Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызы зор

473 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенатта Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіру» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды. Шараны Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті ұйымдастырды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің маңызы зор

Сенат комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан хал­қына Жолдауында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мем­лекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету шарттары және басқа да сипаттары бойынша мемле­кеттік мүлікті басқарудың түрлерін пайдалана отырып жеке капиталды экономикаға тарту жөнінде міндет қойылғанын атап өтті. Бұл ретте келісудің барлық түрлерін, әсіресе, шағын жобаларға қатысты рәсім­дерді мейлінше оңайлату және жеделдету көзделіп отыр. Мем­­лекеттік-жекешелік әріптестік инфра­құрылымды, оның ішінде әлеуметтік саланы дамытудың бас­ты тетігі болуы тиіс. Ол, сондай-ақ заманның өзгеруіне байланыс­ты бізге мемлекеттік-жекешелік саласындағы әрбір инвестор үшін күресуіміз керек екенін атап өтті.

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары С.Громов Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптес­тікті дамыту үшін қажетті құқық­тық, институттық және инфра­құры­лымдық негіз жасалғанын жет­кізді. 1991 жылы «Қазақстан Рес­­­пуб­­­ликасындағы концессиялар тура­­лы» заң қабылданып, мемле­кет­тік-жекешелік әріптестіктің заң­ды негізі жасалды және 2015 жылы қабыл­данған «Мемлекеттік-же­ке­шелік әріптестік туралы» заңмен жетілдірілді.

Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов мемлекеттік-жекешелік әріптес­тікті дамытудағы меншікті қаржы­ның жеткіліксіздігі, қол жетімді қордың болмауы, банк қарыздары­ның пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылығы, қаржы институттары белсенділігінің төмендігі секілді бір­қатар өзекті мәселелерді атап өтті.

Ұлттық экономика министрі­нің бірінші орынбасары Руслан Дә­ленов дөңгелек үстелге қатысушы­­лар­ды еліміздегі мемлекеттік-жеке­шелік әріптестікті дамытудың негізгі көрсеткіштерімен таныстыр­ды. Бүгінгі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында 200 нысан бойынша жалпы сомасы 401,6 млрд теңге болатын инвес­тицияға 194 шарт (298,4 млрд тең­геге республикалық 6, 103,2 млрд теңгеге жергілікті деңгейдегі 188) жасалғанын атап өтті.

Инвестициялар және даму ми­нистрінің орынбасары Арыстан Қабыкеновтің айтуынша, мем­лекеттік-жекешелік әріптестік жө­ніндегі бірқатар ірі жобалар жүзеге асуда. Олардың ішінде құны 512 млрд теңге болатын «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының» құрылысы мен пайдалануға беру, «Алматы-Қорғас» автомобиль жолының бөлігінде құны 98 млрд теңгеге бағдарланған «Нұр жолы» көлік өткізу бекетіне инфрақұрылым жасау да бар.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Лязат Ақтаева мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік жоба­ларының тізіміне қазіргі кезде 138, оның ішінде 3 республикалық және 135 жергілікті маңызы бар жоба енгенін хабарлады.

Дөңгелек үстел отырысы барысында Парламент Сенатының депутаттары мемлекеттік-жекешелік әріптестікті тиімді дамытуға кедергі болатын мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Құқықтық, нормативтік-құқықтық негіздерді жетілдіру, қаржыландырудың қо­сым­­ша көздерін тарту, несиемен қолдауды қамтамасыз ету, валю­талық қауіптерге өтемақы төлеу бюджеттен тыс қорлардың рөлін күшейту, мемлекеттік кепілдеме беру тетіктерін қолдану қажеттігі және басқа мәселелер аталып өтілді.

Дөңгелек үстелдің қоры­тын­дысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, ел Үкіметіне, жергілікті атқару­шы органдар мен басқа да мүдделі орган­дарға жіберілетін болды және ол бұдан былайғы заң шы­ғару жұмыстары барысында депу­таттардың назарында ұстау көзделіп отыр.