Қазақстан • 21 Ақпан, 2018

Мәселенің мәнісі: Жұмысшы жалақысы жөнінде бірер сөз

532 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтөбе – республикамыз­дағы өнеркәсібі дамыған басты өңірлердің бірі. 

Мәселенің мәнісі: Жұмысшы жалақысы жөнінде бірер сөз

Мұнда өнер­кәсіптік кәсіпорындар саны жыл сайын өсіп келеді. Кез кел­ген өндіріс орнының басты тұт­қасы әрі басты тірегі – қара­пайым жұмысшылар. Егер оларға өз уақытында мардымды жал­ақы төленбесе немесе ай са­йын алып жүрген азда­ған еңбек­ақысының мөлшері тө­мен­деп кетсе кәсіпорын­да еш­қан­дай береке болмай­ды. Бұл жағдай қалыпты өнді­ріс қарқыны мен ырғағы­ның төменд­еуіне де әсер етеді. Бір жақ­сысы, өнеркәсіпті өңірде жұ­мыс­шылардың жалақысын төмен­дету емес, керісінше, жыл са­йын оның мөлшерін өсіру жө­нінд­е кең ауқымды шаралар белгіленген. 

Бұл жөнінде өткен 2017 жыл­дың мамыр айында Ақтөбе об­лысының әкімі Бердібек Са­пар­баевтың шешіміне сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның басты мақсаты – өңір аума­ғы­ндағы өнеркәсіптік кә­сіп­орын­дарда қызмет жасайтын жұмысшылардың әлеумет­тік-тұрмыстық жай-күйіне жан-жақты көңіл аудару, олардың шешілмеген түйіндерінің тінін тарқату болып отыр. Осының арқасында жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселелеріне басты ба­сымдық берілген. Бұл ретте атал­­ған жұмыс тобы­ның өткен жылы атқарған жұ­мыс қо­ры­тын­дыларына тоқта­ла ке­тер бол­сақ, өңірдегі өнер­кә­сіп­тік кәсіп­орындарда жұмыс­шы­­лар­дың еңбекақысы 16,4 пайызға өс­кен екен.

Мұның өзі қазіргі күні орташа жалақы мөлшері 164 765 тең­гені құрайды деген сөз. Ен­ді кәсіпорындар мысалында кей­бір нақты деректерге кезек бер­сек «Казхром» трансұлттық комӨпаниясы АҚ-да токарь­дің жалақысы соңғы бір жылда 110 000-нан 126 000 теңгеге өссе, техник-технологтікі 185-тен 220 000, элек­тр-механигінікі 135 000-нан 162 000 теңгеге ұлғай­ған. «Алтиес Петролеум Ин­­тер­нешнл БВ» компа­ния­сы Ақ­төбе филиалында мон­тажшының жалақысы 195-тен 230, ұңғымаларды зерттеу операторынікі 250-ден 294, слесарь-жөндеушінікі 180-нен 211 000 теңгеге жоғарылаған. Мұндай мысалдар жеткілікті. Айлығы өсіп, отбасы бюджетін одан әрі толықтыруға мүмкін­дік алған «Ақтөбе хром қосын­дылары зауыты» АҚ жұмыс­шысы Аманқос Қожин өз тіле­гін газет тілшісіне былайша жет­кізді: зауытта еңбек етіп келе жатқаныма бес жылдан ас­ты. Осы уақыт ішінде ең­бек­­ақы­дан ешқандай кідіріс бо­л­­ған жоқ. Мұнда біз секілді қара­­пайым жұмысшылардың алаң­­сыз еңбек етуіне барлық жағ­дай туғызылған. Ең бас­ты­сы, айлық жалақымыз жыл са­йын кем дегенде 10-15 пайыз төңі­регінде өсіп келеді. Оның үстіне кәсіпорын басшылары мені жас отбасы ретінде жалда­ма­лы пәтермен қамтамасыз етті. 

Ақтөбе аймағында өнеркә­сіп орындарында жұмыс іс­тей­тін жұмысшылардың жал­ақы­сына жүйелі түрде мо­ни­то­ринг­­тік зерттеулер жүргізу тәр­­­тібі орныққан. Оның кейбір мы­­сал­­дарына көз салсақ өткен 2017 жылдың басында ай­мақ­та жұ­мыс берушілердің жұмыс­шы­ларға жалақы төлеу ісіндегі қарызы табаны күректей 700 миллион теңгені құрапты. Сөз жоқ, мұның өзі өте жоғары сома. Сондықтан да облыстық әкім­дік пен мемлекеттік кірістер де­партаменті еңбекақыға қа­рыз­дар кәсіпорындармен жұ­мыс жүргізе келіп, бірқатар жайт­тарды айқындады. 

