Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

«Қағазсыз» қоғамға қадам

351 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемдегі 20 елдің қатарында Қазақстан да «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, жүзеге асыруды қолға алғаны мәлім. 2021 жылға дейінгі аралықты қамтитын бағдарлама экономиканың түрлі салаларын, электронды үкімет, агросектор, көлік, энергетика, білім беру, кәсіпкерлік, қауіпсіздік саласы және өзге де жүйелерді қамтиды.

«Қағазсыз» қоғамға қадам

Бүгінде цифрлы технологиялар ха­лық­тың тұрмыс-тіршілігіне дендеп еніп, уақыт өткен сайын оның ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұрын апта­лап күтіп, әрлі-берлі са­был­татын жұ­мыстарды  қазір бір жерде жыл­дам жү­зеге асыруға, кейбір құжаттарды тез ара­да ресімдеуге жұрт та бейімделе бас­таған. 

Бір ғана мысал келтірейік. Осыдан бірер ай бұрын ғана елордада 600-ге жуық нәресте туу туралы куәліктерін элек­тронды үкімет бұрышында алды. Аста­надағы перзентханалар мен перинаталды орталықтарда ашылған электронды үкімет бұрыштары осылайша ата-аналардың жұмысын біраз жеңілдетіп берді. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтауды цифрландыру аясында алдағы уақытта жа­сан­ды интеллекті қанатқақты жобасын ен­гізу жоспарланып отыр екен. Сәл кеңірек баян­дар болсақ, жыл соңына дейін Біртұтас интеграциялық платформа іске қосылып, соның аясында әрбір азаматтың электрон­ды денсаулық төлқұжаты тіркеледі. Меди­циналық сақтандыру қорының, дәрі-дәр­мекпен қамту саласының және басқалар­дың жұмысы автоматтандырылады. 2019 жылдың алғашқы күнінен бастап денсау­лық сақтау мекемелері электронды амбула­торлық карта, науқастың электронды ауру тарихы, электронды рецепттің көшір­месі сынды ұғымдар қолданысқа еніп, меди­цина­лық құжаттама түгелдей қағазсыз ресім­делуге тиіс.

Ішкі істер министрлігі қолға алған мына бір бастама көлік тізгіндеуді жос­парлап жүрген жандарды қуантып тастағанын айта кетейік. Алдағы сәуір айынан бастап азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін автомектеп­терге жазылып ақша шығындамайды, уақыт та үнемдейді. Әр адам жол ережесін өз бе­тін­ше үйрене алады. Олар өздері дайынмын деп шешкен уақытта Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, емтихан тапсырады. 

– Егер халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғында емтиханнан сүрінбей өт­сеңіз, мото­цикл, жеңіл көлікке қажет «А» және «В» са­нат­тарындағы жүргі­зуші куәлігін бірден аласыз. Ал тәжіри­беңіз аз болса, тек теориялық сұ­рақ­тарға жауап бересіз,– дейді Ішкі істер вице-министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Қазір жүргізуші куәлігін алу үшін авто­мектепте екі жарым ай тәжіри­белік және тео­риялық білім алу қажет екен­дігін, әр са­бақ­қа ақша төлеу керек­тігін ескерсек, бұл жұрт­шылық үшін үлкен жеңілдік екені сөзсіз. 

Ел азаматтарына басқа да құжат­тарды жасату мерзімінің өзі уақыт өт­кен сайын қысқарып келе жатқанын айта кетейік. Мә­се­лен, сәуір айынан бас­­­тап Астана, Алматы, Шымкент сын­­­ды ірі шаһарларда жеке куәлік пен төл­­­құ­­жатты екі күннің ішінде алуға болады. 

Алматыда жол ережесін бұзған­дарға «Е-айыппұл» салынады. Өткен жылдың соңында Бас прокуратураның Құ­қықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мегаполис жүр­гі­зуші­лерінің құжаттарын азайтуға кө­мек­те­сетін қанатқақты жобаны іске қосты.

Олардың техникалық төл­құжат, сақтандыру поли­сі сынды деректері ЖСН арқылы планшеттен тексеріледі, автокөлік иесінің қолында жүргізуші куәлігі болса жеткілікті. Салын­ған айыппұлды POS-терминал арқылы төлеуге мүмкіндік жасалған.

«Е-айыппұл» жобасын қызу қол­даған Алматы қаласының әкім­і Бауыржан Байбек патруль қыз­метк­ерлерін тиісті планшеттермен, мобильді термопринтерлермен қамту үшін қаражат табу туралы тапсырма берді. Қазақ­станды цифр­ландыру бюрокра­тиялық ке­­дергілерді жою, жем­қор­­­лық­ты азайту үшін жасалып жа­­тыр. Сол себепті біз мұн­дай жа­­ңа­­шыл­­дықтарды қол­даймыз, дейді ол.

Жалпы, қазіргі таңда еліміз­де кез келген саланы цифрландырудан тыс қал­дыруға болмайтынын бүгінгі өмір талабы, дамыған елдердің тәжірибесі айқын дәлелдеп отыр. Өмірді жеңілдетіп, тұрмыс сапасын жақ­сартатын жаңалықтарға жұрт­шылық­тың өзі де әзір екені бай­қала­ды. Жаңа цифр­лы техноло­гиялар басқа секторлармен са­лыс­тырғанда қаржы саласында қар­қынды түрде енгізіліп жатыр. Мәселен қазір елімізде 7 миллионнан астам адам қашық­тағы банк жүйелерінің қызметін пайдаланады екен. 2017 жылы интернет және мобильді құ­рылғылар арқылы жасалған төлем­дердің көлемі 2 еседен артық өсіпті. Заңды тұлғалар төлем­дерінің 70 пайыздан астамы қашықтағы желілер арқылы төленетінін де атап өту керек.

Цифрландыру аясында стар­тап-жобаларды жүзеге асыру­­д­ағы Astana Hub IT-стар­тап­тар технопаркінің атқарып жат­қан жұмыстарын айтпай кете ал­маймыз. Таяуда ғана IT-стар­таптар технопаркінде Ақ­парат және коммуникациялар ми­нистрі Дәурен Абаевтың қа­ты­суымен «Garage» жобасы іске қо­сылды. Қоғам үшін тиім­ді, бәсе­кеге қабілетті деген стар­тап-жобалардың аяқтан тік тұ­рып кетуіне ықпал жасай­тын «Garage» IT салада бағын сынауға бекінген жас кәсіпкерлерді тегін тәрбие­лей­ді, басқару ісіне, өнім шы­ғару және маркетингтік жұ­мыс­тарға машықтандырады. «Garage» қанатының астына алған стартап жобалардың арасында BBABY – балалар тауарларының, балаларға ар­налған шаралардың маркет­плейсі, яғни электронды алаңы;   WellMed – пациенттерді, дәрі­гер­лерді және клиникаларды біріктіретін тұғырнамасы, авто­көлік жүргізушілеріне қызмет көрсетуге арналған жә­не басқа да стартап-жобалар бар.

Қазақстан әлемдегі алғашқы 20 елдің қатарында өзінің цифр­ландыру бағдарламасын қабыл­дады. Оны табысты жүргізген жағ­дай­да еліміздің сауда нары­ғын­дағы электрон­ды сауда үлесі қазіргі 0,8 па­йыз­дан 2,3 па­йыз­ға, халық­тың мемлекеттік қыз­мет түр­лерін пайдалануы қазіргі 35 пайыз­дық көрсеткіштен 80 п­а­­йыз­ға көтеріледі деп күті­лу­­д­е. Цифрлы технологиялар­­ды жет­­кілікті дәрежеде мең­­гер­­Өген халықтың үлесі 81 па­йыз­­­­ға көтері­лу­ге тиіс. Елбасы Н.Назарбаев жауапты лауа­зым­ды тұл­ғаларға қадап ес­керт­­­кендей, цифр­ландыру – «білім­ді ғана емес, шопан­дар да түсіне ала­тын­дай тәп­тіштеп түсін­діру­ді» қажет ететін жұмыс.  Пре­зи­денттің сөзі цифрлан­дыру­­дың жаңа­лық­тарын, игі­лік­терін әр адамның санасына ың­ғай­лы етіп түсіндіру керектігін білдіреді.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар