Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

Елтайдағы Салбурын

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін жер-жерде ұлттық мұраға деген ықылас арта бастады. Осы мақсатта облыстық «әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы маусымдық мерекелерді ел арасына кеңінен насихаттап келеді. 

Елтайдағы Салбурын

Осы мақсатпен Түлкібас ауданының тілдерді дамыту және мәдениет бөлімімен бірлесе орталық қызметкерлері «Салбурын мереке ғой саятшыға...» тақырыбында этно­та­ным­дық шара ұйымдастырды. Шара­ның ашылуында Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков түл­кі­бас­тың тастүлегі, «Алаш» Халық­ара­­лық сыйлығының иесі, жазушы Мар­хабат Байғұт, орталық директоры Жәнібек Абданбекұлы мен саят-
шы Мұхтар Атахан болды.

Бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жайында ой-пікірлер білдіріліп, тәжірибе жүзінде көрсетілді. Саятшылық пен аңшылықтан қысқа метражды бейнефильм түсірілді. Оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуенов пен саятшы Мұхтар Атахан өз кәсіптерінің қыр-сыры туралы тың мағлұмат берді.

Салбурынның мәні мынада екен. «Аң аулау маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Жақсы ат, қыран бүркіт, түзу мылтық – бәрі бірдей сайланады. Аңкөс адамдар, бапкер құсбегілер, білгір саңлақ саятшылар, құралайды көзге атқан мергендер, елгезек атшы-қосшылар бас қосады. Олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да болады. Саны шектелмейді. Бір топта он-он бес бүркіт, жиырма-отыз адам болуы да мүмкін. Ал ең аз дегенде бүркітші, қағушы, атшы-қосшы, былайша айтқанда, үш-төрт адамнан кем болмайды. Ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос тігіп, айлап (әдетте қарашадан ақпанның аяғына дейін) жатып, аң аулайды. Күндіз жан-жаққа бытырап, аң аулауға кетеді де, кешкілік от басына жиналады. Бір жағында түлкі, қарсақ, қасқырдың терісіне шөп, сабан тығылып жатса, екінші жағында қоңыр аңдар сойылып, табақ-табақ қара қуырдақ, ет тартылып жатады. Құрт, сүзбе қатылған қарсақ жон сорпаны аяқ-аяғымен сіміріседі. Ат-көлік отқа қойылады, бүркіт бапталады. Қай бүркітті қалай күтімге алу керектігі жастарға үйретіледі. Салбурынға шығушылар әңгіме-дүкен құрып, әзіл-сықақ айтысып, бір-бірімен құсбегілік тәжірибелерімен бөліседі.

Салбурында олжа тең бөлінеді. «Аңшыдан сыралғы, батырдан олжаны» салты осыдан қалған.

Мырзабай ОМАРОВ,

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, ғылыми-әдістемелік бөлім меңгерушісі