Қысқы спорт • 21 Ақпан, 2018

Юлия Галышева: Жүлдегер екенімді елге келгенде шынайы сезіндім

329 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарында қола жүлдеге ие болған Юлия Галышеваны бүгін облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, қала әкімі Қуат Тұмабаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов бастаған жерлестері, спорт жанкүйерлері Өскемендегі әуежайдан құшақ-құшақ гүлмен құшақ жая қарсы алды. 

Юлия Галышева: Жүлдегер екенімді елге келгенде шынайы сезіндім

«Сізді және жаттықтырушыларды аймақ басшысының атынан дүбірлі додада қола медаль иеленулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Әрине, бұл – тарихи сәт. Алдағы уақытта да еліміздің абыройын асқақтата беріңіз», - деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Ә.Нүсіпова.

«Өзімнің жүлдегер атанғанымды, медальдың иесі шын мәнінде өзім екенімді Алматыға, туған жерге табан тіреген кезде шынайы сезіндім. Шынын айтқанда, Оңтүстік Кореяда мұндай сезімді бастан кешкен жоқпын», - деді өскемендік фристайлшы журналистерге берген сұхбатында.

Қола жүлдегер осы Олимпиада алдында Канада тарапынан өзіне ұсыныс түскенін, 2015 жылы Ресей құрамасы да өздеріне шақырғанын айтып, бірақ ешуақытта елден кетпейтінін, Қазақстанның көк байрағын ғана көтеру жолында еңбек ететінін жеткізді. Сонымен қатар Оңтүстік Кореядағы көрсеткен өнеріне өзінің көңілі толатынын, төрешілерге ешқандай өкпесі жоқ екендігін, әзірге демалыс алмайтынын, бір жарым айдай жарыстарға қатысатынын, келесі қысқы Олимпиадаға барудан да бас тартпайтынын тілге тиек етті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН