Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

Жетісу жері қар суының құрсауында қалды

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу алабына биыл көктем ерте келді. Ақпан айының басындағы саршұнақ аяздан кейін күн райы күрт сынып, жылымық сезіле бастады. Ал айдың соңғы аптасында сынап бағанасы бірден көтеріліп, қалың түскен қардың көбесін сөгіп жіберді.

Жетісу жері қар суының құрсауында қалды

Қара күзде жауған мол жаңбырдан кейін, топырақ қабатындағы тоңның қалыңдығы 20-50 сантиметр тереңдікте болғандықтан еріген қар суы сіңбей, жылға-жылғаны қуалай ағып жатыр. Қызыл судың кенеттен көтерілуі тау етегіндегі ауылдарды әбігерге салуда. Әсіресе ойпаңда орналасқан аудандардағы жекелеген үйлердің ауласын су шайып, көшелер тасқынның астында қалды. Апта басында Талдықорған қаласындағы «Қызылтас» саяжайын еріген су шайып кетіп, төтенше жағдай туындаса, Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылдық округі аумағында да бірнеше ауылға қызыл су жайылып, тұрғындар жергілікті биліктен көмек сұрауға мәжбүр болды.

Соңғы екі күн бойына Алматы қаласы маңындағы Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарының бірнеше ауылында судан құтқару жұмыстары толассыз жүріп жатыр. Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ақпанның 27-28 күндері Жамбыл ауданының Ұзынағаш, Қайназар ауылдарындағы жағдай күрделеніп, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған. Қазір аудандағы судан құтқару жұмыстарымен арнайы штаб айналысып жатыр. Абыройы болғанда адам шығыны жоқ. Ал ауласына су жайылып, үйлеріне су кірген тұрғындарға көмек көрсетілуде. Ауылдар тау етегіндегі  орналасқандықтан сел жүру қаупі әлі де жоғары. Аумақтағы өзендер мен дамбалар қатаң бақылауға алынған.

Ал бір тәулік ішінде Талғар ауданында 62 үйдің ауласын су шайып, тұрғындар арнайы техника мен мамандандырылған топтың қызметіне жүгінген. Қарасай ауданында да 82 үйге қызыл су кіру қаупі туындап, тиісті шаралар жасалған. Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек елді мекеніндегі 15 үйдің тұрғындары да еріген қар суының құрсауында қалып, құтқарушыларға қоңырау шалған екен.

­– 27 ақпан күні кешкісін Талғар ауданының Тұздыбастау ауылы маңындағы ойпатқа жиналған қар суының көлемі 50 текше метр асып кетіп, ауыл тұрғындарының өміріне қауіп төндірді. Құтқару қызметі жедел әрекет етіп, қауіпті көшелерден 205 үйдің тұрғындары көшірілді. Мыңға жуық адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Сол сияқты Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында 120 үйді, Қайназар аулында 50 үйді су басу қаупінен сақтандырып, арнайы мамандар түні бойы кезекшілік жасады, - деп хабарлады бізге облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Азамат Жұртбаев.

Қазір облыстың барлық аудандарында арнайы штабтар құрылып, су тасқынына қарсы шаралар қолға алынып жатыр. Ал қар көшкіні қаупі мен ағын су қаптауы мүмкін аумақтарда  облыстық төтенше жағдай департаментінің құтқару отрядтары, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары және ішкі істер органдары қызметкерлері мен әскерилерден құрылған арнайы топ  кезекшілік етуде.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы.