Футбол • 22 Ақпан, 2018

Станимир Стоилов: «Ертеңгі кездесуде қорғаныста барынша сақ болып, өз ойынымызды көрсетуіміз қажет»

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Спортинг» – «Астана»кездесуінің қарсаңында елордалық команда бас бапкері Станимир Стоилов журналистерге сұхбат беріп, жауапты матч туралы өз пікірімен бөлісті:

Станимир Стоилов: «Ертеңгі кездесуде қорғаныста барынша сақ болып, өз ойынымызды көрсетуіміз қажет»

- Астанадағы ойыннан кейін «Спортинг» сапынан кімді ерекше атап өтер едіңіз?

- Мен жекелей ойыншыларды емес, команданың ойынына баса мән беремін. «Спортинг» құрамында мықты ойыншылар жетерлік. Португалиялық ұжым сапында ойын тағдырын шешіп кете алатын бірнеше ойыншы бар.

- Қазақстандағы аяздан кейін, Португалиядағы ауа температурасына бейімделіп үлгердіңіздер ме?

- Біз Дубайда дәл осындай ауа райында дайындалдық. Команда дәл қазір жақсы дайындалып жатыр. Бізді күтіп алып, жаттығу жұмыстарына барынша жақсы жағдай жасаған ұйымдастырушыларға ерекше алғыс білдіремін.

- Станимир, бірінші ойында Юрий Логвиненко қызыл қағаз алып қалды. Бұл ойыншылардан бөлек, ертеңгі кездесуде алаңға шыға алмайтын немесе жарақаты бар қандай ойыншылар бар? Жалпы команданың осы ойынға дайындығы қалай?

- Команда құрамында бірнеше мәселелер бар. Юрийдің алаңға шықпайтыны түсінікті. Және де Серікжан Мужиков алаңға шыға алмайды. Біз оның денсаулығына алаңдағандықтан, ертеңгі кездесуде алаңға шығаруды жөн санамаймыз. Одан бөлек, команда құрамында Еуропа Лигасының тізіміне ілінбеген футболшылар бар. Команда құрамында бірінші кездесумен салыстырғанда айтарлықтай өзгерістер орын алмайды. Тек қорғаныста өзгеріс болады. Ал команданың дайындығына келер болсақ, ертеңгі кездесуде ұйымдасқан ойын көрсетуге тырысамыз. Ойынның қиын болатындығына қарамастан, Еуропа Лигасының 1/16 финалына сай келетін, «Астана» командасына тән ойын өрнегін көрсетеміз.

- «Спортинг» командасы екі күн бұрын ішкі біріншілікте өте қиын өткізді. Бүгінгі баспасөз жиынында «Спортинг» командасының бас бапкері ертеңгі матчта жеңіске жетудің аса маңызды емес екендігін тілге тиек етті. Осы тұрғыдан алғанда, бұл жағдай Сіздің командаға қол бола ала ма?

- «Спортинг» сапында алаңға шығып, өздерін дәлелдейтін ойыншылар жетерлік. Біздің ойындағы кез келген қателігіміз, жеңіліске әкелетіндігі анық. Бірінші ойындағы қарсылас соққан голдар бізлдің қателігімізден кірді. Сондықтан, ертеңгі кездесуде барынша сақ ойнап, өз ойынымызды көрсетуіміз қажет.

- Ертең, «Астана» командасының бас бапкері ретінде Сіздің соңғы ойыныңыз болуы мүмкін бе?

- Мен қазір «Астана» командасының бас бапкерімін. Сондықтан, ойын алдында артық ештеңе айтқым келмейді. Менің комнададағы орным туралы, елге жеткен соң сөйлесетін боламыз. Біздің бар ойымыз ертеңгі кездесуде.

- Астанадағы кездесу аяқталғаннан кейін, «Спортинг» командасыны Твиттердегі парақшасы «Борат» туралы жазған болатын. Осы туралы не айтасыз?

- Мен шыны керек оны оқымадым. Сондықтан, бұл жағдай туралы артық ештеңе айта алмаймын. «Спортинг» Еуропаның мықты командаларының бірі. «Астана» командасының осы күнге дейін Еуропа Лигасындағы жеткен жетістігі лайықты деп сеніммен айта аламын. Егер, дәл осындай жағдай орын алған болса, «Спортинг» тарапы біздің клубтан кешірім сұрағандары жөн.

 

Ермұхамед Мәулен

«Егемен Қазақстан»