Бақсам бақа екен, дегендей сол кәсіпорындардың арасында банкроттың шегі мен жарқабағында тұрғандары да бар болып шықты. Олардың мүл­кі дереу сатуға шығарылады. Сон­дай-ақ еңбекақыға қарыз­­дар кәсіпорындардың бірқа­та­ры­­на айыппұлдар салы­на­ды. Әри­­не, айыппұл төлеттіру орын а­л­ған күрделі жағдайдан шығу­дың басты жолы емес екені бел­гі­лі. Сондықтан да бұл ретте бас­тамашы топ­­тар­дың бірінші кезекте кәсіп­орын­дарда орын алған проблемалар мен түйткілді тұстар­­­ды анық­тау мен зерттеуге мән бер­гені қолдауға әбден ла­йық­ты. Осы арқылы өнім өт­кізу ісіндегі шешімін таппай жү­р­ген мәселелер де айқын­да­лып, оны реттеудің жол­дары бел­­гі­­ленген. Айтып-айтпай не керек, бұл жұмыстардың қоры­тын­дысы нәтижесіз қал­майды. Соның арқасында жыл соңында жоғарыда аталған 700 миллион теңгенің тек небәрі 16 миллион теңгесі қалады. 

Ақтөбе облысында өнеркә­сіп орындарында жұмыс істей­­тін жұмысшыларға туғы­зыл­­ған қолдау мен қамқорлық аясы­ның кеңеюіне үлкен септігін тигізіп жүрген басты бір фактор бар. Бұл – облыс әкім­дігі, кәсіпорын басшылары және кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктер арасында жасал­ған үш тармақты келісімдер. Мұн­­да еңбек қатынастарын рет­теу мен жұмысшыларды әлеу­­меттік жағынан қамтама­сыз етудің барлық мәселелері жан-жақты көрініс тапқан. Соның ішінде бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған жұ­мыс­шылардың жалақысын ұдайы көтеріп отыру ісі де – осы келі­сімдердің басты тармағын құ­рай­ды. Бүгінгі күні осындай сипаттағы келісімдер мен меморандумдар облыстағы ірі кәсіпорындардың 88 па­йызын қамтығанын ескерсек, жұмысшы мәртебесі одан әрі өсе түсетініне ешқандай күмә­ні­ңіз қалмайды. Түйіп айтқанда, мұның өзі жалпы саны 50 мың­нан астам жұмысшысы бар ком­паниялар легі деген сөз. Ақтөбе аймағында қызмет ауқы­мы тікелей өнеркәсіп сала­сы­мен байланысты көптеген шет­елдік және трансұлттық ком­паниялар жұмыс істейді. Соның ішінде ресейлік және қытайлық компаниялардың үлес салмағы көбірек. Ашығын айтқанда, олардың бәрі жер­гілікті жұмысшылардың жала­қы­сын көтеруге ықыласты әрі құлықты бола бермейді. Ай­та­лық өңір басшысы аталған шетелдік компаниялардың жетекшілерімен кездесуі кезін­де осы мәселені олардың назарына ұдайы салып отыруы да, белгілі бір деңгейде оң нәтиженің өріс­­теуіне әсерін тигізгеніне шек келтіру қиын. Тіпті бұған көп жағдайларда осы жолдар ав­торының да тікелей куә болып жүрген жайы бар. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Мұндай кездесулердің қорытындысы екі­жақты қол қойылған хаттама­мен түйін­деледі. Әрі соған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізіледі. 

Еңбек кодексі мен елімізде соңғы кезде енгізілген еңбек жөнін­дегі өзге де заңдық-құ­қық­тық талаптар бойынша өн­дірістік кәсіпорындарда жұ­мысшыларға төленетін жалақы мөлшері инфляция деңгейінен кем болмауға тиіс. Осы орайда Ақтөбе аймағында қазіргі кезде инфляция деңгейі 7-8 па­йыз екенін айтқан жөн. Осын­дай жағдайда өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындар­да жұмысшыларға төленетін ең­бекақы инфляция деңгейінен екі есе жоғары екенін көреміз. Оның басты көрсеткіші соңғы екі жылдың ішінде жұмысшы жалақысының 12-15 пайызға дейін өскені болып отыр. Бұл ел өңірлері арасындағы ең жо­ғарғы көрсеткіш. 

Жоғарыда аталған облыс­тағы жұмыс тобы биылғы жылы да өз қызметін одан әрі жал­ғас­тырып келеді. Олардың бас­ты назары ұжымдық келісім­шартта көрсетілген мін­дет­те­­ме­лердің орындалуы мен оң­та­йлы шешілуіне ауда­рыл­ған. Топ мүшелері бәз-баяғы­ша жұмысшылардың жала­қы­сын көтеруге ықпал жасауға басымдық береді. Еңбекақы – әр жұмысшының көңіл күйі­нің басты индикаторы әрі бас­ты айқындаушы тетігі деп есеп­тейді олар. Несі бар, бұл әбден көңілге қонымды тұжырым. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы