Өнер • 22 Ақпан, 2018

Буын биінің білгірі

967 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алтай аймағындағы Шің­гіл ауданында әр ұлт өкілінен құралған 13288 адам бір мезетте «Қара жорға» биін билеп, Гиннестің рекордтар кітабына енгенін естігенде менің ойыма аудандағы «Өнер» мектебінде жұ­мыс істейтін Қуанған Иманханұлы орала кетті.

Буын биінің білгірі

«Қара жорға» биі төңірегінде әртүрлі алыпқашпа сөз көп. Моңғолдардың да, қытайлардың да «меншіктеуіне» қарағанда көне заманнан ұмытылмай келе жатқан саф өнер туындысы ерекше қызықтырса керек. Бірақ бұл жорамалдардың бәрін Қуанған бауырым жоққа шығарады. Ол үшін еш таластың керегі жоқ, шығарманың түп-тамырына бойлаған адам оның қазақтың төл биі екенін бірден аңғарады, дейді ол. «Қара жорға», «Аю», «Бүркіт» билері сияқты ата-бабамыз бізге мирас етіп қалдырған көне мұра­лардың молдығын, бимен қатар ән, күй саласында да сөзі анық, бояуы қанық шығармалар жеткілікті екенін өнер адамына тән қызба мінезбен баяндағанда екі көзі шырадай жанып, қолды-аяққа тұрмай кетеді. Қазақтың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан буын биінің классикалық үлгісі ретінде танылған «Қара жор­­ғаны» билей жөнелгенде «қазақта би болмаған, би өнері дамы­маған» деген пікірлердің ұшқары ай­тылғанына көзің әбден жетеді.

Бидің небір жауһарлары Алтай қазақтарында сақталып қалған. Бұл би Қытайда ең таңдаулы 12 туындының бірі болып есептеледі. Сан ғасырлық өмірбаяны бар «Қара жорғаның» өңірімізде алғаш танылуына, кеңінен таралуына Қуанған Иманханұлы жанкештілікпен атсалысып жүр. Ол атамекенге оралғанға дейін Моңғолияның Баян-Өлке аймақтық сазды-драма театрының директоры қызметін атқарған. 1986 жылы Ленинград мемлекеттік мәде­ниет институтынын тәмамдаған. Осы шаһарда атақты бишілерден дәріс алған. Жоғары білімді кәсіп­қой бишінің содан бергі сана­лы ғұмыры би өнерімен ты­ғыз сабақтас. Уәлиханов ауда­­нына келісімен «Өнер» мекте­бінде тұңғыш би үйірмесін ашты. Оның репертуарында «Қара жор­ғадан» басқа «Аю», «Бүр­кіт», сонымен қатар шығыс, славян билері де бар. Бишілер тобы байқаулардан жүлдесіз оралған емес.

– «Қара жорға» буын биінің төресі, шыңы саналады. Себебі мойыннан бастап бақайшыққа дейінгі буындардың бәрі мә­нерлі, үйлесімді қозғалыста бо­луы шарт. Оның өзі төрт бө­лік­ті қимылдан тұрады. Атап айт­­қанда, дене ырғағы, топшы толғақ, буын бұлғақ және аяқ жор­ғақ. Осылардың бә­рін топтас­тырып билегенде су төгілмес жорғаның жүрісі мүлтіксіз бейнеленеді. Өте күр­делі, сонысымен тартымды. Бас­қа билерден өзгешелігі – кей тұс­тарда шапшаң, кей жерлерде байсалды, жайдары орындалуын­да. Менің топшылауымша ең алдымен «Қара жорға» күйі, содан кейін күй әуенімен би пайда болған секілді. Шыққан жері Алтайдың төрі болғандықтан қазақ даласының кербез сұлу­лығын бейнелейтін тұстар, қи­мыл­дар көп,– деп, би тарихынан сыр шерткен бауырымыз қорбаңдаған аюдың маймақ жүрісін, қияға қанат қаққан қы­ранның шарықтай ұшқанын билеп көрсеткенде керемет әсерлендік. 

Сағидолла ИКЕНОВ,

жергілікті өлкетанушы

Солтүстік Қазақстан облысы,

Уәлиханов ауданы