Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

Мәулен Әшімбаев іссапармен Алматы қаласында болды

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында болды. Сапар барысында ол бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, партияның қалалық активімен, шағын және орта бизнес өкілдерімен, сондай-ақ жастармен кездесті. 

Мәулен Әшімбаев іссапармен Алматы қаласында болды

Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай әлеуметтік бағыттағы жұмыс барысын одан әрі күшейту көзделіп отыр. Соған байланысты мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсетуге бағытталған барлық партиялық жобалар қайта қаралып, олардың өзектілігі арта түспек. Басты мақсат – бұл жобаларды партиялық қолдау көрсетудің мейлінше тиімді құралына айналдырып, сол арқылы халыққа нақты әрі айтарлықтай пайда әкелу.

Сапар аясында Мәулен Әшім­баев ерекше қажеттілігі бар бала­ларға арналған күндізгі орталық бөлім­дерінің біріне арнайы ат басын бұрды. Аталған бөлім «Кедер­гісіз келешек» партиялық жобасын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отанның» тікелей бастамасымен және қолдауымен ашылған болатын. Бүгінде мұнда 30 бала жартылай стационар жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтерді тегін алып келеді. Жалпы, қала бойынша 200 балаға қызмет көрсетіп отырған осындай 3 бөлім жұмыс істейді. Таяуда Жетісу және Наурызбай аудандарынан тағы 2 бөлім ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орын­басары балаларды оңалту және бейімдеу жұмыстары жүргізі­летін арнайы кабинеттерге бас сұқты. Аталған медициналық меке­ме қызметкерлерімен кездес­кен Мәулен Әшімбаев осы саладағы өзекті мәселелерді ше­шу жолдарын талқылады. Өз сө­зін­де ол алдағы уақытта партия ерек­ше қажеттілігі бар жас қазақстан­дықтарды қолдауға айрық­ша көңіл бөлетінін жеткізді. Жүз­десу соңында балаларға «Нұр Отан» партиясының атынан ар­найы сыйлықтар табыстал­ды. Ал орталыққа қазіргі заманғы «Дэль­фа» логопедті жаттығу құралы тарту етілді. Бұл жаттығу құралының кө­­ме­гімен кейбір балаларда кезде­сетін түрлі сурдологопедті мәселе­лер­ді оңтайлы шешуге мүмкіндік бар.

Сапар барысында партия Төр­ағасының бірінші орынбасары Ал­матыдағы ең ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде болып, қаланың шағын бизнес өкілдерімен кездесті. Кәсіпкерлермен еркін пікір алмасып, осы саланы одан әрі дамытудың қыр-сырын талқылаған Мәулен Әшімбаев жақын арада партия тарапынан шағын және орта бизнес саласына айтарлықтай қолдау көрсетілетінін жеткізді. Нақты айтқанда, Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай «Нұр Отан» шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған жаңа жобаны қолға алмақ.

«Нұр Отан» партиясы Төр­аға­сының бірінші орынбасары оңтүстік астанамыздың жастары­мен де арнайы кездесіп, әртүрлі тақы­рыпта әңгіме өрбітті. Кезде­су SmArt.Point коворкинг-орта­лы­ғында өтті. Аталған орталық түрлі стартаптарды жүзеге асыра­тын орын ретінде де белгілі. Бұл жер аптаның жеті күнінде тәулі­гіне 24 сағат жұмыс істейді. Мұн­да сөйлесу бөлмелері, ойынға ар­налған орындар және спорт, конференц-залдары бар.

Кездесуде Мәулен Әшімбаев Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұл­тан Назарбаев ел жастарының жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап отырғанына назар аударып, жас өнертапқыштар мен инноваторларды Елбасының тап­сыр­масына сәйкес «Нұр Отан­ның» ұйымдастыруымен өтетін жас­тар арасындағы дәстүрлі респуб­ликалық инновациялық жобалар байқауына қатысуға шақырды. Осы ретте «Нұр Отанның» жыл са­йын жас өнертапқыштарға өз жо­баларын жүзеге асыру үшін арнайы жүлде тағайындайтынын айта кеткен жөн.

Жастармен кездесу барысында партия Төрағасының бірінші орынбасары алда болатын «Жас Отан» Жастар қанатының съезіне де тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, бұл съезд еліміздегі жастар саясатына жаңаша қарқын беретін ірі іс-шара болады деп күтілуде.

Сапар соңында Мәулен Әшім­баев Алматы қаласының әкімі, пар­тия қалалық филиалының төр­ағасы Бауыржан Байбек бастаған ша­һардың партиялық активімен кездесті. Партия Төрағасының бірінші орынбасары филиалда жаңадан ашылған Office of political analysis кеңсесінің жұмысымен танысты. Бұл жерде сараптамалық ресурс­тарды, әртүрлі болжамдарды және үлгілеулерді жедел басқаруға, олармен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясының алғашқы мультимедиалық музейінде болды. Музей бар болғаны 10 шаршы метр аумақты қамтиды. Оның басты ерекшелігі де осы. Мұнда алдыңғы қатарлы цифрлы технология кеңінен қолданылған. Соның ар­қасында келушілер арнайы LED-экраннан Елбасы, партия Төр­ағасының өмірбаянын тамашалай алады.

Қалалық партия активімен кез­десуде Мәулен Әшімбаев Ел­ба­сының партия қызметін жаң­ғыр­­ту және «Нұр Отанды» ауқым­­ды «қайта жүктеу» туралы тап­сыр­­масы туралы кеңінен айтып, оны жүзеге асырудың басым ба­ғыт­тарын ұсынды.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