Қазақстан • 28 Ақпан, 2018

Астанада ортағасырлық діни қолжазбалардың маңызы туралы дөңгелек үстел өтті

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігінің «Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығы» мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының» ұйымдастыруымен «Ортағасырлық діни қолжазбалардың қазіргі діни сананың қалыптасуына әсері» атты дөңгелек үстел өтті.

Астанада ортағасырлық діни қолжазбалардың маңызы туралы дөңгелек үстел өтті

Рухани мәдениетіміздің төлтума мұралары саналатын ортағасырлық діни қолжазбалардың ұлттың діни танымы мен құндылықтарын жан-жақты танытатын еңбектердің орны айырықша. Тамырын тереңнен алатын тарихи жәдігерлердің өткен мен бүгіннің арасындағы алтын арқау ретінде қазіргі діни сананың қалыптасуына ықпалы зор.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының негізгі түйіні де ұлттық дүниетанымды жаңғырту арқылы санаға қозғау салуды көздейді. Бұл орайда әлеуметтік-мәдени феномен ретінде ортағасырлық діни қолжазбалар ұлттық бірегейлікті сақтау мен рухани жаңғыру үдерісінде маңызды орын алады.

Дөңгелек үстелде ортағасырлық құнды қолжазбаларды зерттеп, ғылыми айналымға енгізу мен жарыққа шығару, қазақ тіліне аудару мәселелері сөз болды. Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Масуд шейх Зейнеддин ортағасырлық құнды еңбектердің маңызына тоқталып: «Ортағасырлық діни кітаптардың мұсылмандардың санасына ықпал ететіні анық. Сондықтан осындай дереккөздерден әсерленбес бұрын, көптеген ойшылдардың саналарында өздерінің тарихы, мәдениеті мен өркениетіне қатысты таным қалыптасады. Олар діни дереккөздерді зерттеген кезде өздерінің ой-пікірлерімен сәйкестендіре отырып қабылдайды. Осылайша әр мазхаб пен ұлттың ойшылдары үшін пікір алмасудың қажеттілігі туындайды», деп сөзін қорытындылады.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы директорының орынбасары Әміреқұл Әбуов: «Біз өзімізден шыққан орта ғасырдағы даналарымызды дұрыс насихаттап, дәріптей алмай келеміз. Қазір әлемнің әр түпкіріндегі қолжазбаларды жинап жатырмыз. Соның ішінде әл-Фарабидің қолжазбасы да бар. Негізі әл-Фарабидің біздің жұрттан шыққанын мақтап тұтуымыз керек. Ол туралы фильм түсірілсе жақсы болар еді. Себебі ол біздің ұлттық құндылығымызға айналған тұлға», деді.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы әлемде сирек кездесетін қолжазбалар мен ұлттық байлықтарымызды бір арнаға жинаған қазыналы ордаға айналмақ.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»