Парламент • 26 Ақпан, 2018

Тасқынның алдын алу – кезек күттірмес мәселе

550 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы 10 жылдың көлемінде еліміздің барлық өңірлерінде елді мекендерді су басып, тұр­ғын­дардың үйлеріне, жолдар мен көпірлерге, басқа да ғима­раттарға қауіп төндірген жағ­дайлар жиі қайталануда.

Тасқынның алдын алу – кезек күттірмес мәселе

Су басқан елді мекендердің  көпшілігінде төтенше қауіп су қоймаларынан, не болмаса үлкен өзендер арнасынан емес, толассыз жауған жаңбырдың, болмаса еріген қар суларының жиналуы себебінен орын алып отыр. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облы­сындағы Сарыағаш ауданы Қызыләскер елді мекенінің ма­ңында бірде бір су қоймасы жоқ, ал 2 шақырым жердегі Келес өзені елді мекен орналасқан деңгейден төмен жатыр. Бірақ 2008 жылдың ақпан айында сай-саладан жиналған судан 1400-ден астам тұрғын үй, 4 мектеп және басқа да әлеу­меттік маңызы бар нысандар зар­дап шегіп, қаншама жолдар мен көпірлер қирады. Кеткен шы­ғынның орнын жабу үшін мемлекеттен ауданға 7,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сол сияқты Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінде, Арыс қаласының Монтайтас ауылында болған су тасқындарының себебі де арнасынан асқан өзендерден емес.

Сонымен қатар 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданында болған апаттан 673 тұрғын үй, 754 ша­руа­шылық ғимараттары зардап шегіп, 42 қыстақ су астында қал­ды. 2015 жылы Қарағанды облы­сында 33 елді мекенді су ба­сып, көпірлер қирап, 4000-нан астам адам баспанасынан айырылды. Осындай апаттар туралы мәліметті басқа да облыстардан келтіруге болады.

Су алған елді мекендерде жүр­гізілген зерттеулер соңғы 20-25 жылдың көлемінде тұр­ғын үй мен коммерциялық ны­сан­дардың жаппай салынуына байланысты аймақтар ланд­шаф­тының айтарлықтай өзгер­генін көрсетті. Жоспарсыз салын­ған құрылыстардың кесірі­нен елді мекендердің иррига­ция­лық жүйелері істен шығып, гидро­техникалық құрылыстары бұзыл­ған, арық-атыздар күл-қоқыс­қа толып, судың өтуі қиын­даған. Жаңадан түсіп жат­қан көптеген мөлтек аудандар­да су қауіпсіздігі талаптары еске­рілмеген су бұруға арналған бө­геттер салынбаған, ал жергі­лікті маңызы бар автокөлік жол­дар­ындағы су өткізетін құ­бырлардың көлемі талапқа сай емес.

Ауыл ішіндегі ирригациялық жүйелерді айтпағанда, арнайы мақсаттағы су нысандары жағдайының мүшкіл екен­дігі БАҚ-та жиі айтылып жүр. Төтенше жағдайлар жөнін­дегі комитеттің аумақтық бө­лім­ше­лерінің мәліметі бойынша елді мекендерге жақын орналасқан 1094 гидротехникалық  құрыл­ғының 34-інің иесі жоқ, 363-і күрделі жөндеуді қажет етеді. 560-қа жуық су қоймасының 108-і иесіз, ал 211 жекеме­н­шіктегілерінің жағдайы белгісіз. «Қазсушар» РМК-ға қарасты 1736 шаруашылықаралық каналдар мен  коллекторлардағы, 48 мыңнан астам көлдегі, 4 мың­ға жуық жасанды су қоймасы мен тоған­дар­дағы гидротех­никалық құры­лымдар­дың көп­шілігі өткен ға­сыр­дың 60-70 жылдары салын­ған және 4 класқа жатады. Бұл ны­сандар­дың пайдалану мер­зімі 50 жыл екен­дігін ескерсек, қазіргі жағ­дайының қаншалықты қа­уіпті екендігін байқауға болады.

Осы қауіптерді жою үшін:

1. Әр өңірдегі су шаруа­шы­лы­ғы нысандарының жай-күйін, олардың техни­калық сипат­тамалары мен мүм­кіндік­терін, жұ­мыс істеу жағ­дайын, қауіп-қатер дәрежесі мен пай­да­лану жа­рамды­лығын анық­тау мақ­сатында маман­данды­рыл­ған ұйым­дарды тарта отырып инвентаризациядан өткізу ке­рек;

2. Қазақстандағы барлық гид­ро­техникалық нысандарды, мен­шігіне қарамай, то­лық мем­лекеттік тіркеуден өткізу, мүдделі тараптардың қолже­тім­ділігін қамтамасыз ету мақ­сатында су шаруашылығы ны­сан­дарының бірыңғай ақпарат­тық базасын құру қажет;

3. Өңірлердегі байырғы су ма­мандарын қатыстыра отырып, әрбір елді мекендегі иррига­циялық жүйелердің жағдайын зерттеп, су өткізу қабілеттерін анық­тап, «ирригациялық жүйе­лер картасын» жасау кезек күттір­мейтін мәселе;

4. Үкімет деңгейінде Қазақ­стан­дағы гидротехникалық құ­ры­­лыс­тардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету туралы арнайы жол кар­­тасы дайындалып, оларды жөн­­­деу, қалпына келтіру, ир­ри­­га­ция­лық жүйелерді тазарту үшін тиісті қаражат бөлінуі керек;

Осындай ұсыныстар айтыла отырып, Үкімет басшысы Б.Са­ғын­таевтың атына сауал жолданды.

Әли БЕКТАЕВ,

Сенат депутаты