Парламент • 23 Ақпан, 2018

Сенатор Д.Назарбаева Сингапурда болды

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Сингапур Үкіметінің бастамасы бойынша Ли Куан Ю атындағы алмасу бағдарламасына қатысу мақсатында Сингапурда болды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі. 

Сенатор Д.Назарбаева Сингапурда болды

Сингапур Премьері Ли Сянь Лунмен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамытудың, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдік, бір жол» бастамасының үйлесім табуы бойынша ауқымды мәселелері талқылады.

Сенатор Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы туралы Премьер Лиді хабардар етті. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі алғашқы әрі басты шара Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары» атты тақырыптық брифинг болды. Сингапурға Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ядролық қарусыз аймақ туралы шартқа қатысушы мемлекеттер мен Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты үдетуге бағытталатын күн тәртібін  бірлесе ілгерілету ұсынылды.

Қазақстан Сенаты комитетінің төрағасы АСЕАН ұйымына Сингапурдың төрағалық етуімен Ли Сянь Лунды құттықтады және Ассоциация мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы ынтымақтастықты дамытудың әлеуетіне назар аударды.

Көрнекті саясаткер, Құрметті аға министр Го Чок Тонгпен кездесу барысында сауда және білім беру саласындағы ынтымақтастықты өрістетуге басымдық бере отырып, екіжақты қатынастардың негізгі мәселелері талқыланды. Сингапур саясаткері «Қазақстан Сингапурдың Орталық Азиядағы ірі сауда әріптесі болып табылады», деді және «Бір белдеу, бір жол» бастамасының зор әлеуетіне тоқтала келіп, оны іске асыруда екі елдің де негізгі рөл атқара алатынын атап өтті.

Д.Назарбаева Парламент Төрағасы Тан Чуан-Джинмен  парламенттік байланыстарды нығайтуды талқылады және парламентаралық үнқатысудың дамыту қарқыны туралы айта келіп, екі елдің заң шығару билігі тармақтары басшыларының 2016-2017 жылдардағы өзара сапарлары парламентаралық байланыстарға елеулі серпін бергенін атап өтті.

Екі ел арасындағы сыртқы экономикалық және экономикалық байланыстарды дамыту, қауіпсіздікті нығайту және қаруларды таратпау мәселелері Сингапур сыртқы істер мекемесінің басшысы Вивиан Балакришнанмен әңгімеге арқау болды.  

В.Балакришнан Сингапурдың АСЕАН ұйымына төрағалық етудегі басымдықтары туралы әңгімелеп берді және Сингапур мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы еркін сауда аймағын құру жөніндегі мәселені ілгерілетуге қолдау білдіргені үшін Қазақстанға алғысын жеткізе отырып, «мұндай аймақты құру екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты елеулі түрде күшейте түседі», деп атап өтті.

Шараға сонымен қатар Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев та қатысты.

Соңғы жаңалықтар