Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

Латын әліпбиі халықаралық деңгейге жақындатады

623 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында көтерілген көкей­кесті мәселенің бірі һәм біре­гейі – латын әліпбиіне көшу. Бұл – жаңа өмірге, соны кеңіс­тік­­ке бастар баспалдақ, өске­лең ұрпақтың ой-өрісі мен дүние­танымының тереңдей түсуіне негізгі алғышарт.

Латын әліпбиі халықаралық деңгейге жақындатады

Үшінші мыңжылдықта қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуының ең басты алғышарты сапалы берілген білім екендігі дәлелденді. Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігіне не­гіз­делген постиндустриялық әлемге қарай қадам басып ке­леміз. Жаһандану жаңа талаптар мен тың бастамаларды талап етеді. Ғаламдық дамудың жаңа кезеңінде латын графикасына көшу мәселесі қажеттілік қана емес, тіліміздің тарихи ерекшелігін сақтау арқылы әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына негіз болып табылады. Сонымен қа­тар латын графикасына кө­шу тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қыс­қар­тып, сол арқылы оның таби­ғи таза қалпын сақтауға мүм­кін­дік береді. Латын әріпі үш тіл­де оқытуды дамытуға да сеп­тігін тигізбек. Мұндай қадам өз кезегінде отандық ғылым­ның жаңа көкжиектерін ашады, жаһандық ғылыми өлшем ба­заларына тезірек кіруге мүм­кіндік туғызады, қазақстан­дық ғалымдардың шетелдік әріп­тестерімен қарым-қаты­насын жандандырады. Өйт­кені адамзаттың көп бөлігі құ­ры­лымы латын графикасына негізделген латын таңбасын қолданады. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, бүгінде дүние жү­зіндегі аса өзекті ақпараттар ағынының 70 пайызы латын графикасымен беріледі. Сондай-ақ бұл озық ғылым мен білімнің яки заманауи инновациялардың және ең бас­тысы Интернет пен ақпараттық технологияларға орай­лас­ты­рыл­ған жұртшылықтың сұра­ныс­тарын санаулы секундтарда қанағаттандыратын Yahoo, Google сияқты заманауи із­деу жүйелерінің де, цифрлы тех­нологияның да негізгі іргетасы.

Үшіншіден, жаңа әліпбиге өту – түркі тілдес елдерді жа­қын­дастыратын маңызды шешім. Түркі халықтарының мә­дениеті, сөздік құрамы латынша жазылғандықтан, оларды зерттеу де тиісінше оңайға түседі. Тарихқа көз жүгіртсек, аталған жазу жүйесін алғаш бо­лып 1928 жылы Түркия қа­был­даса, 1991 жылдан кейін бұл графикаға Түрікменстан, Әзер­байжан және Өзбекстан мем­лекеттері де өткен болатын.

Төртіншіден, латын әліп­биіне ауыса отырып тіліміз халық­аралық деңгейде зор мәр­тебеге ие болады. Соны­мен қатар бұл қадам арқылы киіз туырлықты қазақ өз руха­ния­тының тізгінін өзі ұстайды. Бір бұл ғана емес. Мемле­кет басшысы ұсынған қазақ тілін латын графикасына көші­ру жобасы басқа тілдерде сөй­лейтін адамдарға біздің тілді жыл­дамырақ үйренуді ынталан­дыратын нұсқа ретінде қарас­тырылып отыр.

Қазіргі күннің басты тренді үздіксіз даму, ноу-хау мен инновация болып табылады. Жаңа заманның жастары осындай өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс.

Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор