Қазақстан • 01 Наурыз, 2018

Рахмет саған, Ұлы Дала елі!

2811 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Рахмет саған, Ұлы Дала елі!

Қазақстан қашаннан да ұлттар достығының алтын бесігі саналды. Айрандай ұйыған татулық пен бірліктің, ынтымақ пен берекенің ұйытқысы бола білді. Қазақ халқы өзінің даласының кеңдігіндей, бабасының өрлігіндей дархан халық. Тағдырдың түрлі сынағын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағылып келгенде, бауырмалдық танытып, барша жұрттың баласына құшағын кең ашты. Олар қазақ даласында өсіп-өркендеп, кеңге қанат жайды. Сан тарау тағдырлар көктемде бүр жарған гүлдей осы құтты даладан бақыт тапты. Сондықтан көктем мезгілінің алғашқы күні алғыс күні деп жариялануы тегін емес. Бұл күн қоршаған әлеміңе, жақындарыңа жүрегіңнен шыққан жарқын тілегіңді жеткізіп, ақ адал алғысыңды білдіріп, Отан ананың перзенті екеніңді сезіндіретін күн.

Нағыз алғыс – жылы жүректен, риясыз көңілден шығатын әдемі сезім. Бұл адам баласының бүкіл жан дүниесінің айнасы іспетті. Ортақ Отанымызды мекендеген түрлі этнос өкілдерінің барлығы бұл күні қасиетті қазақ даласына, бауырмал қазақ халқына алғысын білдіреді. Қысылтаяң күн туғанда тарыдай бытырап келгендерді қонақжайлықпен қарсы алуы қазақ жұртының жүрегінің дариядай кеңдігін аңғартса керек. Олар осы жақсылықтың барлығын алғыс алу үшін емес, адамдар арасындағы ізгілік пен жанашырлықтың керуені тоқтамасын деп жасады. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейтін хакім Абай сөзінен терең тамыр алған әр қазақ баласы обал мен сауаптың, жақсы мен жаманның парқын бір кісідей біледі.

Бабаларының ата-жұртында шат-шадыман өмір сүріп жатқан менің аталарым да басқа күрдтер сияқты өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары ел басына екіталай күн туғанда, сол кездегі саясаттың, халықтар арасындағы қақтығыстардың салқынымен туған топырағын қиюға мәжбүр болыпты. Ол кезеңдерде күрдтердің бір бөлігі Әзербайжанды, енді бір парасы Грузия мен Арменияны паналады. Бас біріктіріп, туған топырағына қайта оралар деп қауіптенген Сталин 1937 жылы халқымызды тарыдай бытыратып жан-жаққа көшірді. Тарих парағында ашылмаған қаншама қатпарлы сыр бар. Жұртымыз жан аярлық ауыр халді бастан өткерді. Қыс айларының қақаған аязында өзімен бірге дүние-мүлкін де алып кетуге рұқсат бермей, вагондарға тиеп Орталық Азияға аттандырады. Жол азабынан қаншама қарттар мен бейкүнә сәбилер қырылды. Осындай жүк вагондардың бірімен менің ата-анам да өздері үшін мүлде бейтаныс Қазақстанға келді. Өздері де қиын күйді бастан өткеріп жатқан қазақтар ештеңеге қарамастан, ашыққанға жарты нанын бөліп беріп, тарыққанға шекпенін шешіп берді, енді бірі өз үйлеріне паналатты.

Сексенінші жылдардың соңында армяндар мен әзербайжандар арасындағы қақтығыс өршіп тұрған шақта, бұған мүлде қатысы жоқ күрдтердің басына ала бұлт үйірілді. Өйткені күрдтердің Алиев, Мамедов деген сияқты бірқатар фамилиялары әзербайжандарға ұқсайтын. Біздің халықты негізсізден- негізсіз әзербай­жандар деп санағандықтан, қайта мекен ауыстыруға тура келді. Біз Қазақстанды таңдадық.

Бұл кезде әкем дүниеден өткен. Анамның сондағы айтқан бір ауыз сөзі әлі күнге есімде. Ол маған қарап тұрып: «Қазақстанға кеттік, ол жердің халқы өте жақсы, басымызға іс түскенде олар бізге көмек қолын созған болатын» деген еді. Бір жағынан осында тұрып жатқан таныс күрдтер де бар еді. Олардың ішінде күрдтерден шыққан тұңғыш академик Надир Надиров, халыққа қадірлі ақсақал Апе Зия Бадырхан, Қазақстанның құрылыс саласының майталманы Ширин Мустафаев сияқты азаматтар болатын. Олар­дың барлығы Қазақ елінде елеулі еңбек етті, Қазақ­станды Отаным деп санады.

Қилы кезеңдерде жан-жаққа шашыраған халқымыз әр ұлттың арасында жүріп өзінің ата-дәстүрінен, ана тілінен ажырап қала жаздағаны бізді қатты алаңдатты. Осы олқылықтың орнын толтырып тарихымызды тіріл­тіп, ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты өз қауым­дас­тығымызды құрдық. Тамырымызға қайта қан жүгіргендей болды.

Халықтардың бірлігін сақтап, достығын нығайтуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Ассамблея көптеген дәстүрлер мен мәдениетті бір арнада тоғыстырған біздің ортақ үйімізге айналды. Қасиетті қазақ жазирасын мекендеген барша қандастарымның атынан Ұлы Дала еліне, Елбасына риясыз көңілден алғыс білдіремін. Бәріміздің ортақ мақсатымыз Қазақстанымыздың гүлденуі болашақ ұрпақтарымыздың жарқын өмірі.

Рахмет саған, Ұлы Дала елі...

Князь МИРЗОЕВ,

«Барбанг» Қазақстан күрдтері қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, академик

* * * * *

Алғысым шексіз

Әрбір адамның өзінің ерекшелігі, қызығушылығы мен сенімі бар. Бірақ біздің барлығымызды бір нәрсе біріктіреді. Бұл – тату-тәтті өмір сүруге деген құлшыныс. Осы үшін бізге бір-бірімізге деген толеранттылық пен төзімділік ауадай қажет. Алғыс айту күнінің ең негізгі мақсаты осы болса керек.

 Мен бүгін барша Қазақстан халқына, осында тұратын күллі азаматтарға бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқанымыз үшін алғыс айтқым келеді. Мұның барлығы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мүмкін болып отыр.

Менің ұлтым – татар, жолдасым – орыс. Ұлты­мыз әртүрлі болғанымен бұл біздің отбасын құрып, бала тәрбиелеуімізге кедергі келтірген жоқ. Жоғары білімді Ресейде алдым, бірақ бұл менің Қазақстан­да өмір сүріп, жұмыс істеуіме еш қиындығын туғызған жоқ.

Біздің қоғамда ұлтына, наным-сенімі мен білім деңгейіне қарамастан, адамдар бір-біріне құрмет­пен қарайды. Мен Елбасының «Бұл күн барша қазақ­стан­дықтың бір-біріне деген мейірімділігінің, достығы мен құрметінің жарқын мейрамына айналуы тиіс» деген сөзімен толықтай келісемін. Осындай кеңпейілді халықтың арасында өмір сүріп жатқаныма әрқашанда алғыс айтамын.

Елена МАКСЮТА,

Жоғарғы соттың судьясы