Аймақтар • 23 Ақпан, 2018

Атырау облысының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

762 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Нұрлан Ноғаевтың Атырау облысының әкімі болып тағайындалғанына санаулы күндерден кейін екі жыл болады. 

Атырау облысының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

Елбасы тапсырмасын лайықты орындап, мұнайлы аймақтың мұң-мұқтажын түгендеп, игілігін еселеу жолында аймақ басшысы қолға алған жұмыстар қатары көп. Оның бір парасын өткен жылы атқарылған істерді баяндап, алдағы міндет-мақсаттарды айқындаған есепті кездесуде Нұрлан Асқарұлының өзі айтты. Атырау облысы – жалпы өңірлік өнім көрсеткіші бойынша былтыр да республикада бірінші орынды иеленді. Тұрақты үрдіске айналған бұл жетістік – еліміздің батысындағы мұнайлы да шырайлы өлкеде өркенді істердің лайықты жалғасын тауып келе жатқанының айғағы. 

2017 жылы Атырауда 42,3 млн тонна мұнай, 20,9 млрд текше метр ілеспе газ өндірілді. Өңдеу өнер­кәсібінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 491,9 млрд теңгеге жетті. Негізгі ка­пи­талға салынған инвестицияда да іл­ге­рілеушілік бар. Осындай жақсы көрсеткіштерді атап өткен облыс әкімі Н.Ноғаев индустрияландыру картасы аясында 26 жоба жүзеге асып жатқанын да айтты. Олардың қатарында полимер өнімдерінің өн­дірісі, роботты дәнекерлеу әдісі­мен металқұрылымдар шығару өнді­рісі, мультиөндірістік кешен құры­л­ысы, құс фабрикасы, диірмен құры­лы­сы, фармацевтикалық зауыт құры­лы­сы, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаң­ғырту мен қайта құру, газ-химия­лық кешен сынды жобалар бар. 

Өңірде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 42 мыңнан асты. Бұл салада қазір 121,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Негізінен мұ­най­лы аймақ деп саналғанмен, ауыл шаруашылығы бағытында да қолға алынған біраз істер бар. Былтырдың өзінде 417 ауылшаруашылық тауар өндірушілері 8,5 мың гектар жерге егін егіп, 133 мың тоннадан астам өнім алды. 8 ауылшаруашылық коо­перативі құрылды. Облыстағы жылыжай саны 43-ке жетті. 2017 жылы 2015 жылмен салыстырғанда балық аулау көрсеткіші 82 пайызға төмендеді. Мұны аймақ басшысы Жайық, Қиғаш өзендерінің түптерін тереңдету жұ­мыстарының тоқталуымен байланыс­тырды. 

Атырауда Сарайшық атты қасиетті орын бар. Өткен жылы Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жер­лерінің географиясы» жобасының тізіміне енген Сарайшық та енді жаңа кейіпке енеді. Облыс әкімі биыл Махамбет ауданы Сарайшық село­сындағы «Сарайшық» мемле­кеттік тарихи-мәдени музей-қорығының сапар орталығының құрылысы бас­та­латынын айтып, елді қуантты. Жо­баға сәйкес бұл орталық туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасал­ған толық кешен болады. 

«Еліміздің мәдени мұрасын сақтау үшін 2016 жылы облыс бюджетінен жағалауды бекіту жұмыстарына 1,6 млрд теңге бөлінді. Қорғаныс бөге­тінің құрылысы биыл аяқталады», деп атап өтті Н.Ноғаев. 

Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы шеңберінде 2017 жылы 118 жоба жүзеге асты. 

Исатай ауданында Каспий те­ңі­зі­нің жағалауында курорттық аймақ салынады. 500 орындық оқу-сауықтыру лагері жобасымен таныс­тырған облыс әкіміне жинал­ған халық қошемет көрсетіп, алғыс айтты. Енді ше, мұндай керемет нысан Атырауда бұрын-соңды болмаған. 25 метрлік бассейні бар балалар орталығы, 200 орындық кинозал, жаттығу залы, кітапхана мен балалар шығармашылығына арналған бірнеше үйірме, жеңіл атлетика манежі, жабық мұз айдыны, планетарий, электронды тир, амфитеатр, жас натуралистер стансасы қиял-ғажайыпқа толы демалысты толық қамтамасыз етері анық. 

– Лагерь құрылысы, аталған жерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне шағын қонақүйлер, демалыс базасы, тамақтану орны секілді жаңа дема­лыс орындарын ашуға, ал тұр­ғын­дарға, қонақтар мен туристерге Каспий теңізінің жағалауында толық­­қанды демалуға мүмкіндік бере­­ді, деді Н.Ноғаев. Лагерді көгал­дан­дыру жұмыстары тұзды топырақ жағдайында өсіруге жарамды ағаш-бұталы көшеттер мен арнайы ағаш кеспектер отырғызу әдісімен жүр­гізіледі. Лагерь құрылысы биыл бас­талады және жер қойнауын пайда­ланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіледі. 

