Өнер • 01 Наурыз, 2018

Мейірім жасы төгілген кеш (фото)

796 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында сұрқай өмірдің суық сұрақтарына салқын санамен жауап беруге бой үйрете бастаған біздердің жан дүниемізде семіп бара жатқан асыл сезімдерімізді сеңдей соғылыстырып, жүректердің жылуын жанардан төгілткен айрықша кеш өтті. 

Мейірім жасы төгілген кеш (фото)

«Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры бас демеуші болып, «Қазақ радиолары» ұйымдастырған қайырымдылық концерттің аты – «Мың алғыс» деп аталыпты. Шыны керек, радио арқылы да жақынынан адасқан, аурухана төсегіне таңылған, жарық жалғанды бір көруді армандаған не бір шеркөкірек тағырлардың армандарына қол жеткізіп жатқандағын байқай бермейді екенбіз. Кешке арнайы қатысуға келген кейіпкерлердің өткені мен қазіргі жағдайын көзіңізбен көргенде көңіліңіз алай-дүлей, аласапыран күйге түседі. Қайғырасыз, жылайсыз, қуанасыз, тілек тілейсіз...

«Анамды өз көзіммен бір көрсем, шіркін...». Бұл өткен жылдың маусым айында «Жан жылуы» хабарына қатысқан 14 жастағы Дүрдананың сөзі.  Сол эфирден соң қайырымды жандар бір тәулік ішінде оның еміне 500 мың теңге жинап береді. Өзін Ереке деп таныстырған бейтаныс азамат Дүрдананың есепшотына 1 миллион теңге аударады. Осылайша, бір апта ішінде Дүрдананың еміне қажетті 2 миллион теңге толық жиналып, оған  Мәскеуде ота жасалады. Міне, керемет! Ота сәтті болып, Дүрдана аялаған анасын көзімен көреді. Анасымен бірге сахнаға көтерілген Дүрдана жүргізушінің «анаңды алғаш көргенде қандай әсерде болдың?» деген сауалына «ол кезімді сөзбен айта алмаймын» деген сөзін естіген біз де ол сәтті сөзбен айтып жеткізе алар емеспіз...

«Басқа бір жерде қарындасым бар». Бұл жүрегі жылы ата-ананың балалар үйінен асырап алған баланың сөзі. Көкшетудың маңындағы Қошқарбай деп аталатын ауыл тұрғындары бір күнде 11 баланы асырап алыпты. Олардың бүгінгі тұрмыс-тіршілігін, ауылда тайға мініп шапқылаған балалық бақытын алдын ала дайындалған бейне сюжеттен көрдік. Өзіне «Әли» деп қазақша ат алған ақсары баланың «басқа бір балалар үйінде менің қарындасым болды, ата-анам оны да әкеліп бізді қосты, қазір бәріміз біргеміз» деген сөзі айдаһар замананың аузына арбалған құйтақандай қос торғайдайдың шырылындай жан дүниемізді осып өтті. Бірін-бірі іздеп, бірін-бірі пана тұтып, ес көріп... Бірге туғанның бір-біріне тартылыс күші, махаббаты...

Кешке Қошқарбай ауылынан 21 адам келіп, сол балаларды ертіп сахнаға шыққанда Астанаға ауыл көшіп келгендей тұтас залды жылы шуақ кернеп кетті. «Біз балалар үйіне барып, он бір баланы алғанда, қалған балалар бізді де әкетіңіздерші деп аяғымызға оралды. Олар есіктен кіріп келген әрбір ер адамды әке, әйел адамды ана деп атайды. Үміттенеді. Күтеді...» дейді Қошқарбай ауылында тұратын батыр әке.

Кеш жүргізушілері келтірген ресми мәлімет бойынша соңғы екі жылда 48 балалар үйі жабылыпты. 4 мыңнан астам баланы мейірімді отбасылар асырап алыпты. 1862 бала өзінің туған ата-анасының құшағына оралған. Соңғы он жылда балалар үйіндегі сәбилер саны азайған. Бұдан он жыл бұрын елімізде 17 мың жетім бала болса, бүгінде  олардың саны 7 мың екен. Бұған да шүкір дейді екенсің.

