Медицина • 27 Ақпан, 2018

Инсульттен қалай сақтануға болады?

5258 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан ақпаратына сүйенсек, жүректің ишемиялық ауруы мен инсульт өлімге апаратын 10 басты дерттің көшін бас­тап тұр. Бұл соңғы 15 жылда еш өзгермеген. Мысалы, 2015 жылы көз жұмған 30,28 млн адамның 15 миллионы осы екі дертке шалдыққандар болып шықты. Қазіргі кезде барлық аурудың түрлері жасарып бара жатқаны мәлім. Бұл инсультті де сырт айналып өткен жоқ.

Инсульттен қалай сақтануға болады?

250 мың адамға бір инсульт орталығы қажет...

Инсульт мәселелері жөніндегі рес­пуб­ликалық үйлестіру орталығының рес­ми мәліметіне жүгінсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт­­тен зардап шегеді. Нақтырақ айтқан­да, өткен жылы ми қан айналы­мы­ның бұзылуы сырқатымен 41 293 қазақ­стан­дық емделген. Олардың 53 пайызы ерлер болса, 47 пайызы әйелдер қауымы екен.

Қазақстандағы өлім-жітімнің инфаркт пен онкологиядан кейінгі үшінші себебіне жататын инсульттің әр өңірдегі көрсеткіші әртүрлі. Бұл сырқатқа шалдыққандардың ең көбі Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстанда болған. Аталған аймақтарда әр мың адамның 350-ге жуығы, ал Ақмола мен Қызылорда облыстарында 300-дейі дүние жүзін дендеген дертке кіріптар болған. Ал инсульт алғандардың 40 пайызы өмірімен қош айтысып, 50 пайызы мүгедек болып қалатын көрінеді. Мамандар науқастың 10 пайызы ғана дертінен толықтай айығатынын айтады. Міне, осылайша қазіргі таңда біздің мемлекет инсульттен ТМД елдері бойынша 3-орынға жайғасқан.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 19 қазандағы № 809 бұйрығы бойынша 250 мың адамға бір инсульт орталығы ашылуы керек. «2016 жылдан бері біз респуб­лика бойынша 49 инсульт орталығын аштық. «Жол картасы» бағдарламасы бойынша 2019 жылға дейін 64 инсульт орталығын ашу жоспарланған. Оны ашпай науқастарға дер кезінде жеткілікті жәрдем көрсете алмаймыз. Мысалы, 3 млн халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысының өзіне 11 инсульт орталығы керек. Бірақ қазір ол жерде 5 орталық қана жұмыс істейді. Астанада қалалық №1 және №2 ауруханада және Орталық темір жол ауруханасында орналасқан 3 инсульт орталығы бар», деген Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығының директоры, нейрохирург Ержан Әділбеков инсульт орталықтары халық санының артуына қарай көбейе беретінін айтты.

Алайда орталықтар мен мамандардың әлі де тапшы екенін алға тартқан Астана қалалық №1 ауруханасы Инсульт орталығының невролог-дәрігері Әлия Иманова аталған орталыққа жылына орта есеппен инсульт алған 750-800 адам келіп түсетінін, қала бойынша бұл көрсеткіш 1500-ден асатынын айтады. Ал жыл сайын науқастың саны 100-150-ге дейін артып отырады екен. «90-шы жылдардың басында Целиноградта қала бойынша инсультке арналған екі-ақ орын болды. 20 жыл өткен соң елорда тұрғындарына 3 бірдей инсульт орталығы қызмет көрсетсе де жетпей отыр. Бүкіл Қазақстандағы жағдай осындай», дейді Астана қалалық №1 ауруханадағы Инсульт орталығының жетекшісі Айгүл Орынбекқызы.

Шынымен де, дәрігерлермен бірге науқастар бөлмесін аралағанымызда 2 орындық палаталардың көбінде 4 кісінің орналасқанына куә болдық. «Науқас өте көп. Бір бөлімде 15 палата бар. 2-3 қызметтік лауазымды жалғыз адам атқаратындықтан еш үлгермейміз. Мен, міне екі күн бойы көз ілместен жүрмін. Кешке дейін істейтін жұмысым тағы шаш-етектен. Негізінде мұндай орталықта бізді қосқанда невропатологтан бастап, оңалту дәрігері, психолог, логопед, ЛФК дәрігері сияқты жұдырықтай жұмылған бір команда жұмыс істеуі керек. Маман тапшылығы мәселесі ашылған орталықтардың барлығында бар деп ойлаймын. Әрі кетсе көбінде кардиолог, оңалту дәрігері, невропатолог қана бар шығар», дейді қалалық 1-аурухананың невролог-дәрігері Жанат Юсупова

Жастарға да ауыз сала бастады

Тосыннан тап келетін ауруға жастар да жиі ұшырай бастаған. «Бұрындары 70-80 жастағы қарттар ғана инсульт алып жататын. 90-шы жылдары инсультке шалдыққан ең жас адам 60 жаста болғанда бәріміз жағамызды ұстап едік. Қазір орталығымызға 15-20 жастағылар түссе таңғалмайтын болдық. Тіпті жақында ғана Астанада 5 жасар қыз балабақшада ойнап жүріп инсульт алған. Балалар дәрігері диагнозын анықтай алмай жүргенде уақыт өтеді. Сөйтіп 3 тәулікке дейін құтқарылмаған бала қайтыс болыпты», дейді Жанат Юсупова.

Ресми статистика бойынша елімізде инсульт алғандардың 37 пайызы – 41 мен 60 жас арасындағы ересектер, 31 пайызы – 61-70 жас шамасындағылар, 28 пайызы 71 жастан асқандар болса, 4 пайызы 16-40 жастағыларды қамтыған.

Инсульт деген не?

Инсульттің екі түрі бар. Бірі – ұйыған қан түйіршіктерінің (тромб) ми қан тамырын бітеуінен пайда болатын ақ (ишемиялық) инсульт, екіншісі – қан тамыр жарылып, миға қан құ­­йы­лу­дан болатын геморрагиялық инсульт.

Ишемиялық инсульт алған науқасқа 4 сағат ішінде жедел ем-дом жасалуы тиіс. Оның белгілері FAST тест (face – бет, arm – қол, speech – тіл, time – уақыт) арқы­лы анықталады. Яғни, кенет бет-аузы қисайып, тіл күрмеліп, аяқ-қол тепе-теңдігін сақтай алмаса тездетіп «жедел жәрдем» шақыру керек. Дәрігерлер уа­қ­­тылы медициналық көмек көр­сетілмеген науқастың беті бері қарамайтынын айтады. «Кез келген кісі FAST тестті білуі керек. Инсультті емдеуде уақыт өте маңызды. Көбіне ауылды жерлерде үлкен кісілер ұшықтатып қойып, жылжымай жата береді. Мұндай науқастардың тосылған тамырының жанындағы ми солып қала­ды да, ем қолданғанмен нәтиже бермейді», дейді Ұлттық нейрохирургия орталығы медици­налық директорының орынбасары Ержан Әділбеков.

Невролог дәрігер Әлия Има­нова «жедел жәрдем» көмекке келгенше науқасты тегіс жерге жатқызып, басын 30 градус көте­ру керек­тігін ескертеді. Те­ре­зені ашып, галс­ту­гін боса­тып, түймелерін ағыту­ды да ұмыт­­паған жөн. «Мұндай кезде қасын­дағылар науқастың тілін қолмен, қасықпен басып жатады. Бұл дұрыс емес. Тіпті дәрі беруге де болмайды. Инсульт, инфаркт, жарақат сияқты ауруларға «жедел жәрдем» ең жақын жердегі, ең білікті мамандар тобын жіберетіндіктен, инсульт екенін айтып шақырған абзал», дейді ол.

Себебіне селқос қарамаған жөн

Геморрагиялық инсульт көбі­несе қан қысымының жоғары­лауынан пайда болады. Деректер бойынша елімізде халықтың 70 пайызында қан қысымы жоға­ры көрінеді. «Былтыр Амери­ка­да жаңа тұжырым шықты. Бұ­рындары қалыпты қан қысымы 140-қа дейін болса, қазір – 120. Яғни қан қысымы 120-дан көте­рілген кісілерге артериялық ги­п­ер­­­тензия деп диагноз қоюға бола­­ды», дейді нейрохирург Е.Әділ­беков.

Дәрігерлердің айтуынша, қан қысымы­ның жоғарылауына әкеп соқтыратын факторлар көбейген. Ауа райының құбыл­малы болуынан бастап, өмір сүру салтының дұрыс болмауы жүрек-қан тамыр ауруларын ас­қын­дырып отыр. «Қазір көбіміз күй­зелісті жағдайда жүреміз. Жұмыссыздық, кредит, ипотека, бәсеке бүгінгі қоғамда кімді болсын мазасыз күйге түсіріп отыр. Кей жандар күйзе­лістен торы­ғуға дейін барады. Сөйтіп қан қысымы көтеріледі», дейді Ержан Боранбайұлы.

Инсульттің себептеріне қан­дағы майдың, холестериннің, қант­тың артуын және жас­тарда жиі кездесетін қан тамырларының кеңеюін (аневризма) жатқызуға болады. Оған тамақтану тәртібінің және өмір сүру салты­ның дұрыс болмауы тікелей әсер ете­тін сы­ңайлы. «Адамға тәулігіне 1500-2000 ккал керек болса, оны біз бір мезет­те 3000-ға жеткі­земіз. Қимыл бол­ма­ған соң ол майға айналады. Оның сыр­тын­да үлкен-кіші демей газдалған сусын­дар мен тез даярланатын гамбургер, KFC сияқты­лар­ды көп жейді. Олардың құрамын­дағы хи­мия­лық қоспа ағзаға кері әсерін тигізеді де зат алмасуды бұзады. Сөйтіп түрлі қан тамыр ауыруын тудырады», дейді Әлия Иманова.

Жанат Қыдырбайқызы балалар мен жастардың бұл дертке шалдығуының тағы бір себебін смартфондармен байланысты­рады. Яғни күн, түн демей теле­фонға телмі­ріп, компьютерді ермек қылған бала бұлшық ет ­босау ауруына (гиподинамия) душар болады екен де, оңай инсульт алады.

Соңғы кездері инсультке кеңсе қызмет­керлері де көптеп шал­дығатын болған. Қозғалыстың азды­ғынан олар да гиподинамия мен остеохондрозға тез кіріптар болады. Мамандар арқа мен мойын­ға жиналған тұз жұлындағы ми­ға баратын екі тамырды басып қала­­тын­дықтан тамыр­дың тарылуы (стеноз) пайда болатынын айта­ды. Ол ише­миялық инсультке әкеледі.

Шылым шегу мен арақ ішу де инсультке апаратынын айтқан дәрі­герлер бұл дерттің жүкті әйел­­­дерді де айналып өтпейтінін алға тар­тады. Елімізде жылына 400 мың әйел босанады. Босанған 10 мың әйелдің 12-сі қайтыс бола­тын көрінеді. Ал олардың тең жар­­­­тысы инсульттен көз жұмады екен.

Неврологтар адамның жасы, жынысы және тұқым қуалаудан басқа факторлардың барлығын қадағалауға болатынын айтады. Ендеше инсульттің алдын алудың жолдары қандай?

Ауырмайтын жол іздеңіз

«Денсаулық – Алланың адамға берген аманаты». Дәрігерлер бұл сөзді тіпті де қуаттай түседі. «Әр адам өз денсаулығына жауап­кершілікпен қарауы керек. Көбі спортпен айналысуға уақытымыз жоқ дейді. Меніңше оған арнайы уақыттың да, спорттың да керегі жоқ. Ертелі-кеш 10 минутын үйде немесе кеңседе отырып жат­тығуға арнаса болғаны, ол әлеу­меттік желілерді ақтаруға да кететін уақыт қой. Күніне кемін­де 40 минут жаяу жүру, жұ­­мысқа велосипедпен бару өте пай­далы. Қуырылған, майлы тағамдардың мәзірін буда, суда піскен тамаққа ауыстырған абзал. Көкөністер мен жеміс-жидектерді күнделікті тұтынып, таза суды көп ішу керек. Бұдан бө­лек жыл сайын скринингтен өтіп, қан қысымын, қандағы қант, хо­лестерин, майдың құрамын тек­сертіп тұрған жөн», дейді Әлия Иманова.

«Қытайда кез келген мекеме қызмет­керлері әр екі сағат сайын міндетті түрде гимнасти­ка жа­сауы шарт. Тәртіпті бұзған жағ­дайда айыппұл салынады. Ал Аме­рикада орта отбасылардың өзінде таңғы аспен бірге тонометр қатар тұрады. Олар қан қысымы сәл көтерілген болса дәрісін ішеді. Бізде тіпті кез келген отбасынан тонометр табыла қоюы да қиын», деген Е.Әділ­беков артериялық гипертензия диагнозы қойылған науқас кардио­лог тағайындаған базалық дәрі-дәрмекті қан қысымының қалыпқа түскеніне қарамастан өмір бойы ішуі керектігін айтады.

Оңалту жолы оңай емес

Біз айтқан 49 инсульт орта­лығының барлығында инсульт­тен кейінгі оңалту орындары бар. Республикалық орталықтың басшысы Ержан Боранбайұлы олардың бар­лығында арнайы оңалту қызметкерлері жұмыс істей­тінін жеткізді.

«Оңалту кезін­де әркімге әрқалай ем жүр­­гізіле­тіндіктен Шығыс медицинасына жүгініп, ине салдыру, массаж жасату кез келген науқасқа оң әсер бермейді. Оны білу үшін адамның бүкіл ауруларын анықтауға тура келеді. Сондықтан ең абзалы – емдік дене­шы­нық­тырумен айналысу», деген Ә.Иманова инсульт алған кісілердің емделгеннен кейін үйінде артық қимылдаудан қорқып, тек күтушінің көмегімен ғана отырып, тұратыны құптарлық жағдай емес екенін айтады.

«Олар кішкене бала сияқты. Жүру, тұру, сөйлеуді басынан үйренеді. Сондықтан кір жуу, сурет салу, тамақ дайындау сияқты жеңіл-желпі жұмыстарды сау адам­дардан екі есе артық істеуі керек. Бұлай болмағанда науқас оңалғанның орнына, екінші рет инсульт алуы әбден мүмкін. Осы­ны ескермеген пациенттер қайта айналып дәрігерлерді кінәлайды. Дәрігерді тыңдап, саламатты өмір салтын ұстанған, дәрі-дәр­мектерін жүйелі ішкен кісі­лер тез қалпына келеді. Ерік-жіге­­рі мық­ты кісілер түбегейлі сауы­­ғып та кетеді. Олар көбі­не­се әскери адамдар», дейді Ә.Иманова.

P.S. Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы ашылған 10 жыл ішінде қан тамыры ауруларын емдейтін 60 жаңа технология енгізіліпті. Орталықта ең күрделі паркинсонизм, эпилепсия, нейроонкологияға алғаш рет операция жасалған. Сондай-ақ мұнда жұлын нейрохирургиясы, жалпы нейрохирургия және балаларға арналған нейроонкология бөлімі бар. Орталықтың жетекшісі Ержан Әділбеков науқастар алыс-жақын шетелдер мен Еуропадан да келіп емделетінін айтады. Демек біздегі медициналық қызметтің сапасы мен мүмкіндіктері ешбір елден кем емес. Ендеше Алла аманаттап берген денсаулықтың түбіне өзіміз жетуге асықпасақ игі еді...

Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»