Аймақтар • 21 Ақпан, 2018

Жезқазғанда Ғалым Жайлыбайдың шығармашылық кеші өтті

543 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ардақты ақын Ғалым Жайлыбайдың есімі Алаш жұртына жақсы мәлім. Ол түгілі, қазіргі таңда поэзия тарланының жауһар жырлары шет тілдеріне аударылып, шартарапқа да таныла бастады. Міне, осындай биік деңгейге көтерілген ақынның жыр кешін Алматы немесе Астана емес, тіпті облыс орталығы Қарағанды емес, жер аяғы алыстағы Жезқазғанда өткізілуінің өзіндік себебі болды. Бұл игі іске бастамашы болған Арқаның атымтай жомарты, ұлтжанды азамат, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков еді. Меценаттың мерейтой иесіне жасаған тосынсыйы Жезқазғанның жырсүйер қауымы үшін парасатты поэзияның айта жүрер ауқымды мерекесіне ұласты. 

Жезқазғанда Ғалым Жайлыбайдың шығармашылық кеші өтті

«Жезқазған – жерұйығым жүректегі...» атты жыр кеші С.Қожам­құлов атындағы қазақ музы­калық-драма театрында өтті. Кеш шымылдығын атал­ған театрдың әртістері публи­цист ақынның «Қара орамал» атты поэ­масын өзек еткен қойы­лыммен түрді. Айта кету керек, әлемнің 13 тіліне аударылған бұл туынды Швецияда өткен «Open Eurazian-2017» әдеби фести­валі­нің «Поэзия» аталы­мы бойынша жүлдегері болған. Атышулы «ҚарЛаг»-тың қапа­сында туған сәби­лерді ана құ­шағынан жұлып алып, тор ішіне тоғытқан қасіретті жылдардың шерін ұқтырып, зарын жеткізген әрті­стердің шебер ойыны зал толы көрерменнің көзіне жас алдырды.

Кеш – сахна төрінен орын алған ақын және жүргізушінің еркін үнқатысуы пішімінде жүр­гізілді. Сұрақтарға жауап бере отырып, ақын Ғалым Жай­лы­бай бүгінгі күнде өзін ғана емес, қоғамды толғандырған өзек­­ті мәселелер төңірегінде ой толға­ды. Ойға алған жоспарларымен бөлісіп, жырларын оқыды. 

Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов ақынды ме­рей­тойымен құттықтап, иы­­ғына шапан жапты, астына ат мінгізді. Бұдан кейін ме­рей­той иесін құттықтаушы қа­уым кезек-кезегімен сахна­ға кө­­теріліп, лебіздерін жет­кі­­зіп, өздерінің ақжарма тілек­те­­рін білдірді. Олардың қата­рында Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың бас­қарушы комитетінің төр­ағасы Әлихан Байменов, таны­мал тележурналист Нұртілеу Иман­ғалиұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің төр­ағасы Серік Ақсұңқарұлы және жергілікті зиялы қауым өкілдері болды.

Ғалым Жайлыбайдың әуезді жырларына жазылған әндер де кең сарайдың ішінде қалықтады. Әсіресе, ақынның «Есіл аға­ды» әні көрермен қауымды Сары­арқаның майда салқын сама­лын­дай сергітіп, сырлы сезім құшағына бөледі.

Ақын жыр кеші басталмас бұрын қаладағы №8 мектеп-гимназияның ұстаздары және оқушыларымен жүздесті. Білім ордасында ол өскелең ұр­пақ өкілдерінің сұрақтарына жауа­п беріп, өзінің соңғы кездері жа­зылған өлеңдерін оқыды. Одан кейін оқырмандармен жүздесу Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық мұражайы қа­быр­ғасында жалғасын тапты. Бұл жерде ақынмен бірге ере келген қонақтар Жезқазған-Ұлытау өңірінің тарихынан сыр шер­тетін жәдігерлермен және құнды деректермен танысты. 

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы