Медицина • 23 Ақпан, 2018

Сөз сойыл №53

557 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №53

Түк білмейтін механик

Сатирик-жазушы Сейіт Кенже­ахметұлы бірде өзінің жекеменшік «Уаз» автокөлігімен Торғайға сапар шегетін болып, бір жақсы механиктен «жолда машинам тоқтап қалса не істеймін, қай жерін шұқимын, соны тізіп жазып бер» депті. Ол машинаның қай жері кеткенде машина жүрмей қалатынын түгел тізіп жазып беріпті. Жарты жолдан асып кеткеннен кейін машинасы жүрмей, тоқтап қалыпты. Сол жерде Сейіт манағы механик жазып берген тізім бойынша машинаның барлық тетігін қарап шығады, бірақ бәрі дұрыс, бәрі істеп тұр. Өзінің қолынан келмеген соң жолда машиналарды тоқтатып сұрайды. Сейітті танитындардың бәрі тоқтап, біраз шопырлар жиналып қалады. Сол жерде бір шопыр «қайта-қайта қарай бермейік, несін қарап шықтыңыз? дейді. Сейіт манағы тізімдегіні көрсетіп бұның бәрі дұрыстығын айтады. Сол жерде бір жігіт «осы машинаның бензині бітіп қалған жоқ па екен?» деп машинаның багін қараса, «Уаздың» екі жағында болатын багінің біреуі бітіп қалыпты да екіншісі косылмаған екен. Сол екінші бакті қосып, бензин келгеннен кейін машина «гүр» ете қалған. Сонда Сейіт қолындығы тізіміне қарап тұрып: 

 – Мен бұны машина тетігін білетін жақсы механик деп жүрсем, бұл өзі түк білмейді екен ғой, машинаның бензині біткенде машина жүрмей қалады деп неге жазбаған? – депті. Сол жерде жиналған шопырлардың бәрі «қырылып»қалыпты. 

 

Аузы дуалы шал

Құрдасы Қойшығара Салғараұлы бірде Сейіт Кенжеахметұлының қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығып 30-дан аса мемлекетке тарап үлгірген қазақтың салт-дәстүрлері туралы кіта­бын көріп, Сейітке: 

– Сенің осы еңбегің өте жақсы іс болды, бұл еңбегің сенің атыңды биікке көтереді, – дегенде, Сейіт оған: 

– Әй, осы сен аузы дуалы шал болайын деп тұрсың, – деген екен. 

 

Сүт беретін апайға

Сейіттің шешесі Сәлима Смайыл­қызы жұмыс бабымен Шеген ауылына көшіп барады. Шеген ауылы – Сейіттің нағашы жұрты. Сол ауылда танитындардан әркім шайлық сүт сұрап алады екен. Науқанбай деген Сейіттен 2-3 жас үлкендігі бар баланың шешесі сауыншы, сүтті Сейіт сол үйден алады екен. Ол кісі сүт құйып берердің алдында бетін­дегі қаймағын қалқып алып, сүтін құйып беретін көрінеді. Әлгі кісі зор денелі, ауыз-мұрынды құдай аямай бере салған ірі кісі екен. Бір күні ауыл­дың ортасында тақпақ айтып тұрған балалардың жанынан өтіп бара жатса, әлгі балалар: 

– Ауыз үйге барды да, 

Қаймағын қалқып алды да, 

Құйып берді шыныма, 

Бір ұрттап алды да. 

Берген сүті қаймақтай, 

Ауызы оның оймақтай. 

Құдай өзі берген ғой, 

Мұрынды шіркін қолақтай. 

Алыстан бірақ қарасаң, 

Көрінеді томпақтай, – деп өзі туралы тақпақ айтып тұр екен. Содан кейін ол кісі бала Сейітке «шырағым, енді мен туралы өлең шығармай-ақ қой» деп сүтін қаймағын алмай беретін болыпты.

Жасұлан СЕЙІТҰЛЫ

АСТАНА

 

Албастыдай аманат

Бүгінде әкімқаралардың алдына кіруден әбден зәрезап болған зарық­қандар мен торыққандар Айға ұшып барып келгенді оңай көреді. Дөй бас­тықтарды былай қойғанда жай басшы­сымақтардың бөлмелеріне әупіріммен зорға бас сұғасыз. 

Осыны ойлап, басшы атаулыдан баз кешіп, олардан қырық құлаш қашып жүргенімде: «Сізге әкім мырза төбе көрсетіп кетсінші деді» деп келген шақыртушы шыбық тиген шыжбаң шыбыштай шар ете қалды.

– Әкім шақырғанда адамдар бөркін аспанға атып шаттанушы еді, сіз оны жеті атасына дейін түгендеп жатқа­ныңыз неліктен? – деп бетіме бажырая қарады.

– Қарағым, кешір. «Қуанған мен қорыққан бірдей» демеуші ме еді? Сірә, қатты қуанғаннан жүрегім жарылып кете жаздап тұр-ау, – деп өзімді-өзім жөнге сала қойдым.

Қызықтың көкесі хабар жеткізуші кеткеннен соң басталды. Сең соққан сазан балықтай мең-зең болып отыр едім, есік сықыр етті. Ілініп бара жатқан көзімді бағжаң еткізіп ашып қалсам, үйге қырғауыл іздеген қызыл иттей жалмаңдап Нұртай кіріп келеді екен. Қолтығына әлдене қыстырып алыпты. Жүрген жеріне шөп шықпайтын осы немені иттің етінен жек көруші едім. Төрге тайраңдап озып, жайраңдап сөйлеген соң демім сыртқа шықпай қалды.

– Досым, әкімге кіргелі жатыр екен­сің, – деді ол жайғасып отырған соң.

– Иә.

– Иә болса, менің ана жүгермегім көптен бері селтеңдеп, босанып кеткен иттей арсалаңдап, анаған да ұрынып, мынаған да ұрынып, тектен текке жүр ғой. Соны әкімнің құлағына қыстырып, бір жібі түзу қызметке іліндіре салшы, құлың болайын.

– Құлым болмақ түгілі туған ұлым болсаң да мұндай миғұла әңгімені әкімге айта алмаймын.

– Дос емес екенсің!

Нұртай мұнан соң жеті атасын айтып қарғанып, жер тоқпақтап отырып алды. Зар-запыранының ащысы-ай, баяғыда сүйектеріне қына шығып кеткен бабалары мұны естісе орындарынан өгізше өкіріп атып тұрғандай. Сай-сүйегім сықырлады, құлағым шуылдады. Амалсыз көндім. Нұртай жеңді.
«Уф!» деп жан шақырып отыр­ғанымда үкідей ұшып Салқынбек келді. Оның да баласы дипломын арқалап дуана болып кетіпті. Әлгі бір әнші келіншек айтатындай, жұмыс құрғыр Астанада да, Алматыда да, Шымкентте де, әрі-беріден соң Жынкентте де жоқ. Оның «Жынкент» деп отырғаны, сірә, құлбазар шығар деп топшыладым. Бауырымды құлбазарға салғанша қу мазарға айналып кеткен жөн. Бауырдан айырылсаң, басқалар саған өлсе жолай ма? Бауыр да керек, бас та иықта қалт-құлт етіп ілініп тұрғаны есі дұрыс адамға жөн болады.

Түс ауа Жұман келді. Жұманнан соң Құман келді. Бірінің туысына жала жабылып қызметінен қуылғалы жатыр. Екіншісі мемлекеттің пәленбай миллион теңгесін жеп қойып, енді оны қаржы полициясындағылар табаққа майсыз салып тірідей қуырғалы жатыр. Өтініштерін орындамасам, ат құйрығын кесеміз дейді. Жүктерін бір түнде машинаға жасырын тиеп көшеміз дейді.

Нұртай мен Салқынбек, Жұман мен Құман келіп кеткеннен соң бірінен бірі жасырынып жиырмадан астам жақындарым жалынып-жалбарынып, жағдайларын айтып, жылағанда етектері шелек-шелек жасқа толып, еңіреп-өксіп жұлын-жүйкелерімді жидітіп кетті.

Қарап отырсам, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, үлде мен бүлдеге оранып қайғы-мұңсыз отырған мен ғана сияқтымын. «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адас» деп атам қазақ бекер айтып кетті дейсіздер ме? Ыңғайы келіп әкімге кірмек екенмін, қой, туыстарымның тапсырмаларын тап-тұйнақтай шашау шығармастан жеткізіп шығайын деп бір ойладым. «Сөзімді хош көрсе мақұл. Тыңдамай қойса, ағайынның өлгенше соңыңнан көлеңкедей жабысып қалмайтын өкпе-дауына қалармын» деп тағы ты­ғырыққа тірелдім. Сөйтіп екі кеме­нің басын ұстағандай дымым құрып сарсылып отырғанымда шайтандай ұшып шақырту да келді. Қыл­қындырғышымды мойыныма шоқ­пардай етіп тағып, безеу беттеріме иіссу жағып, туфлиімді майлап, айтатын сөздерімді сайлап, әйелімнің батасын алып үйден шықтым.

Атшаптырым кабинеттің иесі алдымнан айқайлап, алақайлап, арсалаңдап шықпағанымен, обалы не керек, жып-жылы қарсы алды. Жайдары жігіт екен, орындық ұсынды. Өзі қарсы бетке өтіп жүзбе-жүз қарап отырды. Үстел үстіндегі бармақтай түймені басып хатшысынан екеуімізге шай алдырды.

– Ақсақал, айып етпеңіз, уақытым өте тығыз. Сондықтан бірден шақырт­қан мәселеге көшейік. Сіз тұратын ауылдан домалақ арыз, шатағы көп шағымдар көбейді. Бірінің үстінен бірі қардай боратып жазып жатыр. Өті­рігі қайсы, шындығы қайсы? Мұны құзырлы органдар тексеретін болады. Шақырған себебім, сізді көпшілік тыңдайды деп естіп жатырмын. «Көшелі кісі, ауызының дуасы бар» дейді білетіндер. Бізге көмектесіңіз, ауылыңыздың ақсақалдыларының басын қосып, бірлік, ынтымақ туралы кеңес өткізіңіз. Мына қырғын хаттарды тоқтатуға жәрдем беріңіз. Бұйымтайым осы еді, – деді әкім.

Ағайын-жекжаттың аманатын орын­даймын деп барған жазған басым тасқа соғылып, есеңгіреп қалдым. Қой­нымдағы қалың дәптер жүрегіме у болып дарып жатқандай өн бойым қалтырады.

Қазір ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаран, құрдас көрсем тұра қа­шатын болдым. Құдайдың қолын ұстағандай қодыраңдап, бәріне бірдей уәде беріп нем бар еді? Албастыдай аманат арқалатып жіберген ағайында да ес жоқ.

Сірә, «қолың көтере алмас шоқ­парды беліңе қыстырма» деген осы шығар.

Мың өліп, мың тірілген қазақпыз ғой, қайтеміз енді, ағайынның алауыз­дығына да төзіп бағармыз. Айтпақшы, бұдан былай әкім тұрмақ қатын ша­қырса да ойланып барармын-ау деген ой түйіп отырмын.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Оңтүстік Қазақстан облысы

Сыйға - сүйек, сыраға - балық. Сурет "Әлеуметтік желіден" алынды

Сұрауы бар судың да

Сұрауы бар судың да,
Сазайы  бар қудың да.
Ана болар күні бар,
Жаңа туған қыздың да.
Кеуіп кетер күні бар,
Табаннан өткен сыздың да.
Күл  боп кетер күні бар,
Биік тау мен құздың да.
Ағып кетер күні бар,
Тас боп жатқан мұздың да.
Аяғыңа тұсау болады,
Жолдан бала тудың ба?
Қайта келер күні бар,
Аспанда жүрген будың да.
Өзгеріске түсесің, 
Табиғатты бұздың ба?
Ат тұяғын 
тай басар
Қанша заңғар болса да,
Таудың басын кір шалар.
Қанша шешен болсаң да,
Бас бәйгені жыршы алар.
Қанша үлкен болса да,
Жердің бетін күн шалар.
Ішіңдегі сырыңды,
Домбыра мен күйші алар.
Қандай тұлпар болса да,
Шабандоздар қамшы алар.
Мәреге жетіп қалған да,
Сауырына бір салар.
Қона келген қонаққа,
Құнан еркек қой сояр.
Хан келгенде ауылға,
Қысыр емген тай сояр.
Біз білмейтін өмірде,
Нелер мықты бар шығар.
Көк аспаннан қарасаң,    
Жердің беті тар шығар.
Өзгеріске көп түскіш,
Мұз боп жатқан қар шығар.
«Мың өліп, мың тірілген»,
Атам қазақ нар шығар.
Асауды да үйреткен,
Кәсіп еткен малшылар.
Тіршіліктің байлығы,
Қазағым баққан мал шығар.
Кезіп жүрген киіктің,
Баспаған жері тау шығар.
Батыр қылған адамды,
Намыс пенен ар шығар.
Ең мықтысы тамырдың,
Тасты жарған тал шығар.
Біз білмейтін періште,
Көк аспанда бар шығар.
Тасты бөліп тастайды,
Тама берген тамшылар.
Шыбын жан деп жүргенің,
Бірақ тамшы қан шығар.
Армансыз пенде болған ба,
Қаперінде жан шығар.
Табиғатқа түк емес,
Түн батқан мен таң шығар.
Ат тұяғын тай басар,
Ұрпақтарың бар шығар.

Қазыхан ӘШЕ
Алматы

 

Соттағы «солақай» сөз

 Қылмысты жолмен байып алған бизнесменге тергеуші сұрақ қояды:
 – Сіз осы ақшаны қайдан аласыз? 
 – Банктен. 
 – Банкке кім салады? 
 – Әйелім. 
 – Әйелің кімнен алады? 
 – Менен. 
 – Ал сіз қайдан аласыз? 
 – Банктен.

*   *  *

 Істі болған азамат адвокатқа келіп:
– Екі сұрақ қойсам құны қанша болар екен? – дегенде, адвокат:
– 300 доллар. Екінші сұрағыңызды қоя беріңіз, – деген екен.

*   *  *

 Сот жәбірленушіге:
– Тағар кінәңіз не? – дейді.
– Ол мені бегемотқа теңеді!
– Қашан болып еді?
– Үш жыл бұрын.
– Оны енді ғана есіңізге алып тұрғаныңыз қалай?
– Өткен жетіде зоопаркке барып, содан бегемотты көріп... пәлекетің доңыздан да өткен құбыжық екен ғой...

*   *  *

Сот куәгерге тесіле қарап:
– Сіз мемлекеттік статистика агенттігінде қызмет атқаратыныңызды бір сәт ұмытып, бізге тек болған шындықты баяндаңыз, – деген екен.

Мүйісті жүргізген Берік Садыр, "Егемен Қазақстан"