Қазақстан • 22 Ақпан, 2018

ЕО - Орталық Азия қарым-қатынастарының 25 жылдығына орай халықаралық конференция өтті

502 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан пен Еуропалық одақ арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орныққанына 25 жыл толып отыр. Осыған байланысты кеше Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің ұйымдастыруымен халықаралық конференция өтіп, онда стратегиялық байланыстар мен халықаралық істердегі ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды.

ЕО - Орталық Азия қарым-қатынастарының 25 жылдығына орай халықаралық конференция өтті

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"

Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы жарасымды байланыс еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардан бері жалғасып келе жатыр. Бүгінгі таңда осынау халықаралық экономикалық бірлестіктің Орталық Азиядағы негізгі сенімді серіктесі де – Қазақстан. Дипломатиялық байланысқа айғақ болған алғашқы құжат 1995 жылы қабылданды. Осылайша, Қазақстан Еуропалық одақпен Орталық Азиядағы өзара ынтымақтастық пен серіктестік туралы келісімге келген алғашқы мемлекет болды және әзірше келіссөздердің екінші буынын жасаған өңірдегі жалғыз ел болып отыр.

Халықаралық конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде Еуропалық одақпен ынтымақтастықты дамыту – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басты басымдықтарының бірі екенін айта келе, Президенттің биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да Еуропалық одақпен әріптестікке ерекше назар аударылғанын атап өтті.

Министр айтуынша, Еуропалық одақпен байланыс орнатылған 25 жыл ішінде өзара сенімді әріптестіктің негізі берік қаланып, ынтымақтастық көкжиегі кеңейе түскен. Қазіргі таңда қарқын алған сауда-экономикалық көрсеткіштер – соның айғағы. ЕО мен Қазақстан арасындағы кеңейтілген ынтымақтастық пен серіктестік жөніндегі жаңа күшейтілген келісімнің өзі екіжақты орнықты дамудың бағыттарын айқындап, барлық сала бойынша байланысты нығайтқан.

Еуропалық одақ алдағы уақытта Орталық Азияға арналған ЕО Стратегиясын жаңарту туралы шешімге келіп отырғаны белгілі. Қ.Әбдірахманов Қазақстан бұл шешімді толығымен қолдайтынын, осыған орай нақты ұсыныстар енгізуге дайын екенін жеткізді.

Министрдің Қазақстан атынан жариялаған ұсыныстардың алғашқысы – жеке кәсіпкерлікті дамыту, орта және шағын бизнесті қолдау бағытында бірлескен жұмыстарды белсенді жүргізу. Осы орайда Еуропалық одаққа мүше елдердің тәжірибесі ескеріліп, ол нақты үлгі ретінде қолданылуы тиіс.

Екіншіден, Қазақстан энергия тиімділікті арттыруға айрықша мән беріп отыр. Былтыр өткен ЭКСПО халықаралық көрмесінде де жасыл экономиканың тиімділігі мен оны қолданудың артықшылықтары күллі әлемге айшықталды. Сондықтан Еуропалық одақпен осы бағытта да бірлескен жұмыстар қолға алынуы керек.

Үшіншіден, халықаралық бірлестікпен ынтымақтасу барысында көлік-транзиттік саланы дамыту да басым бағыт ретінде қарастырылуы тиіс. Бұл Орталық Азия елдерінің экономикасын дамытуға да ықпал етпек. Осы орайда Орталық Азия Еуропа мен Азия арасында тауарлар мен энергия ресурстарын тасымалдайтын транзиттік дәліз ретінде ғана қалмауы тиіс. Орталық Азия елдерінің экономикасын тиімді әртараптандырып, жоғары сұранысқа ие тың технологиялық өндірістерді құру үшін ЕО тәжірибесі мен көмегіне сүйенген жөн.

Министр сондай-ақ, Қазақстан цифрландыру саласында, экология, су ресурстары, адам құқықтары және заңның үстемдік құруы мәселелерінде де жаңа тәжірибелерді қолдануға мүдделі екенін атап өтті. Бұған қоса, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын ұтымды пайдалану салаларындағы ынтымақтастық та тереңдей түсуі қажет. Қ.Әбдірахмановтың айтуынша, болашақ стратегияны құру кезінде ескерілетін бұл жайттар еуропалық компаниялардың өңірлік нарыққа шығуына және аймақтағы Еуропалық одақтың ұстанымын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Халықаралық конференцияның жұмысына сәттілік тілеген Сыртқы істер министрі Қазақстан Президенті елдің экономикасы мен қоғамдық өмірін барлық сала бойынша жаңғыртудың тың бағдарламасын ұсынғанын айта келе, Еуропалық одақ пен оған мүше мемлекеттер Қазақстанның осы маңызды жоспарын жүзеге асыруға үлес қосатынына сенім білдірді.

