Парламент • 26 Ақпан, 2018

Қазақстан мен Ресейдің парламенттік ынтымақтастығы арта түсті

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресейдің парламентшілері екіжақты ынтымақтастықты дамытуды, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін, халықаралық парламенттік ұйымдардағы өзара іс-қимыл мен жұмысты үйлестіруді талқылады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөөз қызметі.

Қазақстан мен Ресейдің парламенттік ынтымақтастығы арта түсті

Мәскеуде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесіндегі Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік комитеттері мүшелерінің бірлескен отырысы болды.

Сенат комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева біздің елдеріміз арасындағы қатынастар орнықты стратегиялық әріптестік сипатына ие болғанын атап өтті.

«Тиімді парламентаралық ынтымақтастықты дамыту Қазақстан мен Ресей парламентшілерінің сенімді үнқатысу мен нәтижелі жұмыстарына ықпал етеді», деді сенатор Д.Назарбаева Қазақстан Парламентінде ТМД ПАА үлгі заңнамалық актілерін талқылау мен белсенді пайдалану дәстүрлі тәжірибеге айналғанын, ол екі елдің заңнамасын үйлестіруде тиімділігін көрсетіп отырғанын атап өтті.

Ресей Федерациясы Федерация Кеңесі Төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов Қазақстан сенаторларының сапары дәйекті стратегиялық әріптестік пен біздің халықтар арасындағы тарихи бауырластықтың және достық қатынастардың көрінісі екенін атап өтті. Мемлекеттер көшбасшылары В.В. Путин мен Н.Ә.Назарбаевтың арасындағы жылы шырайлы әрі сенімді қатынастар екі елдің қарым-қатынастарын нығайтуда атқарған рөлі орасан зор екені айтылды.

Тараптар Қазақстан Сенаты мен Ресейдің Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия жұмысының тиімділігін атап өтті. «Осындай сипаттағы жұмыс өзін-өзі толықтай ақтады және екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуда депутаттық корпус рөлінің арта түсуіне ықпал етеді», деді Д.Назарбаева.

Өткен 10 жылда Парламент біздің елдеріміздің арасында 50-ге жуық шарттарды ратификациялады, ол Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ықпалдастығын үдете түсуге оң ықпал етті.

Сенаторлар сондай-ақ Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлайтын ғылыми-зерттеу сынақ орталығында болып, база орталығындағы жаттығу нысандарын аралады және оның басшылығымен кездесті. Депутаттар Ю.Гагарин ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.