Аймақтар • 23 Ақпан, 2018

Мүсінші дәрігер Ержан Қази

1310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ермексаздан Абайдың кеу­де мүсінін жасап отырған ақ халатты дәрігер жігіттің өнері таң­дандырмай қоймады. Осының алдында ғана Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханды мүсіндепті.

 

Мүсінші дәрігер Ержан Қази

Дәрігерлердің ішінен әншісін, бишісін, спортшысын кездестіруге болады. Ал мүсін жасаумен айналысатындары ілуде біреу шығар. Дәрігер Ержан Қази қолы қалт етсе, белгілі тұлғалардың кеуде мүсіндерін кейіптеумен айналысады. Күршім ауданында туған ол кішкентайынан бейнелеуге бейім болды. Әкесі омарта ұстағаннан кейін бе, балауыздан түрлі-түрлі фигуралар жасап, туған-туыстарына сыйға тартатын. Мектепті тәмамдаған соң, кәсіби мүсін­ші болуды да армандаған. Алайда аға-әпкелерінің ізімен Астанадағы меди­цина­лық университетке оқуға түседі. Оқып жүр­ген кезінде қалада бой көтеріп жатқан кейбір ескерткіштердің жасалуына куә болған. Кәсіби мүсіншілердің шеберханаларына барып, мүсіндеудің қыр-сыры­мен танысқан. Бірақ арнайы алған білімі жоқ. Тума талант. 

Бүгінде ол Өскемендегі облыстық «Ана мен бала» ауруханасында рентгенолог. Әйтеуір, өне­ріне қызметінің еш кедергісі жоқ. Жұды­рықтай мүсіндерді жұмыс орнында отырып-ақ жасай береді. Ержанның коллекциясында анималистік жанрда жасаған мүсіндер де жетерлік. Әсіресе «Бүркіт пен қасқырдың арпалысы» атты композициясындағы екі жақтың жан алысып, жан берісу сәті өте тамаша шыққан. Бүркіттің төбеден қаһарлана төніп келе жатқанын, қасқырдың жалт бұрылып, азуын ырсита ашып қорғануын әр бөлшегіне дейін мән беріп жасаған.

«Алдағы уақытта Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтың мү­сіндерін жасауда ермексазбен шектелмей, қоладан құйып шықсам деген ой бар», дейді мүсінші дәрігер Ержан Қази.

Қоладан құю бір күндік жұмыс емес. Ол үшін силиконнан қалып жасау қажет. Ал силикон материал Өске­менде тапшы көрінеді. Та­былғанның өзінде арзан емес. Шық­қан шығынды ақтау үшін жасалған дүние бағаланып, көрмелерде сатылымға шығарылуы керек. Ал мүсін сатып, пайда табуды көздеп жүрген Ержан емес. 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар