Қазақстан • 23 Ақпан, 2018

Еңселенген елорда

398 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы елорданы көшірудің 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыс­та сөйлеген сөзінде «Астананың құрылысы осынау жылдары біздің еліміздің әлеуетін танытып, бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең орасан мегажобаға айналды», деп атап көрсеткен еді. Ал одан бергі өткен он жыл көлемінде елордадағы құрылыс жұмыстары қарқынымен де, көлемімен де көзайым қылған шынайы ғасыр құрылысы атанды. 

Еңселенген елорда

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Ақиқатында қазір Астанада құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын заманауи құрылыс кластері жұмыс істейді. Оған төрткүл дүние тәнті болған бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі – ЭКСПО-2017 қалашығын қазақстандық құрылысшылардың өз күшімен, өз технологияларымен тұрғызғандығы дәлел. Оның үстіне елорданың осы жиырма жыл­дық жасампаз шежіресінде ал­ғаш рет, өткен жылы 2 миллион 360 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл де­ге­ніңіз, 20 мың 781 пәтерді құ­рай­тын рекордтық көрсеткіш! Тек соңғы бес жыл көлемінде ға­на ел­ордамызда 9 миллион шар­шы метр­ден астам тұрғын үй пай­дала­нуға беріліпті. Бұл бас қа­ла­­мыз­дың аумағында 300 мың тұр­ғыны бар облыс орталығына пара-пар жаңа қала бой көтерді деген сөз.

Сәулетімен салтанат жа­рас­­тыр­ған елордамыздың құры­лыс са­ла­сында бүкіл ТМД мем­лекет­терінің кеңістігінде тұң­­ғыш рет тағы бір әлеуметтік жо­баның жүзеге асырылып жат­қан­дығын біреу білсе, біреу білмейді. 2018 жылдың қаңтар айынан Астанада апатты тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатындағы ірі жобаның екінші кезеңі бастау алды. Елбасының тікелей тапсырмасымен 2013 жы­лы елімізде «Қолжетімді тұр­ғын үй-2020» бағдарламасы қабыл­данған болатын. Қазір бұл бағ­дарлама «Нұрлы жер» бағдарла­масына кіріктірілген. Міне, осы бағдарлама аясында тұңғыш рет көп қабатты тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзып, орнына жаңа тұрғын үй кешендерін салу жұмысы қолға алынды. Бұл әлеуметтік жобаны жүзеге асырмастан бұрын 2013 жылы бас қаламыздағы тұрғын үй қорына жан-жақты талдау жасалып, арнайы құрылған ведомствоаралық комиссияның шешімімен негізгі құрылыс конструкциялары мен инженерлік желілерінің әбден тозығы жеткен көп қабатты тұрғын үйлердің тізімі жасалды. Тізімге 1940-1970 жылдары салынған 228 көп қабатты тұрғын үй енгізіліп, бұл үйлерді бұзу жұ­мысы 2018 жылға дейін іс жүзіне асырылатын жобаның бірінші кезеңіне кіргізілген болатын. 

Жақында Астана қаласы әкі­мінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун тұрғындармен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыс ауқымы жөнінде есеп берді. Ол өз сөзінде Астана қаласында апат­ты тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын жаңа пәтер­лермен қамтамасыз ету мақ­сатындағы қанатқақты жобаның бірінші кезеңі толық аяқталып, тозығы жеткен 228 көп қа­бат­ты тұрғын үй түгелдей бұзы­лып, осы үйлерде тұрған 3519 отбасы жаңа пәтерлермен қам­тамасыз етілгендігін атап көр­­сетті. Әкім­нің орынбасары бүгін­де осы әлеу­меттік жобаның екін­ші ке­зеңін іс жүзіне асыру жұ­мыс­тары бас­талғанын да тілге тиек етті.

Үстіміздегі жылғы 9 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Осы отырыс­та Елбасы тозығы жеткен көп қа­бат­ты үйлерді бұзу мәселесіне жан-жақты тоқталды. Қала орта­лық­тарындағы тозығы жеткен үй­лерді сүріп, орнына жаңадан үй­лер салу керек. Негізінен бұл ау­қымды жұмыс мемлекет-же­ке­­мен­шік әріптестігі арқылы жүр­гізілгені жөн. 

Ескі үйлерді сүріп тастау – мемлекетке де, халыққа да, бизнеске де тиімді. Біріншіден, бұл қаланың келбетін әсем­деуге мүмкіндік берсе, екін­шіден, халықтың жақсы үйге көшуіне жағдай жасайды. Әлеуметтік жағдайдың осылайша оңалуы жұртшылықтың денсаулығына, көңіл күйіне де жақсы әсер етеді, деді Ел­басы. Міне, осындай нақты талаптар негізінде Астана қа­ласының әкімдігі 2018 жыл­дың алғашқы айларынан бас­тап тозығы жеткен апатты үйлерді бұзып, тұрғындарды жа­ңа пәтерлермен қамтамасыз ету бағдарламасының екінші ке­зеңін қолға алды.

Екінші кезеңге белгіленген жоспар бойынша, қаламыздағы өткен ғасырдың ортасында салынған 150 көп пәтерлі апатты тұрғын үйлер сүріліп, жалпы аумағы 600 мың шаршы метрді құрайтын 8500 жаңа пәтер салынуға тиіс. Қалалық әкімдік осы әлеуметтік қанатқақты жобаны орындау үшін «Елорда даму» атты арнайы өкілетті компания құрған болатын. Әлеуметтік жобаның бірінші кезеңінде бұл компанияға бюджеттен арнайы қаржы бөлінді.

Қанатқақты әлеуметтік жобаның шарты бойынша, компания өзі салған үйлердегі пәтерлердің 30 пайызын апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін әкімдіктің балансына берсе, пәтерлердің 70 пайызын ашық рынокта сатып, одан түскен қаржыны жаңа тұрғын үй кешендерін салуға инвестициялауға міндетті болатын. Бүгінде «Елорда даму» ЖШС аяғына нық тұрып, құрылыс рыногындағы өзінің үлкен беделі бар компанияға айналды. Сөйтіп тозығы жеткен көп пәтерлі тұрғын үйлерді бұзып, оның орнына жаңа тұрғын үйлер салу жөніндегі әлеуметтік жобаны өз күшімен атқаратын жағдайға жетті.

Елорда әкімдігі бұзылған көп қабатты үйлерден босаған жер телімдерін тиімді пайдалану шараларын да оңтайлы жүргізуде. Көп ретте бұл жер телімдерін жаңа саябақтар мен скверлер, балалардың спорт алаңдары мен демалыс орындарын салуға пайдалануда. «Тұрғын үй құрылысы көлемінің жыл сайынғы өсу қарқыны Мемлекет басшысы тарапынан берілген тап­сыр­­малардың аясында мемле­кеттік қолдау бағдар­ла­малары­ның арқа­сында жүзеге асырылып отыр. Біз әлемнің озық жаһандық қалаларының даму тәжірибесін зерттеп, елорда­ның алдағы даму үрдісінде және қаланың бағдарламалық жобаларында осы озық үлгі­лер­ді кешенді пайдалануды көздеп отырмыз», дейді Аста­на қаласының әкімі Әсет Исе­кешев осы орайда.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»