Атырауда мемлекеттік туды 91 метр биіктікке көтереді. Жангелдин-Құлманов көшелерінің қиылысынан орын алатын Мемлекеттік ту облыс орталығының кез келген нүктесінен анық көрінетін болады. Жобада құры­лыстың екі жағына да субұрқақ салы­нады деп көрсетілген. Тутұғыр қала­дағы ең биік құрылыс болмақ.

Биыл сондай-ақ Исатай-Махамбет алаңын қайта жаңғырту жұмысы бас­талады. Алаңның басты әшекейі кө­бік­ті субұрқақ қондырылған бассей­ні бар мәрмәр домбыра түріндегі сәу­лет ком­­позициясы болады. Қалпы­на кел­­тіру жұмыстары аяқталған­нан кейін Атырау қаласының басты ала­ңы жарықтана, жасылдана түседі – аумақта гүлзарлар, жасыл шөпті көгалдар, көптеген жасыл желектер болады. Қала тұрғындары мен қонақ­тары төрт сәндік шатыр астында демала алады. Бұл жобалар жер қойнауын пайдаланушылардың әлеу­меттік аударымдары есебінен қаржы­ландырылады.
Бүгінгі Атырау – сәулеті мен дәу­леті келіскен көрікті өлке. Жыл санап құрылыс қарқын алып келеді. Өткен жылы 624,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Об­лыс орталығы ғана емес, аудандар мен алыстағы ауылдар да жаңарды, заманға сай ғимараттар салынып, әлеуметтік нысандар қатары артты. Биыл қолға алынатын тағы бір игі іс – Жайық өзенінің жағалауы абаттандырылады. Біраз уақыт екі құрлықты бөліп жатқан өзеннің жағасы «жабайы» демалыс орнына айналып кеткен еді. Күтімсіз, көріксіз жер тұрғындардың да көңіл-күйлеріне әсер етеді. «Біз тұрғындардан Жайық өзені жағалауының жағдайына байланысты көптеген шағымдар алдық, адамдар соның ішінде оны абаттандырып, жақсартуды сұраған болатын», деді Н.Ноғаев. – Жаңа жағалау қаланың символы болады. Жұмыс мұнымен тоқтамайды, Атырау қаласындағы Жайық өзенінің барлық жағалауларын қайта жаңартатын түрлі нұсқаларды зерттейтін боламыз.

Қазір Құрманғазы ауданы Аз­ғыр аймағындағы 10 елді мекенде ұзын­дығы 365 шақырым магистралды және ауыларалық газ құбыры құры­лысы жүріп жатыр. Ұзындығы 67,6 шақырым ауыл ішіндегі газ құбыры желі­сінің құрылысы 2017 жылы бастал­ды, алдағы жылы аяқталады. Ай­мақ­тағы тағы 13 шағын елді мекен­ді газбен қамтудың жобалау-сме­та­­лық құжаттамасы дайындалуда. «Құрылыс-монтаж жұмыстары жо­ба­лар дайындалып біткен соң биыл басталуы тиіс. Осы жұмыстар аяқ­тал­ғаннан кейін Атырау облысы халқының 99,7%-ы газбен қам­та­­масыз етіледі», деп мәлімдеді Н.Ноғаев. Таза ауызсумен қамту мәсе­­лесі де оң шешіліп келеді. Елба­сы тапсырмасымен жүзеге асқан мем­­лекеттік бағдарламалар аясында атырау­лық­тар­ды орталық­тан­дырыл­ған ауыз­су­мен қамту деңгейі 99 па­йызға жетті. Былтыр 12 ауылға су жү­йесі жүр­гізілді, бұл жұмыстар биыл да жал­ғаса­ды. Көлік инфрақұрылымы сала­сын­да да өзгерістер аз емес. Өткен жыл­дың өзінде облыс көлемінде жалпы ұзындығы 371,6 шақырым автомобиль жолы жөнделді. 

Жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, діни ахуал, құқық қорғау, жастар сая­саты салаларында да өткен жылы жасалған жұмыстарды баяндаған облыс әкімімен жұртшылықтың жүздесуі бес сағатқа созылды. Ешқандай бүк­песіз, алдын ала қатталған хаттама­сыз, ашық та жарқын өткен есеп­тік кездесуден ел толғандырған мәсе­ле­леріне толыққанды жауап алып, разы көңілмен тарасты. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

Атырау облысы