Аймақтар • 23 Ақпан, 2018

ШҚО әкімі тұрғындар алдында есеп берді

506 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жылдағы дәстүр бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те өңір тұрғындары алдында есеп берді. Бүгін Өскемендегі облыстық драма театрда өткен есептік кездесуге Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзатов қатысты.

ШҚО әкімі тұрғындар алдында есеп берді

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған есепті жиында аймақ басшысы өңірдің өткен жылдағы жетістіктерін тізбелеп қана қоймай түйіні тарқамай жүрген мәселелерді де жасырмай айтып, тиісті орындарға тапсырма жүктеп отырды. Облыс әкімі Аягөз бен Семейде ет комбинаты құрылысы басталатынын, Өскеменде қазақстандық өнімдерді қытай стандартымен сертификаттайтын үлкен зертхана салынатынын, Еуропалық даму банкі арқылы облыс орталығында қоқыс өңдеу зауыты бой көтеретінін жеткізді. Өңірде дәрігерлердің біліктілігін арттырып, медициналық мекемелерді жаңа құрылғылармен жабдықтауға да көңіл бөлініп отырғаны белгілі. 2016 жылы 12 дәрігер (Англия), 2017 жылы 61 дәрігер шет елде (51-і Англияда, 10-ы Польшада) оқып келген-ді. Д.Ахметовтің сөзіне сенсек, үш жылда шет мемлекетте 150 дәрігер шеберлігін шыңдамақ. Былтыр аймақтағы емханаларға 9 миллиард теңгеге 1023 дана жоғары технологиялы құрылғылар сатып алынған. Соған қарамастан облыстың медицина саласында шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Өңірдің медицина мекемелерін цифрландыру тұрғысындағы кемшіліктерді жиында әкімнің өзі де атап өтіп, денсаулық сақтау басқармасына арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Аймақта құрылыс қарқын алғанымен жұмысқа кедергі келтіріп тұрған жәйттер де жоқ емес. «Биыл 200 көп пәтерлі үйдің құрылысы басталады. Алайда, отыз бес үйге тиісті құжат, бес үйге қажетті коммуникация тартылмаған. Екі қала әкімі мен құрылыс басқармасы бұл бағытта осалдық танытты. Орынбасарым мен қала, аудан әкімдеріне тұрғын үй құрылысын алдағы уақытта бес жүз мың шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырамын», - деді Д.Ахметов.

Өңір басшысы есептік кездесуде облыстың білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, кемшілікке жол берген аудан мен қалаларды сынға алып, жұмысты ширатуды жүктеді. Облыс әкімі ҰБТ тапсыру бойынша қала мектептерінің көрсеткіштері төмендеп, керісінше ауыл мектептерінің оқушылары биіктен көрінгенін сандармен салыстыра отырып айтып берді. Бұл ретте Көкпекті, Аягөз және Тарбағатай аудандарын ерекше атап өтуге болады. Мәселен, былтыр ҰБТ тапсыру кезінде 20 ауыл мектебі 100-ден жоғары балл жинаса, қаладан тек 9 мектеп қана осындай көрсеткішке қол жеткізіпті. « Аталған тізімде Өскеменнің 3 мектебі жүр. Семей мүлде тізімде жоқ. Бұл өңірдегі ірі қалаларда білім сапасының төмендегенін көрсетеді», - деді аймақ басшысы.

Өңір мектептерін бітірген түлектердің шет елге, оның ішінде Ресейдің жоғары оқу орындарына кетіп жатқаны да жиында назардан тыс қалмады. Д.Ахметов 11 жыл бағып-қағып, тәлім-тәрбие берген оқушыларымыздың өзге елге кетуіне жол бермес үшін өңірде «Білікті маман» атты арнайы бағдарлама әзірленіп, 2017 жылы 200, биыл да осындай көлемде грант бөлінгенін тілге тиек етті.

Облыс әкімінің есебі аяқталғаннан кейін сұрақ-жауапқа кезек берілді. Алайда сұрағын қойғанша аймақ басшысының атқарған жұмыстарын жіпке тізіп, уақытты алып, залдағы жұртты жалықтырған тұрғындар да болды. Қояр сауалынан айтар мақтауы көп тұрғындарды «Алғысты маған емес, Елбасыға айтыңыздар. Өңірдегі жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде атқарылып жатыр» деп өңір басшысының өзі әрең тоқтатып, Семейдегі радиологиялық орталықтың құрылысы мен Зайсандағы Шілікті қорымына музейдің қашан салынатыны секілді өзекті сауалдарды қойған адамдарға жан-жақты, тұщымды жауап қайтарды.

Керек дерек

2017 жылы облыста 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 46 миллиард теңгеге 357 шақырым жол жөнделді. 8,3 миллиард теңге қаржыға 17 мың тұрғыны бар 21 елді мекенге ауыз су тартылды. Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 381 милрд теңгенің 6 жобасы жүзеге асырылды. 

2018 жылы 82,3 миллиард теңге қаржыға «Қалбатау – Майқапшағай», «Алматы - Өскемен», «Омбы-Майқапшағай», «Таскескен-Бақты», «Өскемен - Зырян – Рахман қайнары» жолдарын реконструкциялау, «Өскемен – Семей», «Өскемен – Шемонаиха», «Қарағанды – Аягөз», «Таскескен – Бақты», «Маканшы – Жалаңашкөл», «Дмитриевка - Бородулиха – Шемонаиха», «Семей-Қарауыл» бағыттарындағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру жоспарланған. 14 мың халық тұратын 11 ауылды ауыз сумен қамту үшін 20 жоба әзірленген. Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында құны 114 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылмақ.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН