Қазақстан • 21 Ақпан, 2018

Нұрлан Ермекбаев: Мемлекет дін мен сенімге қарсы емес

467 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңестердің өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары, дінтанушы ғалымдар және сарапшылар қатысты.

Нұрлан Ермекбаев: Мемлекет дін мен сенімге қарсы емес

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Министрліктің 2017 жылы атқарған жұмысының қорытындылары және ағымдағы жылы жоспарланған міндеттері туралы баяндама жасады.

«Министрлік құрылу барысында Мемлекет басшысы бізге нақты және айқын міндеттер жүктеген болатын. Бірінші, діни саладағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және діни экстремизм  мен радикализм көріністеріне жол бермеу, екінші - азаматтық қоғам институттарымен диалогты, ынтымақтастықты дамыту, үшінші - жастардың табыстылығы мен әлеуметтік белсенділіктерін арттыру үшін мүмкіндіктер жасау. Барлық міндеттер бойынша Министрлік бірізді әрекеттер жиынтығын әзірледі. Заңнамаға өзгерістер дайындалды. Инфрақұрылым жаңғыртылды, жаңа институттар құрылды және жаңа жобалар жолға қойылды. Қабылданған шаралардың барлығы азаматтардың сұраныстары  мен ұсыныстарын қамтыды. Бұндай қағида барлық тапсырылған бағыттар бойынша басшылыққа алынған. Президент діни радикализмнің кез-келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруды тапсырды. Бұл міндетті орындау үшін біз қоғамдық пікір мен көңіл-күйді мұқият зерделедік. Зерттеу нәтижесінде қоғамда дінге қатысты әртүрлі пікірлер анықталды. Діни ұстанымдардың кескінін анықтау үшін сарапшылар және діни қызметкерлермен түрлі диалог алаңдарында арнайы зерттеулер өткізілді. Оның нәтижелерімен белсенді пікір алмасулар ұйымдастырылды. Осындай пікір алмасу арқылы, біз қоғамдастықпен бірге мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың қазақстандық моделін, Ислам дінін түсінудің және діни мәтіндерді талқылаудың қазақстандық мектебін қалыптастыру қажеттілігі туралы қорытындыға келдік.

Бұл модельдің айрықша ерекшеліктері, біздің полиэтникалық еліміздің мәдени-тарихи ерекшеліктерін ескере  отырып, рухани, моральдық және этикалық құндылықтарға сүйену, өзге көзқарас ұстанушыларға  мейірімділік пен төзімділік таныту, Діни сенімді жеке дүние ретінде қабылдау, зайырлы мемлекеттің заңдарын құрметтеу және қатаң сақтау. Бұл модельді іске асыру үшін дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, Президент Жарлығымен бекітілді. Ол қазақстандық қоғамның дінге деген көзқарасы мен ұстанымын қамтыды, еліміз бен азаматтарымыздың өміріндегі діннің рөлін ерекшеледі. Бұл құжат діни салада жұмыс істеудің ашық және түсінікті қағидалар жиынтығы болып табылды.Тұжырымдаманың негізгі месседждері келесідей, зайырлылық негіздері – көпконфессиялы мемлекеттегі тыныштықтың кепілі, дінді деструктивті және саяси мақсаттарда пайдалануға жол берілмейді, мемлекет пен заңдар барлық заңды жұмыс жасап тұрған діни субъектілердің мүдделерін қорғайды, діндарлардың құқықтарын қамтамасыз етеді, сонымен қатар, діни фанатизм мен экстремизмге жол бермейді», деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар Нұрлан Байұзақұлы Мемлекет діни бірлестіктердің канондық және діни мәселелеріне араласпайтынын, бірақ заңдардың сақталуын қатаң бақылайтынын баса атап өтті.

«Келесі қадамымыз Тұжырымдамаға негізделген. Діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша Заң жобасын әзірлеу болды. Заң жобасын әзірлеу барысына қоғамның барлық мүдделі топтары тартылды. Өз ұсыныстарын сарапшылар, діни бірлестіктер және қарапайым азаматтарда енгізіп жатты. Жоба көптеген түрлі диалогтік алаңдарда және бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланды. Республика бойынша екі мыңнан (2000-нан) астам кездесулер мен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Қазіргі күні Заң жобасымен Парламент Мәжілісі жұмыс жасауда. Заң жобасының мағынасы, діни көзқарастарына қарамай, барлық азаматтардың құқықтарын қорғау, діни бірлестіктер қызметі  үшін түсінікті, ашық және қолайлы жағдайлар жасау, деструктивті үгіт-насихаттың кез келген түрінің алдын алу. Осылайша, азаматтық қоғамның қатысуымен әзірленген Тұжырымдама мен заң жобасы мемлекеттік саясаттың жалпы идеологиясын қалыптастырды. Біз ресми түрде және нақты жариялаймыз, мемлекет дін немесе сенімге қарсы емес. Бірақ, оны дәріптеумен де айналыспайды.

Дін мейірім шашу керек. Оның пайдасын дәрімен салыстыруға болады. Негізі, дәрі пайдалы болады. Бірақ, дұрыс емес немесе тым артық қолданса, одан пайда емес, зиян келуі мүмкін. Мемлекет діни бірлестіктерді өзінің сенімді серіктесі ретінде көреді. Сонымен бірге, дін саясиланып, заңдардың орнын алмау керек. Діни біліктілік тиісті тәрбие және саяси сауаттылықпен сүйемелденіп, сындарлы көзқараспен қабылдану керек. Қоғамдық пікірталас барысында сарапшылар, діни бірлестіктер мен мемлекеттік органдар осындай тұжырымға келді. Қазіргі кезеңде дін саласында басымдық түсіндіру және алдын-алу жұмыстарына  берілуде», деді министр.

Нұрлан Ермекбаев атқарылған жұмыстарды баяндай келе, алға қойылған міндеттердің де аз емес екенін тілге тиек етті.

«Ғибадатханалардың, соның ішінде мешіттердің де, құрылысын тәртіпке келтіретін уақыт жетті. Мешіт мұсылман үшін – ол Алланың үйі. Ол таза, күтілген болуы керек. Оның келуші жамағаттың санына сәйкес болуы, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, айналасына кедергі келтірмеуі абзал. Мәселен, егер де  мешіт немесе шіркеу қараусыз қалса, келуші жамағат ол жерде аз болса, егер ол халық көп жүретін көшенің бойында салынып, бірақ көлік қоятын орындармен қамтамасыз етілмесе, егер дауысы қатты шығатын дыбыстар немесе қоңыраулар айналасындағы тұрғындардың мазасын алса, онда  мұндай құбылыс жағымды сезімдерді емес, тек шағымды әрекеттерді туғызатыны айқын. Өкінішке орай, бұндай шағымдар бізге келіп түсуде. Кейде мешіт салу сәнқойлық болып саналады. Ал, мешіттің имамы болмауы немесе оны ұстап тұру жергілікті қауымға ауыр тиетіні  назарға алынбайды. Салдарынан, кейбір жерлерде, мешіт ғимараттары тіпті сатуға қойылып жатыр. Құдайшылық іс – ол тек мешіт немесе шіркеу салуда ғана емес. Бүгінде еліміздегі 3601 мешіттің 84 қаңырап, бос тұр. Бұл процесті жүйеге келтіру  үшін діни ғибадатханалар салуда рұқсат беретін айқын стандарттар болу керек. Соның ішінде, жаңадан құрылыс салуға ниетті азаматтарға қосымша талаптар қойып, ғибадатхана салудың жаңа үлгілік ережелерін енгізу керек. Министрліктің дін саласында жақын перспективада көптеген міндеттері бар. Оларды жүзеге асыру дін саласындағы қарым-қатынастардың үйлесімді болуына оң ықпалын тигізеді», деді ол.

Баяндама барысында министр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмыс өте маңызды екенін алға тартып, «Туған жер» бағыты аясында министрлік ұсынған «Атамекен» шағын бағдарламасын жүргізіп жатқандарын жеткізді.

Алқа отырысн аяқтай келе Н.Ермекбаев жастармен де жан-жақты жұмыстар жасалып жатқанын, тың жобалар жолға қойылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жиында Дін және азаматтық қоғам саласындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Төлеутай Сүлейменов «Қоғамдық кеңестердің қызметі туралы», Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-муфтиі, дінтану PhD докторы, доцент Алау Әділбаев «Мүфтият пен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі арасындағы меморандум аясында: игі бастамалар мен ізгі іс-шаралар» тақырыбында, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ дінтану кафедрасының профессоры, доцент, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан дінтанушыларының конгресінің мүшесі Юлия Шаповал «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауы тұрғысындағы замануи кезеңдегі дінтанушылық білім мен ғылымның міндеттері» туралы, «Enactus Kazakhstan» жеке қорының президенті  Альбина Ержанова «Жастардың бәсекеге қабілеттілігі елдің табысты жаңғыруының шарты ретінде» тақырыптарында баяндама жасады.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»