Бұдан кейін сөз алған Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан аталған ұсыныстарды мақұлдайтынын және Еуроодақ уағдаластық орнатуға септігін тигізетін бастамалардың бәрін қолдауға дайын екенін жеткізді.

Еуропалық Одақтың Орталық Азияға арналған стратегиялық құжаты 2019 жылдың ортасына қарай дайын болады деп күтілуде. Онда ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі басымдықтары белгіленбек.

Бұдан кейін алқалы жиынның панельдік сессиясы басталып, қатысушылар халықаралық жағдайларға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Спикерлер Еуропалық одақ пен Орталық Азия мемлекет­тері арасындағы саяси, эконо­микалық, сауда салаларындағы екіжақты және аймақаралық қатынастарды, ынтымақтастық пен байланысты кеңейту бола­шағын талқылады. 

Қазақстандағы ЕО өкілдігінің басшысы Траян Христеа еліміз­дің көтерген бастамаларын Еу­ропалық одақ тарапы жоғары бағалап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Еуропалық одақ Қазақстанды өңірдегі іргелі әріптес санайды.

«Қазақстан мен ЕО ара­сындағы әріптестік деңгейі маңызды. Өйткені екі тараптың қарым-қатынасы VI ғасыр­да, Ұлы Жібек жолы арқы­лы Шығыс пен Батыс сауда-саттық жасай бастағаннан бері қалыптасқан. Құрлықтың екі жағына жеткізілген тауар­лар, идеялар, мәдениет пен өрке­ниет дәл осы аймақтан өтті. Сон­дықтан Еуропалық одақ үшін Қазақ­стан өңірдегі ең маңызды әріптес екенін атап өткім келеді», деді ол. 

Т.Христеаның сөзіне сүйен­сек, ЕО Қазақстанды сауда және экономикалық әріптес қана емес, тұрақтылық пен толеранттықтың үлгісі ретінде қарастырады. Бұдан кейін өкіл 26 жыл ішіндегі қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Екіжақты әріптестіктің нәтижесінде Қазақстанның сыртқы тауар айналымының 15 пайызы осы Еуропалық одақ елдеріне тән. Сонымен қатар Т.Христеа одақтың Қазақстанға инвестиция салу бойынша да алдыңғы қатарда екенін атап өтті.

Өзбекстандағы ЕО өкіл­дігінің басшысы Эдуардс Стип­райстың айтуынша, қазіргі таңда ел аймақтағы маңызды әріп­тестердің біріне айналып келеді. Соның нәтижесінде кейінгі жеті жылда Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 178 миллион еуроға жеткен. Э.Стипрайс бұл елмен әріп­тес­тік­ті одан әрі нығайту керек екен­дігін атап өтті. Осыған сәйкес Еуропалық одақ өңірлерді дамытуға, ауыл шаруашылығын жандандыруға маңыз бермек.

Содан кейін ЕО-ның Қыр­ғыз­стандағы уақытша сенімді өкілі Яап Ора баяндама жасап, тараптар арасындағы әріп­тестікті нығайту барысында атқа­рылып жатқан шараларға тоқ­талды. Ол 2017 жылғы жел­тоқсанда басталған көп раунд­ты келіссөздер екіжақты серік­тестікті жаңа деңгейге шыға­ра­тынына сенім білдірді. 

Я.Ораның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда ЕО тарабы Қыр­ғыз­станда көптеген салалар бойынша жұмыс істеп жатыр. Елде жыл сайын адам құқығы жөнінде жарыссөздер ұйымдастырылып, осы саланы жандандыруға маңыз беріледі. Сондай-ақ одақ да­му жөніндегі мәселелерге де көңіл бөліп отыр. Өкілдің дерек­теріне сай, ЕО 2014-2020 жыл­дар аралығында қырғыз ағайын­дарға 180 миллион еуро көле­мінде қаржылай көмек берген. Я.Ораның айтуынша, елде заңның үстемдік құруына, білім саласына және өңірлік дамуды интеграциялауға ерекше көңіл бөлінеді.

ЕО-ның Тәжікстандағы өкілі Маргус Солнсон ұйымның ел үшін маңызды әріптес екенін сөз етті. Оның айтуынша, тәжік­тер тарапы одақты ұзақ мерзім­ді және тұрақты саяси серік­тес ретінде есептейді. Екі тарап­тың байланысын нығайту мақ­сатында өкілдіктің бірқатар жұ­мыс­тар атқарып жатқаны да айтыл­ды. М.Солнсонның сөзіне сүйен­сек, Тәжікстанда адам құқық­тары, гендерлік теңдік, ба­лалар құқығын қорғау мәселе­леріне ерекше ден қойылған. 

Бұдан кейін ЕО мен Орталық Азия елдері алдындағы ортақ қауіпсіздік сын-қатерлері, ген­дерлік теңдік пен адами капиталды дамыту жөнінде пленарлық сессиялар өтті. Аталған жиын барысында қазақстандық және шетелдік сарапшылар өз пікір­лерін ортаға салды. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»