Аймақтар • 28 Ақпан, 2018

Алматы ауруханалары толықтай сандық форматқа көшеді

271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдан бастап Алматы ауруханалары сандық форматқа көшеді. Бұл қағазбастылықтан арылып, жүйе жұмысын оңтайландыруға жол ашпақ. Өткен жылы цифрландыру бағдарламасы аясында барлық медициналық мекемелерде электронды кезек жүйесі іске қосылған.  Саладағы осы және өзге де елеулі  өзгерістер туралы Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы алқа кеңесінің кеңейтілген отырысында  кеңінен айтылды.

Алматы ауруханалары толықтай сандық форматқа көшеді

Фото: checkrx.ru

Жүйе ойдағыдай іске асар болса дертіне дауа  іздеген жандар қаптаған қағаз жинап бас қатырмайды. Бұл емделушіге де, ем берушіге де тиімді.  Дәрігерлер амбулаториялық карталар, сырқатнамалар мен рецепттерді бұрынғыдай қолмен жазбайды. Бірден компьютерге енгізеді. Осылайша, уақыт талабына сай кез-келген азаматтың  денсаулығына қатысты  толыққанды мәліметтер  компьютерде сақталады. Кезекті төмендету үшін емханаларда дәрігердің қабылдауына жазылу тәсілі одан әрі оңтайландырыла түспек. Оған қоса  қала орталығынан шалғай орналасқан ықшам аудандарда бұдан былай жылжымалы жедел жәрдем модулы қызмет атқарады. Цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыруға жергілікті бюджет есебінен 1 млрд 339 млн теңге бөлінген. Жауапты мамандардың сөзінше, Денсаулық сақтау саласын цифрлық жаңғырту мақсатында жыл соңына дейін медициналық ұйымдардың барлығы ақпараттық жүйелермен толықтай қамтамасыз етілетін болады. Бұл мақсатта атқарылып жатқан шаруалар тізбегі де ауқымды. Қаладағы барлық медициналық ұйымдар 100 пайыз компьютерлік техникамен қамтылып, салаға 120 IТ-маман тартылған. Оған қоса   Әкімдік пен Денсаулық сақтау министрлігі арасында жасалған меморандумға сәйкес жыл сайын жергілікті бюджет есебінен компьютерлік техникалар 20 пайызға жаңартылып отырады.

Жиында айтылған сандарды саралар болсақ,  өткен жыл бірқатар жағымды нәтижелермен аяқталған. Қала тұрғындары денсаулығының негізгі индикаторларының оң динамикасы байқалады. Мәселен, нәресте өлімі – 7 пайызға азайса, туберкулезден келетін өлім саны – 8 пайызға төмендеген. Бұл ретте жазатайым оқиғалардан, жарақаттардан және уланудан болатын өлім көрсеткіші – 21 пайызға, қатерлі ісіктен болатын өлім – 7,5 пайызға, семіздіктің таралуы – 24 пайызға, есірткіге тәуелділіктен норкологиялық есепте тұратындар саны – 17 пайызға азайған.

 – Халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету барынша жетілдіріліп келеді. «Электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық нысанда көрсетілген  мемлекеттік қызметтер саны 14,4 есеге өсті. Бір тұрғынға шаққанда электрондық нысанда көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны 15 есеге дейін артып отыр. Былтыр 230 мың науқасты тегін дәрімен қамтамасыз ету үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 13 млрд 314 млн теңге бөлінген. Оның ішінде 465 млн теңге сирек кездесетін дертке шалдыққан науқастарға берілді. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру 73 іс-шара бойынша жүзеге асырылды, олардың ішінен 23 іс-шара осы жылы мерзімінде аяқталды. Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралары 17,7 млрд.т. сомада қаржыландырылды және қаражаттар толықтай игерілді, - дейді Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов.

Алдағы уақытта дербестендірілген медицинаны енгізу бойынша генетикалық секвенирлау, биомедициналық информатика және жасанды интеллект арқылы жұмыс, ауру себебі шыққанға дейін диагнозды анықтау, емдеу бойынша ұсыныстар беру, мақсатты профилактикалық шаралар жоспарлау сияқты бірқатар  мүмкіндіктер артпақ. Пациент пен дәрігер арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін мобильдік қосымшаларды кеңінен пайдалану жұмысы да басты назарда.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