«Мәлика жазылып келеді». Бұл анасының сөзі. Он жасар Мәлика жұлынның қатерлі ісігімен дүниеге келген. Анасының баласын аман алып қалу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Израильде ота жасату үшін 55 мың АҚШ доллары қажет болыпты. Үміт арқалап, Қазақ радиосына келген. Мәликаның жағдайы радио арқылы жомарт жандардың құлағына жетіп, ақша да табылып, Аллаға мың шүкір Мәлика дертінен айығып келеді екен. Қандай қуаныш! Көп тілегі көл ғой, ауруынан толықтай айығып, елге қызмет етер азамат болсын деп тіледік. «Жан жылуы» бағдарламасының «Қазақ радиосы» толқынына шыққан 9 айдан бері бағдарлама көмегімен 5 бала шетелде ем алып, 1 көп балалы отбасы 3 бөлмелі пәтерге ие болған және көмекке мұқтаж жандарға 33 млн теңгеден астам қайырымдылық қаражаты жиналыпты.

«Бұл мүмкін емес».  Ең бір әсерлі сәт. Ширек ғасырға жуық бірін-бірі көрмеген ана мен баланың қауышуы. 22 жылдың алдында Қырғызстаннан Қазақстанға келіп, құжаттарын жоғалтып алып, сол беті осы жақта қалып қойған Раиса Николаевна 7 бірдей баласынан көз жазып қалады. Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?»  бағдарламасы арқылы табысқан ана мен баланың сахнадағы кездесуіне жыламаған адам жоқ. Тосын жаңалықты естіген ана сахнада жығылып қала жаздады. Дәл осы сәтте Қазақстандағы Қырғызстан елшілігінен арнайы келген өкіл Алмазбек Қуанышбекұлы сахнаға көтеріліп Раиса әжейдің қалпына келтірілген құжаттарын табыстады. «Бұл мүмкін емес» дейді әже өз көзіне өзі сенбей. Есі шықты, еңкілдеп жылады. Біздің де көкірегімізден көтерілген ыстық ағын, жанарымыздың жиегінен бойлап кеп, төмен қарай сырғи берді.

Жалпы, Қазақстанда жылына ел аман жұрт тынышта 4 жарым мың адам жоғалады екен. Оның 30 пайызы алғашқы 4 тәулікте, 50 пайызы бір айдың ішінде табылса, қалған 20 пайызы сол күйі із-түзсіз кететін көрінеді. 2017 жылы 4 қазанда «Қазақ радиосынан» қайта ашылған «Бармысың, бауырым» . 5 айдың ішінде 353 адамға іздеу салып, оның 32-сі табылыпты.

Бұл кеште осы бағдарламаға хабарласып, осыдан он бес жыл бұрын жоғалған әпкесін тапқан  Мұрат Аманқұловтың да қуанышына да куә болдық. Сонымен бірге көп балалы және сырқат балалары бар отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлаған Темірхан Мәлікұлы сынды азаматтардың жомарттына тәнті болдық. Аурудай ауыр сынақпен арпалысып жүріп аяқтан тұрған Гүлжазираның жігеріне, қиын сәтте жарына тірек бола білген Марғұланға риза болдық. Кішкентай ұлдарының сахнада тұрып «анам ауырмасыншы» деген тілегіне «әумин» дедік. Бар баланың анасы ауырмасын!

Қымбат Досжан, Нәзира Бердалы, Ақбаян Сапарбаева сынды танымал радио бағдарламаларын жүргізушілер жүргізген  бұл кеш әр тағдырға сай әсерлі әнмен әдіптеліп, күймен көмкеріліп адам бойындағы мейірім, махаббат, сағыныш, сүйіспеншілік сынды асыл сезімдердің пернесін дөп басып дүниеде мұқтажға қол ұшын беріп, біреуге жақсылық жасаудан асқан бақыт жоқ екендігін әр көрермен тұла бойымен сезінердей әсерге бөледі. Дүрданамен бірге ән салған Гүлнұр Оразымбетова бұдан былай Дүрдананың бүкіл сахналық көйлектерін өзі алып беретінін жеткізсе, көзі көрмесе де әнін естіп ата-анасына «арманым – Сүндет ағамен бір сахнада бірге ән салу» дейтін Гүлхая Жуашбаевада сол арманына дәл осы кеште жетті. Атақты опера әншісі Сүндет Байғожинмен «Сәуле ғұмыр» әнін шырқап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, Жұбаныш Жексенұлы, Елена Әбдіхалықова, Қарақат Әбілдина, Роза Әлқожа, өнерлі Салықовтар отбасы, Құрмаш Махан, Тамара Асар сынды әншілер де кеш кейіпкерлерімен бірге жүрекке жылулық сыйлардай ән салды.

Әсіресе, Розаның «Мен сені сүйем өмір» әні дәл осы кештің табиғатын ашып, қандай қиын тағдырға тап келсе де мойымаған жігерлі, өмірге құштар, жеңімпаз жандарға көрермен құрметі мен тілектестігін асыра түскендей ерекше сезімге бөледі. Кезінде өзі де мүгедек арбасына таңылған Тамара Асар «Қолдашы мәңгі, Қорғашы мәңгі сол қызды ием, Жаратқан» деп бүкіл жан қуатын сарқа шырқайтын «Сол бір қыз» әнін  арбадағы құрбысы Роза Мұсамен бірге айтқанда өз аяғыңмен жер басып жүрудің қаншалықты нығмет екенін тұтас тұла бой, жұлын жотаңмен сезінесің, тілеуін тілейсің.

«Ол жазылады». Бұл туғаннан үш айдан кейін дәрігерлер екі көзінің көрмейтінін айтқан бір жасар Арманның анасының сөзі. Жылға жуық күлкісін жылауға айырбастаған ана сол Арманын көтеріп осы залға келіпті. Арманның жағдайын алдын ала дайындаған сюжеттен көрген көрермен ішінен қайырымды жандар қолдарын көтеріп қол ұшын беретіндерін айтып жатты.  Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы мен кәсіпкер Ербол Дайрашов Арманның еміне жұмсалатын қаржыны өз мойындарына алса, тағы бір азамат барып келу шығынын төлеп беретінін жеткізді. Ал, кеш соңында бүкіл жұрт Арманның еміне көмек беру үшін қойылған арнайы жәшіктерге ақша салуға ағылды. Керемет кештің әсерінен қайырымдылық жасауға ұмтылған қалың нөпір үш жерден қойылған жәшікке ақша салуға ұзын сонар кезекке тұрды. Иә, Алла сәтін салғай, ол жазылады.

Халықаралық ұйымдардың бірі жыл сайынғы қайырымдылық индексін есептеп шығару үшін әлемнің 140 елінде зерттеу жүргізгенін тілге тиек еткен жүргізушілер сол зерттеу бойынша қайырымды елдердің алғашқы бестігіне былтыр Индонезия, Кения, Жаңа Зеландия және Америка құрама штаттары енгенін, ал, қайырымдылық жасаудан бірінші орынға соғыс пен дағдарыстан көз ашпай отырған Мьянма елі шыққанын айтты.  Әлемдік қайырымдылық индексі бойынша 2017 жылы Қазақстан 140 мемлекеттің ішінде 87-ші орынға табан тіреген. Әттең, кешегі жесірі жыламаған, жетімі қаңғымаған қайырымды қазақ жұрты тым болмағанда алдыңғы 40-тың жуан ортасынан көрінсе еді-ау дейді екенсің мұндайда.

Иә, бұл игі шара бұдан екі жыл бұрын Елбасы жариялаған жаңа мереке – «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастырылды. Мейірім мерекесі құтты болсын!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»