның тұрып жатқанын бәрі біледі ғой. Міне, осылайша осыншама жыл бұл ғимаратты жөндеп, үй қалпына келтірген кезде Тілеулес ақсақал отбасымен далада қалайын деп тұр. Енді иесіз қалған үйді өз атына жекешелендірмек түгілі, оның қолында кезінде қараусыз қалған үй өзіне пайдалануға берілді деген анықтаманың түпнұсқасы да жоқ. Ауыл әкімдігінен, ауданнан сұраса да табылар емес. Мұның ақ-қарасын анықтап, шындықты шыңыраудан шығаруға ақсақалдың дәрмені жоқ. Т.Әубәкіровтің алдандым деп анда-мұнда шауып, жаны шырқырап жүруі тегін емес секілді. Алайда істің ақ-қарасын жоғары тұрған сот қана жан-жақты анықтай алмақ. Сондықтан ақсақалдың әлі де үміті бар.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»