21 Ақпан, 2018

Кәсіпкерлікке кедергі көп: Бюрократтық бөгеттер мен заң талаптары орындала бермейді

556 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үкіметтің жуырда өткен кеңейтілген отырысында Елбасы бағдарламалардың орындалуында кемшіліктердің бар екенін, олқылықтарды жою үшін инновациялық технологияларды кеңінен қолдана отырып қаржының қайтарымдылығын қамтамасыз ету мәселесін атап көрсеткен болатын. Бұл сынды Солтүстік Қазақстан облысына да қарата айтуға болады. Өйткені еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму рейтінгінде 2012 жылдан бері ең төмен сатыдан көрініп келеді. Барлық көрсеткіштер бойынша ілгерілеу болғанымен, өзге өңірлерге қарағанда экономиканың өсу деңгейі көңіл көншітпейді. Оның ішінде бизнес құрылымдары да ширата түсуді қажет етеді.

Кәсіпкерлікке кедергі көп: Бюрократтық бөгеттер мен заң талаптары орындала бермейді

Былтыр кәсіпкерлік субьектілерінен түскен 198 өтінішке бағдарламаның барлық тетіктері бойынша қолдау көрсе­тіліп, 30 жаңа өндіріс орны құрылды. Бағдарламаның қатысушылары 5,7 мың жұмыс орнын сақтап, 568 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жергілікті қа­зы­наға 1,6 миллиард теңге салық құ­йыл­ды. Кәсіпкерлер палатасы мен же­р­гі­лікті бөлімшелеріне жолданған 1500-ге жуық шағымның 278-і бизнес­ке тұсау салатын жайттарды қозғаған, 205 арыз шешімін тапқан. Алайда кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақовтың айтуынша, өндірісте, оның ішінде кәсіпкерлік қызметте де мемлекеттік органдар мен шенеуніктер тарапынан заң талаптары жиі бұзылады.

Бірақ ол кәсіпкерлік және туризм, ин­дустриялық-инновациялық даму бас­қар­маларының жиынына қатысқан аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың бизнестің қанат жаюына бөгет жасап отырған лауазымды тұлғалардың атын атап, түсін түстеп беріңіз деген сұра­ғына жалпылама жауаппен ғана шек­телді. Сөйтсе облыстық, қалалық жер қатынастары басқармалары мәсе­ле­лерді оңтайлы шешудің орнына жүре тыңдауды әдетке айналдырса керек. Әлі күнге дейін жер мәселелері жөніндегі комиссия құрылмапты. Кеңес беру органдары құрамының 90 пайызы шенеуніктерден құралғандықтан жеке меншік иелерінің ұсыныс-пікірлері жете ескеріле бермейді. Жер телімдері мақсатты түрде пайдаланылмайды. Ие­лерінің жалға беру немесе сату фактілері кездеседі. Ал кәсіп­кер­ліктің әліппесін енді бастаған адам­дар­дың ұлтарақтай жерге деген сұра­ныс­тарын кім өтері белгісіз. Жерді шү­лен таратқандай оңды-солды заңсыз үлес­тіріп пайда табуды кәсіп еткендер қатаң жауапқа тартылатынын әкім шег­елеп айтты. Стационарлық сауда кеше­нін ашу осы күнге дейін түбегейлі шешіл­меуі­нің бір себебі, құрғақ уәделер мен бюро­­кра­тиялық кедергілерге келіп тіреледі. 

Шаруаның ілгері басуына кәсіпкер­лердің өздері де мүдделі болуға тиіс. Биыл кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында тұңғыш рет импортты алмастыратын өнімдер (полипропилен жәшігі, қайың шпоны, қайталама полимерлер) саласын ұйымдастыру ісі қолға алынбақ. Өйткені бірнеше жылдан бері ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 25 пайыздан аспай отыр. Оның 43 пайызы – сауда, ал 4 па­йызы – өндіріс, 3 пайызы құрылыс сала­сына ғана тиесілі. Еліміздің барлық ай­мақ­тарына және шетелдерге тарайтын жер­гілікті өнімдердің басым көпшілігін ірі кәсіпорындар шығарады.

Шағын бизнес өкілдері болса көбіне «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған­ды» құп көреді. Осы орайда кәсіпкерлер па­ла­тасына жолданған мына хат назар аудартпай қоймайды. Оған барлық өңір­лерге тән, бірақ қанша айтылса да әзірге түйіні тарқатыла қоймаған ше­тін жайт арқау етілген. Хатқа қол қою­шы­лардың бірі «Арт-сити» ЖШС-нің ди­рек­торы Александр Ещановтың сөзіне қара­ғанда, соңғы жылдары тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салумен ай­налысатын мекемелердің құ­ры­лыс мате­р­иалдары мен дайын өнім­дерді шет­тен әкелу үрдісі үдей түс­к­ен тә­різді. Тарап­тар арасында ор­тақ мақ­сат жо­лын­да жұ­ды­рықтай жұмыл­мау­дың сал­дарынан отан­дық өн­ді­ру­ші­лер тығы­рық­қа тіреліп, зардап шегіп отыр­­ған жайы бар. Тапсы­рыс беру­ші­­­лер мер­ді­герлерден құрылыс ма­те­риал­­дары мен жиһаздарды қайдан және қан­дай бағаға сатып алғандары, тиісті құ­жат­тарын талап етуге құқылы бола тұра көз жұма қарайтындары түсінік­сіз. Сондай-ақ жергілікті жерлерде өн­­ді­­­рі­летін өнім басқа жақтан сатып алы­н­­ғ­ан жағдайда бағасы қолжетімді бо­луы шарт деген талап та орындалмай­ды, деп шыр-пыр болуына қара­ған­да, жанай­қайы­на ешкім құлақ аспай тұр­ған сияқты. Қарсы тарап, мысалы, «Севимсталькон» ЖШС-нің директоры Сұлтанбек Газдиев «Құрылыс материалдарын Астанадан әкелген қолайлы, себебі сапалы әрі бағасы төмен. Өңірде кірпіш шығаратын зауыт жоқтығынан Екібастұздан, Көкшетау­дан алдыртуға тура келеді», деген уәж айтуы сенімге сел­­кеу түсіргендей әсер қалдырады. Об­лыс орталығында 30-ға жуық нысан­ бос тұр. Оларға жаңа өндіріс орындарын орналастыру көп­тен бері айтылып келе жатса да, істің ал­ға жылжып кет­кені шамалы. Сірә, қағаз­бастылықтан кә­сіп­­кер­лердің тауы шағы­лып, тауаны қайтса керек. 

«Арқалық» шаруа қожалығының жетекшісі Нағашыбай Барлыбаевтың шипажай ашу арқылы Меңгесер көлі­нің кеселге дауа суы мен балшығын пай­далануға рұқсат алмаққа талпынған талабы әлі күнге дейін ескерусіз келеді. Көл облыс орталығынан алыста орналасқан. Жұртшылық оған сабылғанша жақын жерде кешенді түрде ем-дом алса, әлде­­қайда тиімді болар еді. Құзырлы орын­дардың шығарыпсалма жауаптары әбден діңкелетті, дейді кәсіпкер.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасына қатысушылардың несиеге қол жеткізуіне де қолдан жасалған бөге­сіндердің шырмауықша шырматы­лып отырғанын айта кеткен жөн. Олар­дың жөн-жосықсыз талаптардан ығыр болғаны соншалық, бірқатары алып­са­тарлық сияқты өнбес тірлікпен айна­лысуға мәжбүр. Петропавл қалалық жұ­мыспен қамту орталығы 838 миллион тең­гені құрайтын жобаларды жергілікті банк­тердің қарауына жіберген екен, екеуі ғана мақұлданған. Қалғандарын еш себепсіз қаржыландырудан бас тарт­қан. Сондықтан несиелендірудің ресім­деу шарттарын қайта түзген жөн деген пікірлердің жиі айтылуына қарағанда, бұл салаға да түзетулер керек сыңайлы. 
Президент «Төртінші өнеркәсіптік револ­юция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында мем­­лекеттің бизнеспен бірлесіп, отан­дық өнімді халықаралық нарыққа шыға­ру­дың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуді тапсырған болатын. Бұл орайда кәсіп­керлікті реттеуге, жолға қоюға, ал аяққа тұсау сала­тын бюро­краттық кедергілерді азайт­уға бағыт­талған іс-шаралардың пәр­мен­ділігін арттырудың маңызы зор.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы